Баспаналы болу қиын емес

29-007Бүгінгі күнге дейін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы арқылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 500 салымшысы баспанаға қол жеткізген. Осылайша, банк салымшылары ипотекалық несиелеу – баспаналы болудың ең тиімді тәсілі екеніне көз жеткізіп отыр. Көп жылдан бергі арманы орындалып, баспанаға қол жеткізген жандардың бірі – Ұлбала Қосманбетова.

Ұлболсын «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» 2011 жылы депозит ашқан. Депозитке айына 60-70 мың теңгеден салып тұрыпты. Сөйтіп, 2 жылдың ішінде пәтер құнының 50 пайызын жинақтап үлгерген. «Осылайша, көлемі 68 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелі пәтерге қол жеткізгеніме сондай қуаныштымын.

– Басында жалдамалы пәтерде тұратынмын. Айына 30-40 мың теңге пәтердің арендасына кететін. Өз баспанамыз болса екен деп армандайтын едік. 2012 жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының қатысушысы болуға мүмкіндік бар екенін естідім. Сөйтіп, банкке келіп, осындағы мамандардан бағдарлама жайында егжей-тегжейлі сұрастырдым. Депозит ашып, жиған-тергенімді. Жасыратыны жоқ, басында қорықтым. Банкке сенімсіздік білдірген кездерім де болды. Десек те, нар тәуекелге белімді будым. Қазір міне, балаларым мен немерем барлығымыз бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып жатырмыз», – дейді кейіпкеріміз.

Ұлболсын апа сынды қоныстойын тойлауға кез келген шымкенттіктің мүмкіндігі бар. Бастысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашса болғаны. Мамандардың айтуынша, Қазақстандық нарықта 11 жылдан бері жұмыс істеп, ел сеніміне ие болған банк бүгінгі күні клиенттеріне «Бастау», «Өркен», «Кемел», «Болашақ» деп аталатын тарифтік жобаларын ұсынып отыр. Банк клиенті өз мүмкіндігіне қарай бұл жобалардың бірін таңдауға құқылы.

«Мәселен, «Өркен» тарифтік жобасы бойынша, салымшы банк-тен есепшот ашып, 3 жылдан 15 жылға дейін пәтер сомасының 50 пайызын жинауы керек. Сонда ғана банк қалған 50 пайызын 3,5-5 пайызбен несиеге береді. Ал «Бас-тау» тарифтік жобасы бойынша қолында сатып алатын пәтерінің 50 пайызына жететін ақшасы бар тұлғалар қалған елу пайызды алу үшін банкаралық тұрғын үй заемын пайдаланады. Оны 9-13 жылдың ішінде 8,5 пайызбен төлеп, пәтерді толық өз мүлкі ете алады», – дейді банк маманы.

Осылайша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» клиенттеріне баспаналы болудың әртүрлі тәсілдерін ұсынады. Оның ішінде «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының қатысушылары үшін көп мүмкіндіктер қаралған. Жас отбасылар және барлық санаттағы азаматтар пәтерді жалға алып, келісімшартта көрсетілген талаптарды қатаң орындай отырып, пәтерді толық өз мүлкі ете алады.

Айта кетейік, «Қолжетімді бас-пана–2020» бағдарламасы екі бағытта жүргізілуде. Біріншісіне – азаматтардың барлығы қатыса алады.

Ал, екіншісі – тек жас отбасыларға арналған. Яғни 29 жасқа дейін, тұрмыс құрғанына 2 жыл болған, баспанасы жоқ және тұрғылықты тіркеуі бар жанұялар пәтерге кезек бойынша қол жеткізе алады. Мамандардың сөзіне сүйенсек, пәтерді жалға алған жас отбасы алғашқы 8 жылда пәтерді жалға алу үшін төлем, жинақтау бойынша міндетті ай сайынғы төлем және коммуналдық шығындарын жүргізіп отырады. 8 жыл өткеннен кейін немесе пәтер құнының 50% жинақтағаннан кейін баспана жас отбасының меншігіне өтеді. Айта кетейік, жалға алуда жинақтау бойынша барлық көзделген төлемдер уақтылы төленуі керек.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

29-008