Арыс ауданына қарасты Аққала ауылының шаруалары судан таршылық көріп отыр. Су шаруашылығы мамандары тиісті борыш өтелмей су бермеуге бел буыпты. Ол аз болғандай, каналдың құрлысында кемшіліктер көп екен. Салдарынан бірнеше шаруа қожалықтарының еңбегі еш кетуі мүмкін.
Аққала ауылының шаруалары ағын суды осынау «3К-3» арнасынан пайдаланады. Алайда, мердігерлер каналды жүргізер кезде кейбір олқылықтарға жол берген. Ұзындығы небәрі 16 шақырым каналдың соңғы нүктесін төменге түсірудің орнына биіктетіп жіберген. Шалағай тірліктен қазір шаруа шатқаяқтап тұр.
«3К-3» су арнасын қазір бірнеше түйіткілді мәселе тұйыққа тіреп тұр. Соның бірі — ағын судың төлемақысы. Дихандар «Қазсушар» РМК Шардара бөлімшесіне 1,5 миллион теңге қарыз. Сондықтан шаруалар қарыздан толық құтылмаса, монополистер ағын суды тоқтатамыз деп отыр. Оның үстіне су арнасы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Түптеп келгенде тараптар мәмілеге келді. Нәтижесінде, бір жарым ай судан таршылық көрген дихан қауымға ағын су жеткізілетін болды.