Шымкент шахматшыл қала…

фото Отырар.кз

Шымкентте әуесқойлар арасында шахматтан іріктеу турнирі өтті. ҚР Парламенті Сенатының бастамасымен Қазақстан шахмат федерациясы, Шымкент қаласы мәслихатының ұйымдастыруымен өткен турнирге қатысуға 120 – дан аса өтінім келіп түскен. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жарыстың жартылай финалдық кезеңіне жолдама алды.

55 жастағы Сейджон Жаханов шахматтан алғаш рет үлкен турнирге қатысып отыр. Әуесқой шахматшы іріктеу турнирінде 9 кездесу өткізді. Ол тартысты өткен жарыста бір жеңіліс, 8 жеңіспен үздік атанды.

Сейджон Жаханов, жарыс қатысушысы: «Шахматты қатты ұнатамын. Жас кезімнен қызығып келемін. Бүгін жарыс өте жақсы өтті. Қарсыластар өте мықты, бірақ Алла бүгін маған бұйыртқан екен. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет деп айтамыз. Қуаныштымын!»

Шахматтан алғаш рет өткізіліп отырған «Senat Open» іріктеу турнирінде 100-ден астам адам бақ сынады. Қатысушылар жеке және командалық құрамда сайысқа түсті. Командалық есепте. Ал командалық есепте 1-ші орын Әл-Фараби ауданы, 2-орын Абай ауданы, 3-ші орын Қаратау ауданына бұйырды. Барлық шахмат ойынына қатысқан жеңімпаздарға арнайы диплом, медаль табыс етілді.

Алтын Есіркепова, «Қазақстан Шахмат Федерациясы» РҚБ ШҚФ атқарушы директоры:
«Шымкент шахмат қаласы деп айтсақ болады. Шымкенттен өте көп громсмейстерлер, халықаралық шеберлер шыққан. Шахмат сүйер қауым өте көп болғандықтан, «Шахматшыл қала» деп айтуға болады. Бұл турнирдің маңыздылығы – шахмат ойнайтын кәсіпқойлардың арасында емес, қоғамдық белсенділер, депутаттар, ардагерлердің шахматты дамытуға үлесін қоса алатындығын көрсету».

Іріктеу турнирінен өткен 25 шахматшы 18 маусым күні өтетін жартылай финалға қатысады. Үшінші мегаполисте Жамбыл, Түркістан, Қызылорда қаласынан келген 100 адам жарысады. Ал Астанаға қаласында өтетін финалдық ойында 25 адам бақ сынайды. «Senat Open» турнирінің кубоктық ойыны тамыз айында болады.