Ауа емес, у жұтып жүрміз

Бір адамға тәулігіне 20 кг оттегі қажет
Бір адамға тәулігіне 20 кг оттегі қажет
Бір адамға тәулігіне 20 кг оттегі қажет

2011 жылы Шымкент қаласы тазалығы мен көріктілігі жөнінен үздіктер қатарынан көрініп еді. Яғни, ірі қалалар мен астаналар ассамблеясы Шымкент қаласының басшылығын III халықаралық байқауының арнайы дипломымен марапаттап, шаһарды «ТМД және ЕврАзЭҚ қалаларының ішіндегі ең үздік қала» атағына лайық деп таныды. Үздік болу үшін барлық жағынан бірінші болу керектігі айтпаса да түсінікті. Қаламыз бұл атақты алғанда шымкенттіктердің көбі таңырқай қараған болса, кейбірінің көкейінде қаламыз енді тазаратын болды деген үміт оты тұтанған еді. Бірақ, содан бері үш жыл өтті. Осы аралықта шаһар бірнеше нысандармен көркін аша түскен шығар, бірақ сол баяғы лас ауадан арылған жоқпыз. Үздік деп мақтан тұтып жүрген Шымкент былтырғы жылы еліміздегі едәуір ластанған қалалар тізіміне енді. Мұндай күйге жетуіміз қаладағы ары-бері ағылған жарты милионға жуық көліктен шығатын түтіннің кесірі екені түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, ауа емес у жұтып жүргендейміз.

29-023

Қазақстанның 15 қаласында көміртегі оксиді мен басқа да зиянды заттар концентрациясы, 20 қалада азот диоксиді, 6 қалада күкірт диоксиді, 8 қалада фенол, 4 қалада формальдегид концентрациясы өте жоғары екен. Әрине, бұл алаңдатарлық жайт. Себебі жоғарыда атап өткен зиянды заттар адам өміріне аса қауіпті. Мұның салдарынан адам тыныс жолдары ауруына шалдығады. Уақыт өте бұл дерт созылмалы күйге ауысып кетуі әбден мүмкін. Лас ауадан тек тыныс жолдары емес, кейде жүйке жүйесі де бұзылып, ішкі ағзалар зақымданады. Сонымен қатар болашақ аналардың өмірге дені сау бала әкелуіне кері әсерін тигізеді. Облыстық экологиялық орталығындағылардың берген мәліметіне сүйенсек, әлем бойынша әрбір сегізінші өлім лас ауаның салдарынан орын алады екен. Экологтардың айтуынша, ірі қалалардағы ауаның ластануының негізгі көзі — автокөліктер. 2003 жылы облыста тіркелген автокөлік құралдарының саны 84488 бірлікті құраса, 2009 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 358 394-ке артқан. 2013 жылғы мәліметке көз жүгіртер болсақ, облыстағы көліктер саны 400 мыңнан асады. Ал қалада 54 мыңнан астам автокөлік, соның ішінде 5 мыңға жуық жүк машинасы, шамамен 2,5 мың жолаушы көлігі және 47 мыңнан астам жеңіл автокөлік тіркелген. Жыл өткен сайын қаламызда көлік арта түсуде.

Рахымберді ӨТЕБАЕВ, ОҚО бойынша экологиялық департамент басшысының орынбасары:

– Облыс орталығы Шымкенттің ауасын өте жоғары деңгейдегі ластану көрсеткішіне жатқызуға келмес. Бірақ, керемет таза деп те айта алмаймын. Біз атмосфераны өз қолымызбен ластап жатырмыз. Кәсіпорындар мен жүйткіген автокөліктердің салдарынан шаһар көк түтінге орануға мәжбүр. Біздің департаменттің осыдан 5-6 жыл бұрын жүргізген зерттеу нәтижесінде қала экологиясының 70 пайыз ластануы автокөліктердің салдарынан екені белгілі болды. Сол себептен бірінші кезекте осы мәселені қолға алу керек.

Зухра ХАЛМҰРАТОВА, ОҚО экологиялық орталық директорының орынбасары:

– Шымкенттің ауасы тазарудың орнына, соңғы кездері тіптен ластанып барады. Қанша дабыл қаққанымызбен, жағдай оңалар емес. Бір ғана көгалдандыру жұмысымен мәселені түбегейлі шеше алмайсың. Автокөліктердің сапасына мән беру керек. Ескі көліктерден арылатын уақыт келді. Өз басым еуростандартқа өтуді қолдаймын. Себебі бізде көліктен келетін улы заттар еселеп артуда. Еуростандарт бұған тосқауыл болатыны сөзсіз.

Оған күн сайын облыстың түкпір-түкпірінен келетін мыңдаған көлікті де қосыңыз. Әрине, халық байлыққа белшесінен батпаса да, талқан жеп тарықпайтын, нан сұрамайтын дәрежеге жеткені қуантады. Бірақ, ол автокөліктердің жағдайы қандай? Міне, осы сұрақ бізді мазалауы тиіс. Халықтың бәрі бірдей су жаңа көлік мініп жүр деп айта алмаймыз. Жаңасынан тозығы жеткен көліктер көп. Тозығы жеткен көліктерге құйып жүрген жанармайымыздың да сапасы жоғары емес. Темір тұлпарлардың әрбірінен келетін зиянды заттарды есептейтін болсақ, тіптен қорқынышты. Экологтар «бір автокөлік жылына 4 мыңнан астам оттегіні жұтып, 8 тоннадай улы заттар шығарады» дейді. Бұл — жеңіл автокөліктерге қатысты жүргізілген зерттеу нәтижесі. Жүк көліктері мен автобустардан шығатын улы заттар тіпті көп. Автобустар демекші, көліктің бұл түрінің соңында қалсаңыз, көк түтіннен көзіңіз ашып, тұншыға бастайсыз. Машина тоқтаған кезде көміртегі мен көміртек оксиді, ал қозғалыста болғанда азот оксиді шығады. Көліктен бөлінген газдардың құрамында 25-27% қорғасын болады екен. Ал ауа температурасы неғұрлым жоғарылаған сайын, лас ауаның адам ағзасына тигізер залалы соғұрлым артады. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экологиялық департамент басшысының орынбасары Рахымберді Өтебаев қаладағы автобус парктері жекенің меншігінде болғандықтан, оны тексеру заңға қайшы екенін алға тартады. Тек автобус емес, бұл жағдай жүк көліктеріне де қатысты. Айта кетейік, жанармаймен жүретін көліктерді газбен жүретініне ауыстыру бойынша біраз бастама көтеріліп, еуростандартқа көшу мәселесі де қолға алынды. Ел Үкіметі 2007 жылдан бастап еуростандартқа сай техникалық регламентке өтуіміз қажеттігін айтқан болатын. Техникалық регламентте жанармай сапасына сараптау үнемі жүргізіліп, қалалық жерлерде көліктердің лас ауа таратуына қатысты арнайы шаралар қарастырылуы керектігі анық көрсетілген. Мұндай стандарттардың енгізілуі көк түтін шығарып, көшелерде олай-бұлай жүйткіп жүрген көліктерден арылуға мүмкіндік береді.

29-022

Түйін: 

Халық саны жағынан бір миллионға да жетпейтін Шымқала экологиясының бұлайша ластануы бәрімізге қауіп туғызады. Себебі 10 миллионнан астам тұрғыны бар әлемнің өзге қалаларының ауасы біздікінен әлдеқайда таза. Ендеше, алақандай шаһарымыздың ауасын таза ұстайық! Үшінші қала атану үшін барлық жағынан үздік болуымыз қажет.

Дайындаған – Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ