Мәртөбеде мешіт салған азамат аты-жөнін жария етпеуді өтінді

Мәртөбеде мешіт ашылды. Қасиетті Рамазан айында пайдалануға берілген «Алла үйінде» бір мезетте мың жамағат намаз оқып, Жаратқанға құлшылық ете алады. Сайрам ауданынан Шымкенттегі Әл Фараби ауданының құрамына жаңадан кірген елдімекендегі құлшылық үйі Шымкенттегі 102-ші мешіт болып тіркелді. Айта өтейік, республика бойынша мешіт саны жүзден асқан қала жоқ.

Мәртөбеде мешіт ашылды

Салтанатты ашылуы қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген Алланың ақ үйіне асыққан жамағат мешітке көптеп жиналды. Өйткені, Мәртөбеде бұған дейін Ислами талапқа сай келетін мешіт болмапты. Кеңес кезінде үй-үйді жағалап намаз оқып, Жаратқаннан медет тілеген жұрт, 90-жылдары ғана бұрынғы мәдениет үйін реттеп, ғибадат еткен екен. Ол да осы жаңа мешіттің орнында болған.

Сұлтан Әтеков, Мәртөбе елдімекеніндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Ол жерде суық болатын. Айт намазы күндері көбінесе адамдар сыймайтын. Жаңбырларда, суықта қалып кететін халық сыймастан. Сонда да болса халқымыз сенімінен таймастан, осы жерде намазын оқитын. Бірақ, міне, Аллаға мың шүкір, мешітіміз жаңарып отыр. Енді жамағатпен бірге Құдайға құлшылық етуді жазсын.»

Мәртөбе мешітінің құрылысына демеуші болған жергілікті кәсіпкер. Бір мезетте мың мүмін мұсылманға орын табылар мекеннің іші кең, шаңырағы биік. Тіпті, байқасаңыз, ғимараттың қасбеті де кейбір ата-бабалардың атауынан ада.

Бейбіт Мырзагелдиев, облыстың бас имамы: «Бір қуанарымыз, мешітті салған осы елдің азаматы «Мен әкемнің атын немесе туыстарымның атын бермеймін. Мешітті Алла разылығы үшін соқтым. Егер, мүмкіншілік болса, менің атымды да атамауларыңызға мен разымын» дегенінің өзі біздің шынайы Алла деген мұсылман қауымының өсіп-жетіліп келе жатқанын еске салып, бір қуантады. Көбісі мешіттерді салғанда «Мен әкемнің атын беруім керек, бабамның атын беруім керек, жаңғыртуым керек осылай» деген сияқты ұсыныстар айтып, әртүрлі түсініспеушіліктер болып жатады. Дегенмен, мұндай атаулар асыл дінімізге теріс деген сөз емес.»

Мәртөбеде мешіт ашылды

 

Мәртөбеде мешіт ашылды

Айта өтейік, Мәртөбе ауылында төрт мың бес жүзден астам адам тұрады. Қалаға жаңадан қосылған елдімекендерге халықтың басын қосып, құлшылық ететін мешіттер әлі де керек. Мұны жүзеге асыру үшін жергілікті билік кәсіпкерлерді тартып, Алла үйінің санын көбейтуді көздеп отыр.

Мәртөбеде мешіт ашылды