Оңтүстіктегі тарихи жәдігерлер жойылуы мүмкін

1568
Мұражайда 15000 археологиялық жәдігер бар

Төл тарихымыздан сыр шертер жәдігерлерге жойылып кету қаупі төніп тұр. Бұл жөнінде облыстық тарихи өлкетану мұражайының қызметкерлері қор сақтау тәртіптері тақырыбында өрбіген облыстық семинарда мәлімдеді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=QD_cLaCPTXg[/youtube]

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында археологиялық жәдіргерлер жертөледегі бір ғана бөлмеде. Аядай ғана орында құндылықтар амалсыз жапсарласа, тығыз орналастырылады.

Бүгінде осы қорда 15 мың жәдігер сақталыпты. Мұның барлығы Оңтүстік Қазақстан облысы қазба жұмыстары кезінде табылған. Бір бөлігін жерлестеріміз әкеліпті. Ал осы жәдігерлер өз қалпын сақтау үшін бөлме әрдайым қараңғы болуы тиіс. Бұған қоса қордың қалыпты температурасы 18 градус. Және жәдігерлердің тозбауы үшін олар апта сайын арнайы химиялық қоспалармен жуылады. Мұражай қызметкерлері осықұндылықтар жуырда жойылуы мүмкін деп қорқып отыр.

Мұражайда 15000 археологиялық жәдігер бар
Мұражайда 15000 археологиялық жәдігер бар

Айсұлу Ержігітова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері: «Қазіргі таңда қор сақтау бөлімі 5 қабатты  тұрғын үйдің жертөлесінде орналасқан. Сондықтан ылғал көп әсер етеді. Үй енді ескі болғандықтан, құбыр жарылып, су құбырлары істен шығып, біздің қорға су ағады. Сондай қиыншылықтар туады, болса да ол ылғал біздің жәдігерлерге зиян келтіреді.»

Дәл осы проблема облыстың қор сақтау мамандарының қатысумен өткен семинарда талқыланды. Аудан-қаладан келген 50 мұражай қызметкері облыстағы тарихи мәні зор жәдігерлердің қалпын сол күйі сақтау мәселесімен бас қатырды. Анықталғандай, аталған мұражай бүгінге дейін 2 бірдей ғимарат ауыстырған. Мынау соңғысы бұрынырақта дүкен үшін арнайы салынған екен. Биыл мәдени орынның 88 мың тарихи жәдігерін сақтап қалу үшін жаңа олыстық мұражайдың құрылысы қолға алынған еді.

Гүлнәр Саматқызы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры: «Жаңа ғимаратты барып, көріп қайттық. Бірақ ол да тар, осы ғимаратпен шамалас, жәдігерлер сыймай қалады ғой.»

Айта кетейік, 94 жылдық тарихы бар өлкетану мұражайы жыл сайын жаңа экспонаттармен толығады. Соңғы үш жылдың ішінде мекемеге мәдени құндылықтарды сатып алу үшін қазынадан 10 милиион теңге қаржы бөлініпті. Ал егер ғимарат мәселесі шешілмесе, тарихи құндылықтарға төнген қауіп жалғасады деген сөз.