Мүгедектерге қайтарымсыз қаражат берілді

31-шілде күні «Даму» қорының жергілікті филиалы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қайтарымсыз қаржының грантын табыс етті. «Жұлдыздарға қара» байқауында жүзден жүйрік шыққан 4 кәсіпкер — бірінші, екінші және үшінші топтың мүгедектері.

Мақсат Сәрсенбаев
Мақсат Сәрсенбаев

Мақсат Сәрсенбаев — ағаш өңдеу ісінің шебері. Ес білгелі осы істі кәсіп еткен жас жігіт І топтың мүгедегі. Дегенмен, өмірге құштар жан бұл сынақтар үшін еңсесін түсірген емес. Керісінше, ашқан кәсібін одан әрі өркендеткісі бар. Алайда қолдың қысқалығы біраз жоспардың кейінге қалуына себеп болып жүр.

Мақсат Сәрсенбаев, І топтың мүгедегі: «Көп нәрсе істей аламыз. Оларды істеуге бізге құрылғылар жетпейді. Қол станоктары, үлкен станоктар деген сияқты. Сол станоктар болса біз сандықты да, есік, терезе, бесіктерді де және басқа керекті заттарды істейтін едік.»

Даму қоры. Мүгедектерге грант табыстау

Кейіпкеріміздің бұл ептілігін «Даму» қоры дер кезінде байқады. Мақсат қатысқан «Жұлдыздарға қара» жобасында оның ісін үздік деп танып, жүлделі орындар қатарына шығарды. Ал 200 мың теңге қайтарымсыз ақшаға жас жігітке қажет құрылғыларын табыс етілді. Енді Мақсаттың мақсатты жобалары жүзеге асатын күн алыс емес.

Мұнан бөлек бұл күні 8 жарымжан кәсіпкер өтінім берген байқаудан тағы 3 азамат жүзден жүйрік деп танылды. Атап айтсақ, тігіншілікті кәсіп еткен Гүлдариға Темірбаева (Шымкент қаласы), фото түсіру қызметін көрсететін Еркінбай Шалтан (Түркістан қаласы) және омарташы Әбілқасым Үсен (Шардара ауданы). Жарыс жеңімпаздары қатысушының еңбегіне және дертінің ауыр-жеңілдігіне қарап анықталыпты. Ал ілкімді істі аяғына дейін жеткізген — «ҚазКоммерцБанкінің» «Құс жолы» қайырымдылық қоры.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=9ENBZPINV94[/youtube]

Мұхит Сейдахметов, «ҚазКоммерцбанк» АҚ Шымкенттегі филиалы директорының орынбасары: «Бұл жоба бірінші кезең болып саналады. Екінші кезең қыркүйек айынан басталып, оған тағы кәсіпкерлердің өтінімдері қабылданатын болады. Бұл жоба 2005 жылдан басталған. Сол 8 жылдың ішінде 860 адамнан өтінім түсіп, оның 250-дейі жеңімпаз саналып, әр түрлі көмектер көрсетілген.»

Өңірімізден бөлек республика бойынша 42 кәсіпкер бүгінгі бірінші кезеңнің жеңімпазы ретінде анықталды. Айта кетерлігі, барлық грант ақшалай емес, заттай күйінде табысталып жатыр.

Бизнес ашып, кәсіпкер боламын дейтін мүмкіндігі шектеулі жандар 1-қыркүйектен 26-қазанға дейін байқаудың екінші кезеңі негізінде өтінім бере алады. «Даму» қорының мекенжайы: Шымкент қаласы, Т.Рысқұлов көшесі, 8-үй.