Үкімет осыдан бір жыл бұрын жасы жер ортасына жеткен азаматтарды жұмыспен қамту туралы кешенді жоспар дайындаған болатын. Елуден асқан азаматтарды ешбір мекеменің жұмысқа қабылдамай жататыны жасырын емес. Ал бұл проблемамен жергілікті жұмыспен қамту орталықтары қалай күресіп жатыр?
«Елу жасқа келдің бе, еңбектен шеттеп кеттің бе?» Қазір ердің жасы 50-ге келген әрбір адам кейінгі тағдырына алаңдаушылықпен қарайтын болған. Өйткені, жер ортасына келген жасын бетіне басып, жұмысқа қабылдамайтындар көп. Олай деуімізге негіз бар. Өйткені, облыста 26 мыңнан астам жұмыссыз халықтың 2 мыңнан астамы — 50-ден асқандар. Өзіңізден сұрап көрелік. 50 жаста жұмысқа тұру оңай ма?
Хадиша Баймұхамбетова, қала тұрғыны: «50 жастан кейін жұмыс табу өте қиын. Мекемелер, тіпті, сөйлескісі де келмейді. Басымыздан өткен кезінде. Хабарландыруды оқысаң, 30 жасқа дейін дейді. Ары кетсе 35 жасқа дейін жұмысқа қабылдайды. Осындай 40-қа келген бізді не, атып тастау керек пе деген ойға қаласың.»
Қараша «Құл базары» атап кеткен ауданда да екі қолға бір күрек іздеп отырғандардың денінің жасы 50-ден асқандар. Нанын табан ақы, маңдай терімен адал тауып жүрген мұндағы ағайын мекемелерге барып жұмыс сұрауды қойған. Оған бірінші себеп, жасының келгендігі болса, екіншісі, ондағы айлығының шайлыққа жетпейтіні.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=DLPNKsDn9oE[/youtube]
Қайрат, қала тұрғыны: «Мемлекеттің мекемесі бар болғаны айына 45-40 мың теңге жалақы береді. Қазір қараңызшы, доллар қымбаттап кетті, азық-түлік те соған сай, қымбат. Бұл ақшаға қалай күн көруге болады? Үйде шиеттей бала-шаға. Ал мұнда мен күніне кемінде 4 мың теңге табам. Көлденең келген кез келген жұмысты істесем де нанымды адал тауып жүргеніме қуанам.»
Ал 52 жасар Галина Архипхинаның жолы болды. 30 жыл бойы мұғалім болған апайды бұрынғы жұмыс орны жасына байланысты орнынан босатқан. Дегенмен, мамандығы заман талабына сай азаматша жерде қалған жоқ. Оған қалалық жұмыспен қамту орталығы жұмыс тауып беріпті. Айлығына көңілі толады.
Галина Архипкина, педагог: «Қажетті құжаттарымды жинадым. Содан соң осында жұмысқа орналастым. Жасыма байланысты мәселе туындаған жоқ. Мүмкін, менің жолым болып кеткен шығар.»
Қалалық жұмыспен қамту орталығы жыл басынан бері Галина сынды 434 азаматты жұмыспен қамтыпты. «Жасы 50-ден асқан ел ағалары мен аналарына жұмыс тауып беруде біз де қиналамыз» дейді мұндағылар. Өйткені, жұмыс берушіні мәжбүрлейтін заң жоқ. Ал жұмысқа құлшынып тұрған адамдардың бар қалауы көбіне орындала бермейді екен.
Айша Қамбарбекова, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары: «Кезекте тұрған кісілердің мамандығына сәйкес индустриалды аймақта жұмыс орындары бар. Бірақ оған азаматтар барғысы келмейді. Алыссынады. Жұмысын ауырсынады. Ондай жағдайлар да бар. Барлығы күзетші болсам дейді. Оның барлығына күзетшілікті біз қайдан тауып береміз?! Біз қартайдық, енді күзетші болып отырсақ дейді. Бір мекемеде бір, ары кетсе 2 күзетші болады. Бәріне күзетшілікті тауып беру қиын.»
Қиын істі қолға алған жұмыспен қамту басқармасы жыл басынан бері 50-ден асқан 1363 азаматты жұмысқа тұрғыздық дейді. Бұл облыс бойынша жасалған сараптама. Әлі 800-дей егде кісі осы жұмыс кезегінде тұр. Бұған әлі әр түрлі жастағы 26 мыңнан астам жұрттың жұмыс іздеп жүргенін қосыңыз.