«Қыздарыммен араласып тұрамын»

Мұхит ӘЛІ, кәсіпкер
Мұхит ӘЛІ, кәсіпкер
Мұхит ӘЛІ, кәсіпкер

– Мұхит Оралбайұлы, талай жыл билік ісіне етене араласып едіңіз. Бүгінде ел сізді жоғалтып алды. Қайда жүрсіз? Немен айналысудасыз?

– Билікке келмес бұрын бизнеспен айналыстым. Қазір сол ісімді қайта қолға алдым. Бүгінгі таңда ауылшаруашылығы саласын, соның ішінде мал басын көбейту, одан алынатын өнім көлемін арттыру, сондай-ақ, егін шаруашылығы бойынша да бірқатар жұмыстарды қолға алдық. Нәтиже жаман емес. Талай жылдар бойы билікте жүріп, әсіресе ауылшаруашылығы саласы жақсы дамыған аудандардың басшылық тізгінін ұстауымның арқасында осы сала бойынша жинаған тәжірибем бүгінгі ісіме үлкен септігін тигізуде. Қысқасы, Оңтүстіктен ешқайда алыстап кеткенім жоқ.

– Сайрамға талай жыл басшылық жасағаныңызда сізді сынағандар көп болды. Әсіресе тілшілер қауымы кезекпен жазған еді. Әріптестерімізге өкпелісіз бе? 

– Өмірде сыни пікірді айтпаған және оны естімеген адам жоқ шығар. Біз кез келген жайтқа қатысты өз ой пікірімізді білдіре аламыз. Оған еш шектеу жоқ. Рас, мені сынағандар көп болды. Бірақ, ол үшін тілшілер қауымына ренжігенім жоқ. Қайта керісінше, алғысымды айттым. Өйткені өзіміздің көрмейтін, білмейтін кейбір қателігімізді қолына қалам ұстаған маман иелері ашық жазып, баса айтты. Міне, сондай сыни пікірлерден соң түзелуге тырысасың.

– Демек, сізді сынды дұрыс қабылдайтындардың қатарына жатқызуға болады ғой…

– Біреулер бар, өзі туралы «антипиар» тараса, бірден бұрқан-талқан болып шыға келеді. Жалпы сын дегеніміз – өсудің, жетілудің, өркендеудің төте жолы ғой. Бас-тысы, айтылған сын негізсіз болмағаны абзал. Міне, сонда ғана ол пікірге сай түзелуге болады. Жасыратыны жоқ, мына заманда сыни көзқарасын әркім әртүрлі пиғылмен жеткізетін де сәттер орын алып тұрады. Бірі сенің кемшілігіңді көріп, келесі жолы оны қайталамауыңды, түзелгеніңді қалап, жанашырлықпен айтса, екіншісі көңіліңе тиіп, дүйім жұрттың алдында абыройыңа нұқсан келтіргісі келеді. Бұл — шындық. Мен ондайларды айтаққа еріп, қолшоқпар бола кететіндердің қатарына жатқызамын.

– Түркістан қаласы мен Төлеби, Сайрам аудандарына әкім болдыңыз. Сіз үшін қайсысын басқару қиынырақ болды? 

– Әр істің өзіндік қиыншылығы болады. Жауапкершілігі де әрқалай. Мойныңа жүктелген соң абыроймен атқарғың келеді. Солардың ішінде Түркістан қаласына әкім болған кезім өзіндік ерекше естелікке толы болды. Тұтастай бір қалаға, халқы тығыз орналасқан рухани астанамызға басшылық жасау мен үшін қиындау болды. Оның үстіне Түркістанға барғанымда басшылық қызмет бойынша тәжірибем де жоқ еді. Уақыт өте ол қызметте де біраз нәрсені үйрендім. 2,5 жылдай уақыт әкім болған соң өзімнің туған жерім Төлеби ауданына басшылыққа келдім. Кейінірек Сайрам ауданының басшылық тізгіні тапсырылды. Одан кейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында жұмыс жасадым.

– Мемлекеттік қызметке қайта келгіңіз келмей ме?

– Шынымды айтсам, ол туралы ойланбаппын. Егер ұсыныстар түсіп жатса, көре жатармыз. Дәл мына салаға келемін деп айта алмаймын. Бәлкім билікке, мемлекеттік жұмысқа қайта оралмайтын да шығармын. Болашаққа болжау жасап, алдағыны кесіп айту да қиын. Ертеңгі күннің қалай боларынан бейхабармыз.

– Бізде кей кәсіпкер ел үшін игі іс жасаса, дүйім жұртты жинап алып сүйінші сұрауды әдетке айналдырған. Шымкентте «Қапал» батырға арналған ескерткіштің бой көтеруіне сіздің демеушілік жасағаныңызды білеміз. Бірақ, ол туралы көп айта бермейсіз. Неліктен? 

– «Біреуге жасаған жақсылығыңды, біреудің саған жасаған жамандығын ұмыт» деген бар емес пе? Мен осы бір ұғымды санама құйып өскен азаматпын. Рас айтасыз, бүгінде кейбір азаматтардың жасаған жақсылықтарын міндет етіп, игі ісін күл-талқан етіп жатқан жайттарын естіп те, көріп те жүрміз. Әрине, оларға пәлен деп ешнәрсе айта алмаймын. Әркімнің өмір сүру принципі әрқалай. Тек білерім қолыңдағыны өзгелермен бөліссең, барың берекелі болатыны анық. Өзіме келер болсам, бүгінгі күнге дейінгі жиған-тергенім шүкір деп айтайын, өзіме, отбасыма жетеді. Тек оны сандықтың ішіне сақтағаннан не пайда? Күндердің күнінде бәріміздің де баратынымыз бір жер. Ешкім дүниесін өзімен бірге алып кетпейді. Міне, сол себепті қолдан келгенше көмек қолын созып отыруды өзімнің азаматтық парызым санаймын.

– Мұхит Оралбайұлы, азаматтық ұстанымыңыз жақсы екен. Дегенмен қойылған сұрақтарға толықтай жауап алу — біздің сұхбатымыздың негізгі мақсаты. Ендеше, ел үшін жасаған игі істеріңіз туралы атап өтсеңіз…

– Қапал батыр ескерткішіне демеушілік жасағаным рас. Сонымен қатар ұлы батырымыз туралы кітаптардың жарыққа шығуына да мұрындық болғанмын. Қазақта «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар емес пе? Тек Қапал батыр емес, сонымен қатар ата-баба рухына бағыштап ас беріп, өзім туып-өскен ауылға мешіт салып бергенмін. Жерлестерімнің айтқан өтініштері бойынша түрлі әлеуметтік мәселелерінің де шешілуіне қолдан келгенше себепші болып жүрмін.

– Кезінде жеке өмірі елдің аузында жүрген шенеуніктердің бірі болдыңыз. Яғни, екінші рет шаңырақ көтеріп, көпшілікті таң қалдырып едіңіз. Алғашқы некеден туылған перзенттеріңізбен араласып тұрасыз ба? 

– Әуелі Алланың бұйыруымен, кейін өзіміздің қалауымызбен екінші мәрте шаңырақ көтердік. Несін жасырайын, алғашында бұл некеге таңырқап қарағандар да болды. Өйткені жас ерекшелігіміз 35 жас еді. Бірақ соған қарамастан біздің шешімізге ешнәрсе кедергі бола алмады. Шүкір, бүгінде 4 ұл тәрбиелеп отырмыз. Ұлдарым балабақшаға барады. Кенжеміз 5 айлық. Қыздарыма келер болсам, әрине, араласып тұрамын. Тіпті тығыз байланыстамыз. Өйткені мен олардың әкесімін.

Қыздарым аяқтан тұрған, көмектерін беріп келеді. Жақында қаладан үй сатып алып берді. Керек кезінде ақылымды, бағыт-бағдар көрсетуімді сұрап тұрады.

– Үйдегі жеңгеміз туралы айта кетіңізші… 

– Ол кісі жоғары білімді. Қазір жұмыс жасамайды. Әйел азаматы үшін үй шаруасының өзі жетіп артылады ғой. Оның үстіне бала тәрбиесі де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өзім жұмысбасты болған соң көбіне түзде жүремін.

– Ұлдарыңыздың кім болғанын қалайсыз?

– Дәл мына саланың тізгінін ұстаса дей алмаймын. Бастысы жақсы білім алып, жақсы азамат болып өссе болды. Әке ретінде амандығын тілеймін. Өмірдің сан соқпалы тосқауылына төтеп беріп, ешкімге алақан жайып, мұқтаждық көрмесе деймін. Қолдан келгенше әкелік парызымды орындап, қолдау көрсетуге тырысамын.

– Сырлы сұхбатыңызға рахмет!

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ