Өмірде қорықпайтын адам жоқ шығар, сірә. Біріміз қараңғыдан қорықсақ, енді біріміз жыланнан, судан, оттан қорқамыз. Өзгелерге білдірмеуге тырысқанмен, ішкі жан дүниеміздің түпкіріндегі қорқыныш сезімі біздің дегенімізге бағынбай, күн санап арта түседі. Психологтар үрей туғызатын құбылыстық әсердің қай-қайсының да мезгілдерінің уақтылы, сатылы, қайталамалы, созылмалы, қысқа көріністі, сезімдік бейнелі болып келетінін айтады. Адамның басқаруының тысындағы бұл үрей фобия деп аталады. Әлемде фобияның 40 мыңға жуық түрі бар екен. Бүгінде оның 10 мыңға жуық түрі кеңінен таралған. Соның ішінде, ең жиі тарағаны клаустрофобия, агорафобия, зоофобия, акрофобия, аутофобия, никтофобия.
Танатофобия – өлімнен қорқу. Әр адамның бойында бар. Өлімге бас тіккендердің өзі жарық дүниені қимайтыны белгілі.
Үрей, қорқыныш жүйкесі жұқа адамдарға үйір. Себебі, адамның ең сезімтал ағзаларының бірі – жүйке жүйесі. Өмір тәжірибесі көрсеткендей, түрлі жүйке ауруларына, психикалық сырқатқа көбінесе жоғары қызметте, кеңседе қағаздармен, есеппен көп жұмыс істейтіндер, өмір бойы көп қиыншылық, жоқшылық көріп келе жатқан адамдар ұшырайды. Солардың ішінде еркектер 35 пайыз болса, әйелдер 45, кейде 50 пайызға дейін жетеді. Дүние жүзіндегі бірқатар психологтардың айтуынша, адамдар мұндай жағдайда өзіне-өзі көмектесуі қажет.
Айтпақшы…
Үрейленулерден болатын психикалық ауытқу адамды ерте қартайтады екен. Американың Бригам Янг есімді дәрігері осындай қорытындыға келген. Америкалық дәрігер 42 мен 69 жастағы 5000 әйелдің қан үлгісін тексеріпті. Нәтижесінде фобиямен ауыратын әйелдер мен науқастардың арасында қартаю жағынан алты жылдық айырмашылық бар екені анықталған.
Түйін:
Үрей, қорқыныш сана-сезіміңнен шықпай, сонда орнығып алатын мәңгілік құбылыс емес. Оны жеңуге болады. Тек кез-келген қорқыныш, үреймен батыл түрде күресе білу қажет.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ