«Халық банкі» АҚ ОҚО бөлімшесі директорының орынбасары Айжан Досымбекова
«Халық банкі» АҚ ОҚО бөлімшесі директорының орынбасары Айжан Досымбекова

«Сенімхат арқылы жұбайымның зейнетақысын алуыма болады ма?». «Оны рәсімдеуге көп уақыт кете ме?». «Сенімхат еліміздің басқа аймақтарында жарамды ма?». «Оны қолдану мерзіміне шек қойылады ма?». «Банкке барған сайын өзіммен бірге сенімхаттың түпнұсқасын алып жүруге міндеттімін бе?». Сенімхатты ресімдеу, оны қолдану тәртібіне қатысты осы және басқа да сұрақтар туралы білгісі келіп редакцияға қоңырау шалатындар көп. Оқырмандардан келіп түскен сауалдарды «Халық банкі» АҚ ОҚО бөлімшесі директорының орынбасары Айжан Досымбековаға (суретте) жеткізе отырып, мән-жайды түсіндіріп беруін өтіндік.

Қандай жағдайда беріледі?

– Сенімхат – заңды құжат. Ол – белгілі бір тұлғаның өз өкілеттігі мен құқын екінші бір тұлғаға берілгенін жазбаша растап, нақты бір мәселені үшінші бір тұлғамен шешу мақсатында беріледі. Сенімхат арқылы жалақы, жәрдемақы, шәкіртақы, зейнетақы, алимент, ақшалай, заттай корреспонденцияларды, мұрагерлік құқы туралы куәлікті алуға болады. Сондай-ақ, бұл құжат арқылы сенімді өкілге сотта, кәсіпкерлікте іс жүргізуді, банктегі есепшотқа иелік етуді, мүлікті ортақ пайдалануға, транспорт құралдарын иемденуге, сатуға және т.б. істерді сеніп тапсыруға болады.

Айжан Досымбекованың айтуынша, сенімхат еліміздің барлық аймақтарында жарамды. Заңды, нотариалды бекітілген сенімхатқа ешкімнің дауы болмайды.

Сенімхат қалай ресімделеді?

– Сенімхатты заңды түрде тіркеуге тұрған кез келген наториалдық кеңсе бере алады.

Сенімхат 1 дана болып дайындалады. Оның мазмұнына:

– құжат аты,

– жазылған жері мен уақыты,

– сенімхат берушінің тегі, аты-жөні, туған күні, айы, жылы, мекенжайы, жеке басын куәландыратын құжат нөмірі туралы толық ақпарат,

– сенімхат алушының тегі, аты-жөні,туған күні,айы, жылы, мекенжайы, жеке басын куәландыратын құжат нөмірі туралы ақпарат,

– сенімхаттың қанша уақытқа берілетіндігі жөнінде ақпарат,

– Сенімхат берушінің қолы,

– нотариустың мөрі,

– жазылғандарды растайтын жазба болуы керек, – дейді маман.

Сенімхат А4 форматты қағазға қолмен не болмаса компьютерлік жолмен теріледі. Мәтінде түзетілген, өшірілген я қосымша жазылған сөздер болмауы керек. Мұндай жағдайда олардың әрқайсына түсініктеме жазылып (“өшірілген сөз оқылмайды”, “түзетілген дұрыс” сияқты), оған сенімхат беруші де, сенімхат алушы да өз қолдарын қоюы керек екен.

27-011

Жарамдылық мерзімі

Маманның сөзіне сүйенсек, сенімхат 3 жылға беріледі. Ал егер сенімхат-та қолдану мерзімі көрсетілмеген болса, онда ол 1 жылға ғана жарамды болып есептеледі. Берілген күні көрсетілмеген құжат жарамсыз болып табылады екен.

Айтпақшы…

Ескеретін нәрсе, сенімгер әлеуметтік төлемдерге қол жеткізу үшін сенімхаттың түпнұсқасын және жеке куәлігін ұсынуы керек. Өйткені, көшірменің заңды күші болмайды. Ал, тұпнұсқа жоғалған жағдайда алғашқы құжатты ресімдеген нотариалдық кеңседен көшірмені растатуға болады.

Айжан Ермекқызы