28 палуан 1 жеңімпаз

Жұртшылық асыға күткен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің ақтық ойындары да аяқталды. Астананың төрінде «Сарыарқа» велотрегінде өткен байрақты бәсекеге 28 палуан қатысты. Әуел баста еліміздің әр аймағынан 33 палуан іріктеліп, ақтық сынға жолдама алған еді.

Әйткенмен, жарыстың басталуына аз уақыт қалғанда «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры бес палуанның ақтық сыннан шеттетілгенін хабарлады.

Қостанай облысының палуаны Ғабит Балғынбаев аудандық іріктеу сындарынан өтпегені және өзі ресми түрде тіркелген облыстың іріктеу сындарына ғана қатысу құқығын бұзғаны үшін ақтық сынға берілетін жолдамадан қағылды.

27-014

 

Допингке қарсы ұлттық орталығы» ММ 20 маусым күні «Қазақстан барысының» ақтық сынына жолдама алған палуандарды допингке қарсы тексеруден өткізген болатын. Сонда батысқазақстандық Дамир Қалақов, қостанайлық Михаил Твердохлебов, астаналық Нұрғали Байтарақов және маңғыстаулық Манас Иманқұловтың қан құрамында допингтік зат анықталды.

Елді елең еткізген бұл шеттетулер «Қазақстан барысының» ұйымдас-тырылуы тыңғылықты, «бармақ басты, көз қысты» әрекет-терден мейлінше ада екенін дәлелдей түсті.

Осылайша, 33-тің 28-і 29 маусым күні Астанада белдесті.

Алғаш болып боз кілем үстіне қызылордалық Айбек Серік-баев пен батыс-қазақстандық палуан Еділ Үсенов шықты. Салмағы 108 келі, Бура деген бүркеншік атымен танымал Еділ қарсыласы Айбектен ұтылып қалды. Айбектің бүркеншік аты – Майлыбай. 1993 жылы туған, 100 келі салмақта белдесуге шыққан өрімдей жас жігіт.

Екінші белдесу солтүстік-қазақстандық Рүстем Жұмаев пен павлодарлық Батырхан Жүнісовтың арасында өтті. 135 келілік Қызылжардың Қаражалы 90 келі салмақтағы керекулік Тұлпарды жерден алып ұрып, жеңіске жетті.

Жамбыл облысының намысын арқалаған Дәулетхан Жақыпов пен Алматы қаласынан келген Бақыт Ысмағұлов үшінші белдесудің көркін қыздырды. Талас қыраны Оңтүстік Астананың Марданын тізе бүктіріп, келесі айналымға шықты.

Қарағандыдан келген Асыл Бәрменов пен Ақмоланың палуаны Леонид Станеев төртінші жұпты құрады. Жас Сұңқар Ақмоланың Қасқырын қарулы қолдарымен бүріп, бүгіп салды.

Шалқар Жоламанов пен Сұңғат Закариев арасында өткен бесінші белдесуде Сұңғаттың жұлдызы жанды. 22 жастағы атыраулық Ағатай салмағы да жасы да өзінен едәуір көп 107 келідегі шығысқазақстандық Қожағұлдан басым түсті.

Алтыншы боп астаналық Арман Әбеуов пен Алматы облысынан келген Саят Шәмшиев кілемге көтерілді. Бас қаланың Малайсарысы Алакөл бөрісін оңай жеңді.

27-013

Келесіде қызылордалық Руслан Әбдіразақов Алматы облысының палуаны Айдос Қаңлыбаевты алып ұрды. Осылайша Сыр арланы Жетісу барысын жарыс жолынан шығарып, екінші айналымға өтті.

Сегізінші жұптың жеңімпазы алдын-ала белгілі еді десек те болғандай. Өйткені 2013 жылдың «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаровтың қарағандылық Бекзат Ахметбековке жеңіліп қалмайтыны анық болатын. Айтқандай-ақ, Шығыс барысы кеншілердің Сайдалысын екінші айналымға өткізбей тастады.

Тоғызыншы болып белдесетін палуандарды Оңтүстіктің жұрты асыға күтті. Жерлесіміз Жұманазар Ерсұлтанов пен керекулік Дархан Жоламанов тоғызыншы белдесудің мықтысын анықтады. Әйткенмен, бұл кездесу Жұманазар үшін сәтсіз аяқталды. Керекудің Асауы Оңтүстіктің Жақсығұлынан басым түсті.

Оныншы жұп Бейбіт Ыстыбаев мен Нұрлан Жамалов болды. Халықтың сүйікті палуанына айналып үлгерген 140 келідегі Тараз арланы салмағы 92 келілік Көкше арланын оңай жықты.

Мұхит Тұрсынов пен Бекболат Салықовтың белдесуі қас-қағым уақытқа созылды. Ақырында Тұрсынов таза жеңіске жетті.

Манас Иманқұлов-Мейрамбек Жаңабай өзара мықтыны анықтап, нәтижесінде Жаңабай келесі айналымға шықты.

Екінші айналымның басты жаңалығы Руслан Әбдіразақов болды. Ол өткен жылдың жеңімпазы Айбек Нұғымаровты өте оңтайлы лақтырып, тез әрі таза ұтты.

Бейбіт Ыстыбаев пен Мұхит Тұрсыновтың да белдесуі өте қызықты өтті. Негізгі уақыт бітуге таяғанға дейін кім жеңетіні беймәлім еді. Уақыт бітуге 40 секунд қалғанда Мұхит өзінің тәсілін сәтті орындап, ұпай алды. Бейбіт болса Мұхитқа қарсы айла таппай, ұпай санымен жеңіліп, жарыстан шықты. 1/8 ойындарының сегіз мықтысы да анықталып, ширек финалға өтті. Жұртшылықтың есінде қалғаны Айбек пен Бейбіттің жеңілуі еді.

Ширек финалдың белдесулері де тартысты өтті. Сегіз палуанның арасынан Дәулетхан Жақыпов, Асыл Бәрменов, Руслан Әбдіразақов пен Мұхит Тұрсынов шықты.

Жартылай финал жан берісіп, жан алысқан белдесулерге толы болды. Алдымен Дәулетхан Жақыпов пен Асыл Бәрменов ақтық сынға шығатын жолдамаға таласты. Қос палуанның мықтысын бір ұпай шешіп кетті. Бәрменов Жақыповтан бір ұпайға басым түсті.

Руслан Әбдіразақов пен Мұхит Тұрсыновтың күресі негізгі уақытта тең аяқталды. Қосымша уақытта қос палуан белбеумен тайталасты. Шығыстың Жалыны Мұхит Сыр Арланы Русланды кілемнен тысқа шығарып, жеңіске жетті.

Үшінші орын үшін болған таласта айла-тәсіл алға шықты. Екі палуан да әуел бастан бір-біріне шабуыл жасап, тәсіл алмасты. Кезек-кезек ұпай жинады. Сыр арланы өзінің мықтылығын дәлелдеп, Дәулетханнан ұпай санымен басым түсіп, жүлделі үшінші орын алды.

28 палуанның арасынан іріктеліп, барлық сынақтардан сүрінбей өткен Асыл Бәрменов пен Мұхит Тұрсынов финалда кездесті. Екеуінің де жасы 26-да. Салмақ айырмашылықтары да аз. Асыл Бәрменовтің салмағы – 98 келі, бойы – 177 см. Ал, Мұхит Тұрсынов болса – 95 келі тартады. Бойы – 185 см.

Мұнда да негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады. Белбеу күресте Мұхит Тұрсынов тағы да мықтылығын танытты.

Мінекей, осылайша Мұхит Тұрсынов 2014 жылдың «Қазақстан барысы» атанды. Оған 150 000 АҚШ доллары, алтын тайтұяқ табысталып, «Алтын белбеу» тағылды. Бапкеріне 20 000 АҚШ доллары берілді.

Мұхиттың бапкері – өз әкесі Шыңғысбек Тұрсынов. «Қазақстан барысына» алғаш рет 82 келі салмақта қатыстым. Өткен жылы 85 келіде белдестім. Екі ретте де жарыстан шығып қалдым. Содан кейін салмақ қостым. Салмағым артқан соң күшім де молайды», – дейді Мұхит.

Палуанды баптаған әкесі Шыңғысбек ұлына арнап жеке жаттығу технологиясын жасаған. Әрбір палуанмен белдесу жағдайында қалай әрекет ету тәсілдерін пысықтаған. Әр палуанның техникасы мен қимыл-әрекетін бақылап, өзге чемпионаттарда, жарыстардағы қимыл-қозғалысын жіті қадағалапты.

Мұхит келесі жылы да «Қазақстан барысына» қатысып, атағын қорғап қалуға тырысатынын айтады.

Күміс белбеу таққан Асыл Бәрменовке 30 000 АҚШ доллары, ал бапкері Сұлтан Тынысбаевқа 10 000 АҚШ доллары берілді.

Қоланы беліне байлаған Руслан Әбдіразақовқа 10 000 АҚШ доллары, ал бапкері Садық Мұстафаевқа 5 000 АҚШ доллары табысталды.

Дәулетхан Жақыпов «Көрермен көзайымы» атанып, темір тұлпар мінді.

Биылғы «Қазақстан барысы» тосын жайттарға толы болуымен есте қалады. Турнирдің ең ауыр салмақтағы палуаны Жұманазар Ерсұлтанов бірінші айналымда, 2012 жылдың «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев екінші айналымда жарыс жолынан шықты.

«Көрермен көзайымына» айналған Дәулетхан Жақыпов бұған дейін 81 келі салмақта дзюдодан Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп жүрген. «Қазақстан барысында» Асыл Бәрменовтен жеңісті жұлып алуға сәл-ақ қалды.

Биыл 100 келі салмаққа дейінгі палуандар жүлделі орындардан көрінді. Әр жылы әр палуанның жеңіске жетуі де жарыс деңгейінің жылдан-жылға артқанын, палуандар бабының жетіле түскенін байқатады. Мұхит Тұрсыновтың жеңіске жетуі салмақ мен қара күштің ғана емес тактикалық икемділіктің де басты орында екенін дәлелдеді. Салмақтың маңызға ие емес екенін көрсетті. Алдыңғы жылдары салмағы 100 келіге дейінгі, 100 келіден жоғары палуандарды екі топқа бөліп, екі жарыс ұйымдастыру керек деген әңгімелер айтылған-ды. Биылғы нәтиже бұл сөздерді жоққа шығарды.

Жәнібек НҰРЫШ