Шымкентте жас мамандардың қатары көбейді. Бүгін М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ-ның 1200 студенті жоғары білімін дәлелдейтін құжатқа ие болды. Ұжым түлектерге диплом табыстап, тіпті олардың қызметке орналасуын да қамтамасыз етуге кіріскен.
Жылдар бойы күткен қуанышты сәт, жоғары біліммен марқаю, ақ-тілек құттықтаулар. Дәл мұндай әсерді бүгін М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ-дың түлектері сезінді. Оларға жоғарғы оқу орнын тәмамдағанын дәлелдейтін дипломдар табысталды. Бітіруші жастардың мерекелік әсерін бал-бұл жайнаған жүздерінен-ақ байқауға болады.
Әсел Сейдуллаева, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ-дың түлегі: «Дәл қазіргі әсерім өте керемет. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен №15 мектепте іс-тәжірибеден өтіп, сонда көптеген дүниелерді үйрендім. Маған өзге де педагогтар мамандықтың қыры мен сырын айтып, осы салаға баулыды. Сондықтан мен осы №15 Менделеев атындағы мектеп-гимназияға қызметке шақырып жатыр. сонда жұмысқа кіремін деп жоспарлап отырмын».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=e0tbxoRSwvI[/youtube]
Арайлым Сейдуллаева, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ-дың түлегі: «Бастауыш оқыту педагогикасының әдістемесі мамандығын бітіріп, өзімді маман ретінде алғаш сезініп тұрмын. Өте керемет көңіл күйдемін. Қазіргі уақытта көптеген ауылдардан сұраныс түсіп жатыр, сондықтан ұсынысты қарап көремін. Ұнаса, міндетті түрде ауылға мұғалім боламын».
Дәл осындай жоғары білімін дәлелдейтін құжат М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ-ның 1200 шәкіртіне табысталды. Ал бітіруші жастар артылған сенімді ақтаймыз деп, ұстаздарына алғысын жаудырып жүр. Қуантарлығы ұжым түлектерге сапалы білім ғана берген жоқ, олардың қызметке орналасуын да қамтамасыз етуге кіріскен.
Гүлнәр Жұмағұлова, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ доценті, гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі: «Түлектеріміз оқуды бітірмей жатып-ақ, оларға сұраныстар көптеп түсті. Мәселен, «Парасат» колледжі, №15 мектеп интернаты, «Үміт» көзі нашар көретін балалар мектеп-интернаты, сонымен қатар №39 М.Жұмабаев атындағы орта мектеп тағы да басқа білім ұйымдарынан. Тіпті оқу кезінде іс-тәжірибеден өткен мекемелері арнайы сұраныс хатпен шығып, шақырып жатыр. Бұл — біз үшін үлкен жетістік, мақтаныш! Және оқу орнымыздың білімді жастарды тәрбиелейтінінің дәлелі».
Айта кетейік, бүгінде бір ғана М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ-да гуманитарлық, техникалық және педагогикалық сынды 3 бағыт бойынша 5000-нан аса студент білім алып келеді.