Олимпиада – спорт залында бірнеше жыл төгілген тердің қайтарымын көрсететін сәт. Жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындары жақындап қалды. Нақтырақ айтсақ, тамыз айының 16-28 аралығында аспан асты елі Қытайдың Нанкин қаласында өтеді. Қазақстан қоржынында 42 лицензия бар. Додада 50 спортшы бағын сынайтын болады. Солардың бірі шымкенттік ару – Аружан Әбдіразақ. Ол спорттың садақ ату түрі бойынша ел намысын қорғамақ. Айта кетейік, 17 жасар спортшы қыз садақ ату бойынша қоржынға түскен жалғыз лицензияның иегері. Осы ретте біз қиын да қызық спорт түрін меңгерген мерген қызды әңгімеге тартқан едік.
– Аружан, спортпен айналысып жүргеніңе көп уақыт бола қоймаған. Қателеспесем, сен үшін Қытай елінде өтетін Олимпиада спорттық карьераңдағы алғашқы маңызды дода болғалы тұр. Әлемнің кіл мықтылары бағын сынайтын жазғы Олимпиадаға дайындық қалай?
– Дайындық қызу жүріп жатыр. «Жақсы дайындық – жеңіс кепілі» деген бар емес пе? Сондықтан жаттығу жұмыстарын күшейттік. Елдің намысын арқалап бара жатқандықтан жеңіске жетуге барынша тырысамын.
– Мықты қарсылас деп кімдерді айта аласың?
– Спорттық доданың кез келген түрінде мықтылар бәсекелеседі. Спортта баптан бөлек бақ та шабатын сәттер кездесіп жатады. Сол себептен мына спортшы осал, анау спортшы мықты деп бөліп жара алмаймын. Дегенмен Оңтүстік Корея елінің қыздары садақ атудан әлем бойынша көшті бастап тұр. Мақсатым – сол елдің қыздарын басып озу.
– Садақ атудан елімізге бұйырған жалғыз лицензия сенің еншіңде екен. Бұл бізде садақ ату спортына деген қызығушылықтың жоқтығының салдары ма?
– Қызығушылық мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Бізде жаттығу өткізетін кешендердің тапшылығы басты мәселе болып отыр. Елдің өзге аймақтарында бұл проблема әлі түпкілікті шешімін тапқан жоқ. Егер жаттығу жасауға мүмкіндік болмаса, қанша жерден қызығушылығың болып тұрса да, кәсіби жетістікке жету қиын. Қысқасы, садақ ату – барлық өңірде керемет дамыған. Шымкентте спорттың бұл түріне соңғы жылдары көбірек көңіл бөлініп келеді. Кәсіби түрде жаттығу жасауға мүмкіндік туды, былтыр арнайы ғимарат пайдалануға берілді. Осындай мүмкіндік туғанына қуаныштымын.
– Күнделікті жаттығуға неше уақытыңды арнайсың?
– Қазір жазғы демалыс уақыты болғандықтан жаттығу залында мейлінше көп болуға тырысамын. Таңертең 3 сағат, түстен кейін кешкі 7-ге дейін, тіпті кейде 21.00-ге дейін жаттығу жасап жүрмін. Шынымды айтайын ба, жаттығу жасау арқылы жаным рахат тауып, керемет күйге бөленемін.
– Спортқа қалай келдің және неліктен дәл осы спорт түрін таңдадың?
– Спортта жүргеніме биыл небары 4 жыл болды. Оған дейін өзімнің қатарластарым секілді ән айту, би билеу хоббиім еді. Бала күнімде қолыма не түссе соны көзбен дәлдеп лақтыруға құмар болған екенмін. Бойымдағы осы бір қасиетті көрген атам спортқа мені өзі алып келді. Ол кісі кәсіби спортшы болмаса да, салауатты өмір салтын ұстанған жан. Көбі «садақтың салмағы тым ауыр, зиян емес пе?» деген сауал қойып жатады. Рас, салмағы әжептеуір ауырлау. Бірақ, адамның жасағанын адам қайталай алады ғой. Бастысы, садақ ату өзіме ұнайды.
– Бапкерің жайлы айтып берші…
– Спортқа алғаш келгенімде садақ атудан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерман Мұсабеков қабылдап алып, сол кісі тәлімгерлік еткен болатын. Күні бүгінге дейін сол Ерман ағай жаттықтыруда. Сіздердің газеттеріңізді пайдалана отырып, ол кісіге алғысымды білдіремін.
– Ендеше, Аружан, ел туын көкте желбіретіп, жеңістен көрінгейсің.
Сұхбаттасқан – Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ