Жылқы жылында реті келсе кертіп, сәті түссе асап жеген жемқорлардың бір парасы құрықталды. Алғашқы бес айда облыста сыбайлас жемқорлыққа қатысты 203 қылмыстың беті ашылған. Осы уақыт аралығында облыс көлемінде 11686 қылмыс тіркелсе, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының үлесі 1,7%-ды құрады.
Заңды аттап басып, көлденең пайдаға кенелгісі келетіндер жайлаған қоғам үшін бұл тым аз сан болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда сәл де болса ілгерілеу бар. 2013 жылдың бастапқы бес айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 73%-ға артық.
Қызмет бабында жалған құжат жасайтындар заң құрығына жиі ілініпті. 203 қылмыстың 73-і қызметіндегі құзіретті бас пайдасына жаратып, өтірік құжат рәсімдеп, «көз қысты, бармақ басты» әрекет жасамақ болғандардың үлесіне тиген.
Өз қызмет бабын теріс пайдаланғандар да жалған құжат жасаушы әріптестерінен әсте қалыспады. Сеніп тапсырылған қызмет лауазымын оңды-солды әжетіне жаратып, қарпып қалу былай тұрсын, кілкіген майды қармап қалуды құп көрген лауазым иелеріне қатысты 46 оқиға тіркелген.
Бүгінде пара алу мен пара берудің де еш айырмасы қалмады. Екеуі қылмыс. Пара алмаққа бекініп, «қырағылығынан» айырылғандарға қатысты 25 пара алу фактісі тергеушінің қағазына түссе, пара беріп, мәселесін шешпек болғандардың үстінен 14 пара беру оқиғасы бойынша іс қозғалды.
Бюджет қаржысы – салық төлеушінің ақшасы. Халық қаржысына көзін сүзіп, ыңғайы келсе қалтасына басатындардың бәрі болмаса да бір бөлігінің ісі әшкере болды. Бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша 2014 жылдың бес айында 23 қылмыс ашылды.
Қызмет бабын пайдаланып, жемтігін аңдыған қызметкерлердің де арасынан заң құрсауына «абайсызда» түсіп қалғандар болды. Алдына келгенді алдап, қолына түскенді жұтып жіберіп отырған алаяқ-қызметкерлерге қатысты 15 іс қозғалды. Өз қызмет өкілеттігін асыра пайдаланатындар да лек-легімен құрыққа түспесе де, бірді-екісі ілігіп қалды. Қызмет өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен 3 қылмыстық іс тіркелген.
Сыбайлас жемқорлық әрекетінен бойларын аулақ салуға шамасы жетпеген тұлғалардың арасында ішкі істер органдары, қылмыстық атқару жүйесі комитеті, қаржы полициясы, салық қызметі, кеден органдары, төтенше жағдайлар қызметі, әкімшілік, заң органдары мен басқа да құрылымдардың қызметкерлері және сот орындаушылары бар.
Заңдағы шектеулер мен тыйымдарды біле тұрып, бұзуға заң саласында қызмет ету де тоқтам сала алмайды екен. Сөзіміз құрғақ фактіге құрылмасын деп облысты шулатқан бірқатар қылмыстық істерге тоқталсақ…
Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында жалған кәсіпкерлік және салық төлеуден жалтару бойынша заңға қайшы әрекеттерді ойластырған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері мен жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс бойынша сот қарауы аяқталды.
Облыстық прокуратураның аға прокуроры Н.Алишевтің айтуынша, бұл істе Л.Азимова мен оның жолдасы Б.Т.Сарыбеков және облыстық салық департаменті басшысының бұрынғы орынбасары А.С.Садықов басты қозғаушы күш болған. Бұрынғы орынбасар салық қылмыстарын жасауға «қамқорлық» еткен. 2008-2012 жылдар аралығында осынау ұйымдасқан қылмыстық топ мемлекетке 8 млрд теңге көлемінде шығын келтірген.
Облыстық қылмыстық іс бойынша мамандандырылған ауданаралық соты топтың жетекшілері мен мүшелерін кінәлі деп тауып, түрлі жазаға кесті. Бас бостандығынан айырылғандар да болды.
Таяуда Кентау қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі А. Зеренбаевқа қатысты сот үкімі шықты. Оған М. Акимоваға қатысты қылмыстық істі тоқтату үшін күдіктіден 130 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды деген айып тағылған болатын. Кентау қалалық сотының үкімімен А. Зеренбаев 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол өз жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді.
Аға прокурордың сөзінше, тұтастай алғанда, сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстар облыстық прокуратураның жіті бақылауына алынып, күнделікті күшейтілген қадағалауын талап етеді.
Жәнібек НҰРЫШ