Аягүл Мантаева – Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Байқоныс ауылында дүниеге келген. 2009 жылы «Жалын» баспасынан «Жаңбырлы көктем» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. Ол «Серпер» Жастар сыйлығының лауреаты, Баққожа Мұқаи атындағы әдеби байқаудың жүлдегері. 2010 жылы Әдебиет номинациясы бойынша Президент стипендиясының иегері.
– Қолыңызға қалам алып, жазушылыққа, журналистикаға бет бұруыңызға не түрткі болды?
– ҚазҰУ-де оқып жүрген кезім. Сабақ түскі 14-00-де басталатын. Бірінші сабақ орыс тілі. Сағат түскі бірлер шамасында орыс тілінен үй жаттығуын орындайын деп отырсам, ойымнан нағашымның он жеті жасында қайтыс болған Ақбаян есімді қызы шығар емес. «Ол жер астында жатыр, ал мен студентпін» деп, оның алдында өзімді тірі жүргенім үшін кінәлідей сезіндім. Ақбаянның бейнесімен қоса, көз алдымнан балалық шағым, нағашымның үйі, жайқалған алма бақ, алманы доп етіп ойнағанымыз бәрі-бәрі тізбектеліп өтіп жатты. Орыс тілінен үй тапсырмасын орындаймын деген ниет жайына қалды, «шабыт қысып» жазып жатырмын, жазып жатырмын, тоқтайтын түрім жоқ. Сағатқа қарасам, екіден әлдеқашан асып кетіпті. «Екінші сабаққа барам» деп қоям. Қайдағы, сабақ? Сол күні сабақ жайына қалды. Бітіріп, бір-ақ тыныс алдым. Сол сәтте мен өзімнің әңгіме жазғанымды білгенім жоқ. Кейін «Ақ желкенге» ұсындым. Тақырыбын өзімнің қалай қойғаным есімде қалмапты. «Ақ желкенде» көп өтпей жарияланды. Бірақ редакция атын өзгертіп жіберіпті. Кейіннен ол әңгімем кітабыма «Балалықтың көктемі» боп енді. Кітабыма алғы сөз жазған Дулат Исабеков: «Бәрінен сол әңгімең ерекше ұнады, тым табиғи екен. Әсіресе, «асқабақ» атанған қызға біраз күліп алдым» деді.
…Студенттердің бәрі «Сен жазушы екенсің ғой, «Ақ желкеннен» әңгімеңді оқыдық» деп шулап жатыр. Кітапханаға барып, журналды қарасам, тақырыптың астында «әңгіме» деген сөз айқайлап тұр. Шынымды айтайын, мен ол кезде «жазушы боламын» деп алдыма мақсат қойғаным жоқ. «Жазушылықпен ауырдым» деп өтірік көлгірси де алмаймын.
– Сіз жазған кейіпкерлердің өмірде прототипі бар ма?
– Мен жазған әрбір әңгіменің басты кейіпкерінің өмірде прототипі бар. Мысалы, «Жауһардағы» Жауһар менің ең жақын құрбым. Ол он тоғыз жасында ауылына кетіп, қалаға қайтып оралмады. Өз-өзіне қол жұмсады. «Менің өліміме әкем кінәлі» деген жалғыз сөйлеммен хат жазып, қалдырыпты…
Бірде Астанада тұрғанымда пәтердің терезесінің алдына аппақ құс ұшып келіп, күнде қонатын. Сосын маған адам секілді үрікпей, ұзақ қарап отыратын. Бір қызығы, сол аппақ құс мен үйде болмағанда келмейді екен. Қасымдағы қыздар «Сол құс сені іздеп келеді ғой деймін, сен үйде жоқта келмейді, сенің үйде жоғыңды қалай сезеді?» деп таңғалатын. Сол құс менің түсіме де кіріп, аспанға ұшырып әкететін. Кейін «Ақ құс» деген дүние жаздым. Сол дүниеде жан құрбыма деген сағынышымды жеткізем. Құрбыларым «Кітабыңа енгіз, жақсы новелла» дегенімен мен оны таза әдеби дүние деп ойламаймын. Сондықтан бір газетте жарияланғанымен, «Жаңбырлы көктем» атты кітабыма енгізбедім және алда шығатын кітабыма да енгізу ойымда жоқ.
Мен достыққа өте үлкен талаппен қарайтын адаммын. Өзі менің досым да көп емес. Адамдардан көбіне қашып жүремін. Ал ең жақын құрбыңның өлімі – трагедия. «Трагедияның» басты кейіпкері өмірде болмағанымен, сол «траге-дияда» сенің ойнайтын өз рөлің бар. Сен ол рөлді сұрап, қалап алғаның жоқ, бірақ еркіңнен тыс бұйырды.
Шығармашылық орта жылы қабылдаған әңгімелерімнің бірі – «Депрессияның» басты кейіпкері Айкөркем бала кездегі бір партада отырып, бірге ойнаған құрбым. Анасы жеңіл жүрісті кісі еді. Кейін қызы да сол жолға түсті. Бұл туралы әңгімемде де баяндадым. Мұны білген оқырмандар хат жазып, «Құрбыңыз қалай қабылдады?» деп сұрап жатады. Шынымды айтайын, мен осы әңгімені жазып, жариялап, оған өзімді сатқындық жасадым деп ойламаймын. Себебі, ол өзіне-өзі сатқындық жасады. Және осы әңгімені жазуға және жариялауға бір себептер бар. Бұл әңгіме – оны табалау мақсатында емес, бір себептермен, мақсаттармен жазылды. Шынымен, өзімді ақтап отырғаным жоқ. Бірақ бәрібір онда таңдау бар еді. Алла Тағала әр адамға таңдау береді.
Қысқасы, менің әрбір әңгімемнің кейіпкерлері сіз бен біз өмір сүрген қоғамда өмір сүріп жатыр. Мен олармен «өмір базарында» жиі болмаса да кездесіп қалам, олардың кескін-келбетін ұмытып қалсам да тым мұңлы жанарларынан жазбай танимын. Ал кейбірімен қанша кездескім келсе де, бұл менің арманым ғана, олар қазір басқа әлемнің қонақтары…
– Қазір Ресей Халықтар Достығы университетінің (РУДН) магистратурасында білім алып жатқаныңызды білеміз. Мәскеу сізді қалай қабылдады?
– Мәскеуге тез бауыр басып кеттім десем, сенесіз бе? Сосын мұнда қазақтарға деген көзқарас өте жақсы. Шынымды айтсам, мен өзімді мұнда өте еркін сезінем. Мәскеуде көптеген өзбек, тәжік, қырғыз ұлтының өкілдері қара жұмыс істеп, жан бағып жүр. Көңілді қынжылтатыны гастарбайтерлердің кейбірінің өз ұлтын жасырып, өздерін «қазақпын» деп таныстырып жататыны. Бір байқағаным, қазір мұнда Әдебиет институтының баяғы кеңес кезеңіндегідей беделі жоқ. Әдебиетшілердің көпшілігі Ресейдегі беделді жоғары оқу орындары: МГУ-де, сосын РУДН-де білім алғысы келеді. Десе де, бәрібір мен талай жазушы, ақындарды «баптаған» Әдебиет институтында білім алғым келген. Бірақ онда магистратура жоқ екен.
«Әдебиеттанушы ретінде сендердің жеке пікірлерің болуы керек, кітаптан жаттап алған жаттанды білім әдебиетшінің әдебиеттегі орнын ешқашан айқындамайды» деген пікірді ұстаздарымыз жиі айтады және жеке пікірі бар студентті ерекше құрметтейді. Факультетімізде Анатолий Карпов, Александр, Коваленко, Вера Шервашидзе, Владимир Мескин есімді Ресейге танымал әдебиетшілер дәріс оқиды. Мен олардың әрқайсысын жақсы көрем. Себебі, олар жақсы ұстаз ғана емес, туған жерден жырақта жүрген мені әрқашан қолдап, қамқорлық жасап жүреді. Олар менің сабақ үстіндегі айтқан ой-пікірлерімнен жазушы екенімді сезіп қойды. Сол себепті ме екен, білмеймін, маған әрқашан олар мейіріммен қарайды. Туған жерді сағынып жүрген менің жанымды сол мейірімділік жылытады. Әр сабақ сайын ұстаздар мен магистранттар арасында әдебиет туралы қызықты пікір-таластар болып жатады.
Менің бір таңданатыным, Мәскеу метросында кәрі де, жас та кітап оқып отырады. Әнебір жас орыс жігіттің қолынан Толстойдың кітабын көрсеңіз, әнебір боянып, сыланған сылқым қыздың қолынан Достоевскийді көресіз. Жалпы бізде «сылқым, тәлпіш қыздар кітап оқымайды, өрелері таяз» деген стереотип бар ғой. Жоқ, мұнда сылқым қызға дейін метрода Мураками мен Акутагаваны, классикалық дүниелерді оқып отырады. «Жасандылық, жәй оқыған кейіп танытып отырады» десеңіз, қателесесіз, әңгімеге тартып, кітап туралы пікірін сұрай қалсаңыз, өз пікірін айтып береді. Мен осындай кітап оқуға, әдебиетке құштар халықты көріп, жер бетінде ешқашан әдебиеттің өлмейтінін, оның адамзат өміріндегі рөлін теледидардың да, интернеттің де ауыстыра алмайтынын, әдебиеттің «жаназасы» жер бетіндегі адамзаттың ең соңғы буынымен бірге шығатынын түсіндім…
– Лира Қоныс бір сұхбатында «Мен алты ай бойы сарсылып жазған кітабымды өз қалтамнан алты жүз мың теңге беріп, мың дана шығарып, оны әркімге бір тықпалап сатып жүрсем, АҚШ жазушылары 6 ай жазған кітабына 6 миллион доллар алады екен» деп еді. Ал Ресей жазушыларының жағдайы қалай екен? Бақылап көрдіңіз бе?
– Өз басым, мына заманда алты айда жақсы, көркем шығармалар топтасқан кітап жазуға болатынына күмәнім бар. Бәлкім, көркемдіктен жұрдай және оны мақсат тұтпайтын бестселлер жазуға болатын шығар? Бұл, әрине, менің жеке пікірім. Мысалы, америкалық қаламгер Дэн Браунның «Код да Винчиі» 81 000 000 данамен таралып, әлемдегі №1 бестселлер болған. Ол миллионер болмағанда кім миллионер болады? Шынымды айтсам, осы жұрт жапа-тармағай «Код да Винчиді» оқып жатқанда, мен де қолыма алып, он парағын парақтап, әрі қарай оқи алмағам.
Сол бестселлердің авторлары қаншама пиар-менеджерлермен жұмыс істейді. Жақсы жазушының өзін-өзі жарнамалауға ары мен ұяты жібермейді. Меніңше, жақсы кітаптың жарнамасын – кітаптың өзі жасайды. Кеше ғана өмірден өткен Габриэл Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» алғаш басқан баспагер «Бұл кітап қаншалықты пайда әкеледі?» деп күмәнмен аз ғана данамен шығарған. Кейіннен «Жүз жылдық жалғыздық» қаншама рет миллиондаған данамен басылып шықты, қаншама тілге аударылды.
…Алғаш Мәскеуге келгенде Әдебиет институтына бардым. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген әйгілі институттың ғимаратын көрдім де, «Е-е, мұндағы әдебиеттің жай-күйі белгілі болды» дедім. Дегенмен, Ресейде әдебиетті бизнеске айналдырған жазушылар жоқ емес. Мысалы, Борис Акунин, Виктор Пелевиндер оқырманы көп, қазіргі «модный жазушылар». Ресейде 143 миллион халық бар, оған ТМД-дағы орыс тілді халықты, орыс тілінде оқи алатын оқырманды қосыңыз. Яғни, Ресейде «Әдебиет арқылы нан табамын, әдебиетті бизнеске айналдырам» деп ізденген жазушы, мақсатына жете алады. Мұнда ең бастысы әдебиетті шексіз сүйетін оқырман көп. Ал, бізде оқырман түгілі, көптеген әдебиетшілер мен жазушылардың өзі жаңашылдықты қабылдай алмай жатады.
– «Жаңбырлы көктем» атты кітабыңыздың шыққанына да біраз уақыт болды. Жаңа кітабыңыз оқырмандардың қолына қашан тиеді?
– Осыдан екі жыл бұрын «Кітабыңызды мемлекеттік тапсырыспен шығармайсыз ба?» деген бас-падан ұсыныс түсті. Бірақ мен жаңа кітабымды жаңа әңгімелеріммен толықтырып, өзінше ерекшелігі мен жаңалығы бар кітап шығырғым келді де, «екінші кітабымды шығаруға дайын емеспін» дедім. Бірақ ол «өзінше ерекше, өзінше жаңалығы бар» кітапты қашан жазып бітіретінім бір Аллаға ғана аян. Алла қаласа, екінші кітабымды екі-үш жылдан соң шығарсам деген ойым бар.
– Біздің әдебиетке не жетіспейді, болашағын қалай көресіз?
– Біздің кейбір мықты жазушылар әлемдік әдебиетте аты бар Пауло Коэльо, Муракамиді он орап кетеді. Бір өкініштісі, олардың ондай танымалдылығы жоқ. Өткенде Төлен Әбдіктің түрік тіліне кітабының енді аударылғанын сұхбатынан оқып, таңғалдым. «Біздің жазушылар соншалықты бейғам екен ғой» деп. Менің туған інім Түркияда оқиды, қазір өзім Мәскеуде оқып жатқандықтан Түркияға жиі болмаса да, жолым түсіп тұрады. Әрі інімді іздеп барамын, әрі демалып, сергіп қайтамын. Себебі, Мәскеуден Стамбұлға ұшаққа билетті арзан бағаға табуға болады. Сонда әдебиетке құштар жастардан: «Қазақтың Төлен Әбдік деген өте мықты жазушысы бар. Шығармалары түрік тіліне аударылды, кітап болып шықты, оқыдыңдар ма?» деп сұрасам, «жоқ» деп бастарын шайқайды. Төлен аға қазір Түркияға ғана емес, әлемге кеңінен танымал болатын өте мықты жазушы ғой.
Мәскеуге алғаш келген кезімде орыстың көптеген жазушыларынан «Бізде осындай жақсы, көрнекті жазушылар бар. Қандай шығармасын оқып едіңіз?» десем, «Кешіріңіз, атын да естімеппін» деген жауап естідім. Сосын «Абай мен Әуезовтеріңізді білем» дейді. Оларды қаншалықты дәрежеде білетінін Құдай біледі. Мен орыс әдебиетшілерін әлдекімдер секілді «бұлар ешкімді танығысы келмейді, мойындағысы келмейді» деп жазғыра алмаймын. Жақсы кітап, адамға азық берер «ақылды кітап» – адамзатқа ортақ. Біз әлі күнге дейін көзі тірі бірде-бір мықты жазушымызды әлем түгілі, ТМД-ға таныта алмай келеміз. Ал қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын орыстың жастары жақсы көріп оқиды екен. Шыңғыс Айтматов, сөз жоқ, мықты жазушы. Бірақ оның мықты жазушы екенін әлемге айғайлап айтып, жарнамасын жасап берген біздің қазақтар ғой.
Біздің кемшілігіміз: өзімізді-өзіміз бағалап, өзімізді өзіміз көтеріп, өзімізді өзіміз көрсете алмай келеміз. Елде жүргенде әдеби басылымдардан, әдеби кештерден бір жазушы не ақын туралы «әлемге әйгілі жазушы» не «әлемге әйгілі ақын» деген сөз тіркесін талай оқыдым, жастықпен мен де сондай тіркесті «сүйкеп» жіберген кездерім бар. Мәскеуге келгенде барып, сол сөздің сұмдық пафос екенін түсініп, біздің жанымыз соншалықты «пафосты» сүйетінін сезініп, жылағым келді…
Сұхбаттасқан – Әйгерім БЕГІМБЕТ