Балаларын сатқан ана сыбайласымен бірге сотталды

300

Оңтүстік Қазақстан облысында өзінің туған балаларын сатқан ана сотталды. Сарыағаш ауданының 27 жастағы тұрғыны 4 баласын сатып жіберген дейді тергеушілер.

Жас әйел өзінің бұл әрекетін түсіндіргенде перзенттерін асырауға шамасы жетпегенін айтыпты. Тергеушілер безбүйрек ананың өз балаларын ауылдағы фельдшерлік-амбулаториялық бекеті қызметкерінің көмегімен сатқанын анықтап отыр. Құркелес ауылының медбикесі перзенті жоқ, бірақ, ақшаға бала сатып алуға әзір отбасыларды іздеп, тауып жүрген.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, айыпталушы 5 жасар үлкен қызын 200 АҚШ долларына, одан кейінгі ұлын 40 мың теңгеге сатып жіберген. Мұнымен тоқтамай, екінші ұлын 30 мың теңгеге, ал жаңа туған шақалақ қызын 120 мың теңгеге еш шімірікпестен сатып жіберіпті.

Бір сұмдығы, қатігез ана ұлдарының бірін екі рет саудалауға дәті барады. Осы екінші рет сатып алған отбасы сұмдық қылмыстың әшкере болуына себепкер болған. қазір балаларын сатқан ана мен оның сыбайласы болған медбике әрқайсысы 8 жылға түрмеге қамалды. Ал жас балаларды сатып алғандар 7 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Айта кету керек, қолға түскен сәтте қылмыскер әйел бесінші перзентіне жүкті болған.