Оң нәтиже ме, теріс нәтиже ме? Тассай елдімекенінің тұрғыны Айжан Сүлейменова бір айдан бері өзінің және балаларының сырқат не сау екеніне көз жеткізе алмай жүр. Дәрігерлер оған В гепатитін жұқтырған деген диагноз қойып, артынан оны қайта жоққа шығарған. Ал 2 жасар баласына вирустық гепатиттің ең ауыр түpi — С гепатитіне шалдыққан деген қорытынды жасалыпты.
Күйеуінен В гепатиті анықталғаннан кейін ақ халаттылдар Айжан Сүлейменованың отбасын тегіс медициналық сараптамадан өтуге жіберген. Сонда барып одан гепатиттің В түрі анықталған. Ал 2 жасар баласынан сары аурудың ең ауыр түpi — С гепатиті табылды дегенде, жас ана есінен адаса жаздапты.
Ал Айжанның өзі бір жылдан бері қан орталығына донор ретінде тіркелген. Әр қан тапсырар алдында мұқият тексеруден өткізеді. Бірақ, орталықта Айжаннан ешқандай сарыаурудың белгісі анықталмаған. Ал жергілікті емхананың сараптамасы жасаған қорытынды -баяғы. Өздерінің не сау не сырқат екендерін біле алмай, табаннан тозғанына айдан асты.
Облыс орталығына келіп, тағы да тексеруден өткенде Айжан алғашында өз көзіне өзі сенбеді. Мұндағы дәрігерлер оның ағзасы індеттен құлан таза деген қорытындыға келген. Осыдан кейін Айжанның өзі тұратын Сайрамдағы дәрігерлердің біліктілігіне күмәні пайда болды. Ал Ақсукент емханасының мамандары сараптама қорытындысы шығарып берген қондырғыға шық жуытқысы келмейді. Айтуларынша, автоматтандырылған аппарат су жаңа, әрі бабында жұмыс істеп тұр.
Ағзада ауытқулар болып тұратындықтан, вирустың бас көтеруі де құбылмалы келеді. Міне, осылай деп жауап қатқан жергілікті дәрігерлердің жауабы да аппараттан шығарылған сараптама қорытындысы сықылды солқылдақ шықты.
Сондықтан Айжан тағы да кезекті, төртінші рет сараптамадан өтуге бел буды. «Ақсукент» емханасының мамандары бұл жолы алынған қанды екі бөліп, жартысын қан орталығына жібереді. Қалғанын өздері сараптап көреді. Екі жақты сараптама қорытындысы мәлім болғаннан кейін ғана ананың сау не сырқат екені анықталмақ.