Бүгінгі таңда елімізде 154 балалар үйі бар. Ондағы жетім балалардың саны 100 мыңнан асып жығылады. Біздегі жағдай да көңіл көншітпейді. Облыс-та 5 мемлекеттік, 1 жекеменшік балалар үйі болса, онда 387 тастанды бала тәрбиеленуде.
Осы ретте жетімдердің санын азайтып, жас аналардың сәбиінен бас тартуына жол бермеу мақсатында еліміздің түпкір-түкірінен «Ана үйі» деп аталатын кризистік орталықтар ашылып жатыр. Сондай орталықтың бірі облыс орталығы Шымкентте де бой көтерді. Орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы жас аналардың жағдайын білу мақсатында аналар үйіне жол тарттық.
Орталықтың ауласына кіріп барғанымызда көзіміз бірден қоларбада жатқан балақайларға түсті. Мұнда бірінші рет аяқ басқан адам балабақшаға тап болдым деп ойлауы мүмкін. Себебі, ауладан шаттана күлген сәби үні мен іңгәлаған нәрестенің дауысы естіледі. Ал, есік алдында кішкентай балақайларға арналған ойын алаңшасы, ойыншықтар, қоларбалар мен жаялықтар ілулі тұр. Алайда мұнда оң босағада отырып жүкті болған бойжеткендер мен баласын балалар үйіне өткізуге көзі қимаған қыз-келіншектер қоныс тепкен екен.
Бізді қарсы алған орталық директоры Оксана Браткова ақ жарқын мінезді жан екен. Аналар үйін аралатып, таныстыруға қолқа салған едік, ол кісі ойланбастан-ақ келісе кетті.
– Үйде ана мен бала үшін барлық жағдай жасалған. Бір бөлмеде екі ана баласымен тұрады. Дәліздің оң жағында асхана бар. Онда аналар өздері ас пісіріп, нан жабады.
Сол жақ бетінде ойын бөлмесі орналасқан. Мұнда мерекелік шаралар өткізу үшін музыкалық құралдармен жабдықталған зал да бар. Теледидар көруге арналған арнайы орын да табылады.
Психологиялық жеңілдететін сенсорлы бөлме мынау. Психолог қызмет алушылармен қалай сөйлесетінін, психологиялық ахуалын қалай қалпына келтіруге тырысатынын айтып берді: «Мен мұнда келгендердің адам қатарына қосылып, дұрыс өмір сүріп кетуі психолог маманына байланысты екенін жақсы түсінем. Сондықтан, алдыма келген адаммен мойнымдағы жауапкершілікті сезіне отырып сөйлесемін. Түрлі жолдармен өткен өмірін айтқызып, бойларын жеңілдетіп, жаңаша тіршілік бастауға серпін бергім келеді. Бойларындағы әлсіздікті жеңуге қол ұшын созсам деймін. Және көбіне осы мұратымның үдесінен шығатыныма қуанамын», – дейді ол.
Аралап келеміз…
Үйдің ауласында үлкен бау-бақша бар. Онда түрлі жеміс ағаштары егілген. Мұнда хауыз да, монша да бар. Балаларға арналған ойын алаңшасы да кең екен. Оксана Браткованың сөзіне сенсек, мекемедегі жас аналардың саны күн сайын өзгеріп отырады. Себебі, мұнда патруль қызметінен, перзентханалар мен перинаталдық орталықтардан әр күн сайын екі-үш адам жеткізеді. Алайда, олардың барлығы дерлік бұл орталықта қала бермейді. Себебі, бірі ата-аналарының дегенінен шыға алмай сәбиінен бас тартып жатса, ал екіншілері жұбайларына қайтып барады.
– Өмірде түрлі жағдай болады. Қыздардың бірі сезімнің жетегіне еріп, жүкті болып жатса, енді бірі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдай алмай баласын алып, үйінен кетіп жатады. Көп ұзамай қиындыққа төзбей, баласынан безінуге мәжбүр болады. Салдарынан еліміздегі балалар үйі тірі жетімдермен күн санап толығуда. Осы ретте әйелдерге әлеуметтік, рухани, материалдық көмек беруге асыққан жаны жомарт жандар еліміздің түпкір-түпкірінен жас аналарға арналған кризистік орталықтарды ашып отыр. Үйдің басты мақсаты бауыр еті баласынан бас тартуды ойластырып жүрген аналарды райынан қайтару, жетімдердің санын азайту. Біздің үйде жас аналар мен олардың балаларына барлық жағдай жасалады, ең бастысы баладан бас тартпаса болғаны, — дейді қыздардың қамқоршысы.
«Әйел – өмірдің шамшырағы» деп әспеттесек те, ашылғанына небары 4 ай болған үйді бүгінгі күнге дейін 12 бұрымды паналаған. Олардың 6-уының ата-анасымен, туған-туысқандарымен жұмыс жүргізіліп, олар нәрестелерімен үйіне оралыпты. Ал, бір бойжеткен баласынан бас тарту туралы шешімін өзгертпегені үшін орталықтан шығарылған. Қазір мұнда 5 бойжеткен тұрып жатыр екен. Төртеуінің баласы бар, ал біреуі жүктіліктің соңғы айларында. Бүгін-ертең босануы керек. Тағдырларының тұзы жеңіл болды ма, ойнап жүріп от басты ма кім білсін?! Әйтеуір, байқағанымыз мұнда пана іздеп келген нәзік жандылардың басым көпшілігін кәмелет жасқа толмаған бойжеткендер құрап отыр.
Орталықты аралай жүріп, осындағы екі жас анамен танысып, сөзге тарттық. Олар газетте аты-жөндерін көрсетпеуді өтінген соң, кейіпкерлеріміздің есімдерін өзгертіп беруді жөн көрдік.
20 жасар Мөлдірдің бұл орталықта жатқанына төрт ай болған. Қазығұрт ауданында туып-өскен бойжеткен бесіктен белі шықпай алып қашудың құрбаны болған. Алайда, жұбайы ішімдікке салынып, таяқ астына жыққан. Жүктілігіне қарамастан жұдырық ала жүгірген жолдасының қорлығына шыдай алмаған жас келіншек ажырасуға бел буады. Бірнеше ай бойы пәтер жағалап, жалдамалы жұмыс істеп, өз күнін өзі көрген. Жақындарынан қолдау болмаған соң өмірден түңіліп, баланы перзентханаға тастап кетуді ойластырады. Алайда, перзентханадағы мамандар Мөлдірге аналар үйіне баруға кеңес береді.
Ал, Айдана сүйген жігітіне алданып қалған қыздардың бірі. Оң босағада отырып жүкті болып, жалғыз қалған Айдананың кризистік орталыққа келгеніне бір айдан асқан. Он алтыға толмай ана атанған кейіпкеріміз сәбиінің әкесін еске алғысы жоқ. Айтуынша, сүйген жігіті де, туған ата-анасы да жүкті екенін білгенде одан бас тартқан. Алайда, Айдана бауыр еті баласынан безінбеді. Керісінше, қиындықтан шығудың жолдарын қарастырып, болашаққа сеніммен қарап отыр.
Екі кейіпкеріміз де орталыққа келгендеріне өкінбейтін сияқты. Айтуларынша, мұнда оларға барлық жағдай жасалған. Қарындары тоқ, көйлектері көк. Уайымы жоқ. Балалары да қасында. Ендігі жерде оқуларын жалғастырып, білімін жетілдіргілері бар. Үй қожайынының сөзіне сүйенсек, оған толық мүмкіндік бар.
Айта кетейік, елімізде қорғансыз әйелдерге пана болатын орталықтар саны – 17. Ал ауыр жағдайға тап болып, баладан бас тартуды ойластырып жүрген әйелдер саны әр қалада жыл өткен сайын артып келеді. Бұл – қоғамдық түйткілге айнала бастады. Сондықтан да бұл мәселеге бей-жай қарауға әсте болмайды.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
P.S: Өмірге нәресте әкелген соң, ер азаматынан, жақынынан қолдау таба алмай жалғыз қалған әйелдің баспанасы, қамқоршысы болғаны жақсы. Бірақ, қоғамда жалғызілікті әйел мен жетім баланың болмағаны одан да жақсы.