Ауылдың кәсібі – қалаға нәсіп

Шымкент қала болғанымен мұнда да ауылшаруашылығы мен малшаруашылығын дамытуға мүмкіндіктер жетерлік. Жалпы, қаланы бойлай орналасқан елдімекендердің тұрғындары ауыл-аймақтағылар секілді мал бағып, бау-бақша егіп, өздерін ғана емес бүкіл қалалықтарды табиғи, таза өнімдермен қамтып жүр.

Базарда сатылатын ет пен сүт, көкөніс пен бақша дақылдарының да біразы осы қала маңындағы елді мекендердегі шаруалардың өнімі. Десек те, мал жүрген жерде жұқпалы аурулар да қатар жүреді. Оларды залалсыздандырып отырмасаң тағы болмайды.

29-017

Өткен аптада қала ішіндегі ауылшаруашылығы саласының дамуы мен ветеринарлық жұмыстардың барысын білу үшін Шымкент қаласы ауылшаруашылығы және ветеринария бөліміне барып, жарты жылдағы атқарылған жұмыстарына талдау жасап қайтқан едік. Бөлім басшысы Ғани Құрманбай бөлім тарапынан жасалған жұмыстарды егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Әңгімені ең алдымен аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу шараларынан бастады. Айтуынша, үстіміздегі жылы қала аумағында эпизоотияға қарсы профилактикалық шаралар, диагностикалық зерттеулер бойынша ветеринариялық препараттарды қолдану жұмыстары үшін жергілікті бюджеттен 69 млн 343 мың теңге бөлініпті. Бұл қаражат ірі қара және ұсақ малдарда кездесетін сарып, хламидиоз, аусыл, құс тұмауы, токсоплазмоз, т.б. ауруларды анықтау үшін қан алу мен сондай ауруларға қарсы вакцинациялауға жұмсалған. Бір айта кетерлігі құтыру ауруына қарсы 3344 ит пен 3344 мысыққа, аусыл ауруына қарсы 12602 шошқаға басқа вакцина берілмеуіне байланысты егу жұмыстары жүргізілмепті. Ал, жыл басынан бері сарып (бруцеллез) ауруын тексеру барысында Шымкент қаласы бойынша оң нәтиже берген 13 бас ІҚМ және 204 бас уақ мал анықталған. Әлгі 13 бас ірі қара арнайы мал сою бекеттерінде санитарлық талаптарды сақтай отырып сойылып, мал иелеріне жергілікті бюджеттен 617 мың 598 теңге көлемінде өтемақы төленген.

Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары да қарқын ала бастапты. Бұл жұмыстарға қала қазынасынан 15 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Сәуір айында басталған залалсыздандыру жұмыстарына о баста 95 мың ірі қара малды бүрку жоспарланып, түгел орындалған. Сондай-ақ, жоспардағы 155 мың 817 бас уақ мал тоғытылыпты. Жалпы ауданы 1 млн 826 мың 631 ш/м қора-жайлар мен оған жапсарлас аумақтар жоспарға сай 100 пайыз залалсыздандырылғанын білдік.

Қаңғыбас ит-мысықтар мәселесі қаламызда әлі де болса өзекті күйде қалып отырғаны рас. Бұлардан келетін қауіптің үлкендігін айтып жатудың өзі артық болар еді. Бөлім басшысы бұл қиындықпен де шамаларының жеткенінше айналысып жатқандарын айтып қалды. Биыл сондай қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап жоюға 31 млн 80 мың теңге бөлінген екен. Тіпті, бұл мәселеге қатысты қала әкімі арнайы өкім шығарыпты. Соның арқасында жыл басынан бері қала бойынша 14 мыңға жуық ит пен 1200-ден аса иесі жоқ мысық ауланып, «Беккари» шұңқырында залалсыздандырылған.

Шымкенттің ауылшаруа-шылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы да көңіл қуантады. Білгеніміздей, қала территориясында ауылшаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі 14482 гектарды құрайды екен. Барлық агроқұрылымдардың саны – 188. Оның ішінде егістік алқаптар – 6298 га, суармалы жер – 1228 га, бау – 501 га, жайылым – 5013 га, парға қалдырылған жердің көлемі – 1442 гектар болған.

«Шымкенттің бас жоспары-нының бекітілуіне байланысты оған 3 ауданнан 76200 гектар жер қосылған. Сондай-ақ, Абай, Еңбекші, әл-Фараби ауданы әкімдіктерімен бірлесіп, Шымкентке қосылған 30 елдімекенде тұрғындар мен агроқұрылым өкілдерімен құжаттарын қайта ресімдеу, субсидия бөлу, малшаруашылығын дамыту бағдарламаларының жоспарын түсіндіру жүйелі түрде өткізіліп келеді», – дейді бөлім басшысы Ғани Құрманбай. 2014 жылдың алғашқы 6 айының көрсеткіші бойынша ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 2 млрд 406 млн теңгені құраған. Әжептеуір көрсеткіш. Әсіресе Шымкенттің аэропорт аумағындағы «Берекелі — 2030» атты өндірістік кооперативтің жұмысы бізді қатты қызықтырды. Мұндағы шаруалар 5 га жылыжайдан жылына 1200 тоннадай қияр, қызанақ, болгар бұрышын алады екен. Жылдық қаражат айналымы мемлекеттің субсидиясын қосқанда 100 млн теңгеге жуық. Соның тең жартысы таза маңдай терлерімен келген табыстары.

Малшаруашылығына да қысқаша тоқталып өтсек. ОҚО-да малшаруашылығын дамыту шараларының 2014-2016 жылдарға арналған іс-шара жоспарының бағыттары бойынша жеке тұлғалардан өтінімдер қабылдау жұмыстары бір ізге түсіпті. Ауылшаруашылығы басқармасы мен «Ырыс» МНҰ бірлесіп әзірленген талаптар Шымкентке қосылған елдімекендерге түсіндіріліп, нәтижесінде 10-15 басқа арналған мал бордақылау алаңдарын ашу үшін жеңілдетілген несие алуға 76 жеке тұлғалардан өтініш келіп түскен.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ