Ән салып, ертегі айтатын электронды үйдің тұсауы кесілді

1057

Бесік жырын айта алмайтын келіндерге, ертегі білмейтін әжелерге арналған жаңа тәрбие құралы жарыққа шықты. Ол — «Электронды қазақ үйі» деп аталады. Киіз үйдің кішірейтілген нұсқасына бесік жырынан бастап ертегілер, балалар әндері, халық сазгерлерінің ән-күйлері және Абайдың 45 қара сөзі енгізілген. Бай рухани мұрамызды бүгінгі және келешек ұрпаққа жалғайтын дәстүрлі үлгідегі заманауи электронды құрал әрбір отбасында болса, жоба авторының арманы орындалғаны.

Төрт негізгі бөлімнен тұратын электронды қазақы үйдің бірінші бөлімі ертегілерге арналған. 150 ертегіні танымал актер Айдос Бектемір мен әйгілі диктор Сауық Жақан оқыған. Әженің мейрімді үнімен, атаның өсиетін болашағының бойына сіңіріп өсіремін деген әрбір жан үшін бұл үй — таптырмас құрал.

Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Алақандай болса да бойына еліміздің барлық құндылықтарын жинапты. Мен таңқалып отырмын. Немерелерге барлық ертегіні жаттап айтып беру мүмкін емес қой. Сондықтан ең бірінші өзімізге керек дүние екен. Жоғалтқанымды тапқандай, қуанып отырмын.»

Киіз үйдің екінші бөлімінде кең көлемде жинақталған 167 балалар әні бар. Күйлер үшінші бөлімге жинақталса, дүстүрлі әндер мен Абайдың 45 қара сөзі төртінші бөлімнің топтамасында. Сондай-ақ, радио тыңдап, өзіңіздің таңдаған әндеріңізді қосып, ести аласыз. Ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелейтін өнім паттентелген, авторлық құқығы қорғалған. Елбасының оң бағасына да ие болып үлгеріпті. Тіл комитетінің сараптауынан сүрінбей өтіп, сан алуан мазмұнымен әрі ұлттық нақышта безендірілуінің арқасында құнды дүниелердің санатына кіргізілген. Сондықтан болар, бағасы да әжептеуір — он мың теңге.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=lTH4to5ukfw[/youtube]

Жарқын Сәленұлы, жобаның жауапты редакторы: «Жаңадан жарыққа шыққан кезде саны аз болады, сондықтан бағасы да қымбат болып тұр. Келешекте мемлекеттік тапсырыстар көбейіп, сұраныстар артса, бағаны түсіреміз деген ой бар. Сондай-ақ, көпбалалалы отбасына әлеуметтік көмек ретінде береміз, Алтын алқалы аналарға сыйға береміз деген ойымыз да бар. Ал әзірге осы бағада босатылып жатыр. Сапасына кепіл береміз.»

Авторлар бұл жобаның жүзеге асуына 3 жыл уақыт жұмсаған. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен әдебиет, өнер институттары кеңес берген. Бір қызығы, бұл жобаға біздің өңірдің қаламгерлері «Әже алмастырғыш» деп ат қойып үлгерді.