Бразилиядағы дүбірлі доп додасы аяқталды. Немістер жеңіске жетті. Тұп-тура бір ай бойы әлем назарын аударған чемпионат соңғы жылдардағы ірі турнирлердің ішіндегі ең қызықтысы болды деп айтуға негіз бар. Ә, дегеннен сенсациямен басталған доп додасы әрі қарай шытырман желімен жалғасты. Сөйтіп, сайыстың соңына дейін жанкүйерлер мен көрермендерді жалықтырған жоқ. Сол есте қалған сәттердің біразына тоқтала кетсек.
СҮРІНГЕН ЕУРОПАЛЫҚТАР
2008 жылдан бері екі рет Еуропа, бір рет Әлем чемпионы атанған испандар масқара болды. Көпшілік «чемпионатта жарқылдайды» деп күткен, командалардың көшін бастап келе жатқан испандар оңбай сүрінді. Криштиану Роналду секілді супер жұлдызы бар Португалия, алпауыт Англия, соңғы жылдары Чезаре Пранделлидің қолынан тәлім алып, тәп-тәуір ойнап келе жатқан итальяндықтар да топтан шыға алмады. Бұл құбылысты сарапшылар «Кәрі құрлық» аяқ допшыларының шаршауымен түсіндіреді. Кәдімгі шаршау да бар. Бірақ, ең негізгісі – психологиялық «шаршау». Жыл бойы 50-ге жуық матчта ойнап, ірілі-ұсақты жеңістерге жетіп жүрген еуропалықтарға тың леп жетіспеді деуге болады. Әрине, бұл сүреңсіздіктің жалғыз себебі бұл емес. Дегенмен, ең негізгі себеп деуге болады.
ЖАРҚЫЛДАҒАН ЛАТЫН АМЕРИКАСЫ
Коста-Рика, Колумбия, Чили… Бұлар — биылғы чемпионатта қай құраманың болмасын жанкүйерлеріне ұнаған, өз елінің қаһармандарына айналған құрамалар. Әсіресе, Коста-Рика мен Колумбия жасындай жарқылдады. Ешкім күтпеген тұста атой салды. Еуропалықтарды, басқаларды тас-талқан етіп жеңіп, әбден састырды. Салыстырып қарасаң, аты-жөні мамандардан басқаларға белгісіз жас жігіттер есте көпке дейін сақталатындай дәрежеде өнер көрсетті. Жеңіске жай ғана жеткен жоқ, қақпаларының алдына бетон қабырға құйғандай қорғаныста жүрмеді. Алға ұмтылып, шабуылдаумен болды. Былайша айтқанда, таза жеңіске жетті.
АШКӨЗ АФРИКАНДЫҚТАР
«Қара құрлықтан» келген спортшылардың мәселесі — өз алдына бір тақырып. Олар еуропалықтар секілді оңбай сүрінбеді. Латындар секілді атой салмады. Біразы топта қалды, бірен-сараны плэй-оффтың басында жеңілді. Дегенмен, ойыннан бөлек, адами қасиеттен алыстау екендерін көрсетіп қойды. Барлығы да Камерун құрамасының ұят қылығынан басталды. Это’О бастаған футболшылар чемпионат басталмай жатып, Бразилияға ұшпаймыз деп қиғылық салды. Сондағысы — жарысқа қатысқандары үшін алатын ақшаның көлемін анықтай алмады. Кейіннен, әупірімдеп жүріп футболшылардың аранын жапқан Камерунның футбол шенеуніктері делегацияны Бразилияға алып келді. Ал жарыс орта тұсына жетіп, әбден қызған шақта Гана құрамасынан бүлік шықты. Топтық турнирдің соңғы ойынының алдында Гананың ең беделді ойыншылары — Кевин Прис-Боатенг пен Салли Мунтари жаға жыртысып қалды. Екеуі өзара төбелесіп қана қоймай, бас бапкерге қол көтеруге дейін барған деген сыбыс бар. Соның кесірінен екеуі де құрама сапынан қуылады. Ал басқа ганалықтар да қарап отырмай, айқай шығарды. Көксегендері — тағы сол ақша. Чемпионатқа қатысып, доп тепкендері үшін берілетін ақшаны кейінге қалдырмай, осы қазір қолма-қол алып келуді талап етеді. Амалдары құрыған Гана билігі ақшаны Бразилияға арнайы ұшақпен алып барып, футболшылардың қолына буда-буда күйінде тапсыруға мәжбүр болады. Осы шу біршама басылып қалған кезде Нигерия үн қатты. Француздармен жасыл алаңға шығардың алдында бұл құраманың футболшылары да ақша талап етіпті деген мәлімет тарады. Дегенмен, бұл дау ың-шыңсыз басылды. Қалай болғанда да, онсыз да миллиондап жалақы алатын африкандықтардың аш-жалағаш жүрген отандастарын көріп жүріп, осындай ашкөздікке баруы әлем жанкүйерлерінің есінде көпке дейін қалары сөзсіз.
ФИНАЛ. ЧЕМПИОНДЫҚҚА КІМ ЛАЙЫҚ?
Әлем чемпионы атағынан Аргентина лайықты еді: 2002 жылдан бері әлем чемпионаттарының плэй-офф кезеңдеріне шығып, біраз жерге барып жүрді. Осы уақытқа дейін жарқ-жұрқ ойнап, қарсыласын жеңсе, ойсырата ұтып, жеңілсе, оңбай таяқ жеп жүрді. Ал биыл Марадонаның отандастары алқам-салқам ойнауды қойып, қорғанысқа баса назар аударуды шығарыпты. Соның нәтижесі болар — финалға шықты. Иран, Швейцария, Бельгияға бір доптан соғып, қалған уақытта өз қақпаларын голдан қорғап қалды. Сөйтіп, сыншылар садағына ілінгендері бар. Алайда, ашықтан-ашық айып алаңына автобус қойған жоқ, әрине (Жозе Моуриньоның құлағы шыңылдап кеткен шығар). Дегенмен, Аргентинаның бас бапкері Сабелья тарихта ең алдымен қорытынды есеп пен нәтиже қаларын мықтап ұстанған екен. Ал, ең бастысы — Аргентина футболындағы жарқын әрі ерекше жұлдыз — Мессиге өзінің футбол тарихындағы ең мықтылардың бірі немесе бірегейі екенін дәлелдеудің ең басты мүмкіндігі. Бәлкім, ең соңғысы да болар, кім білсін. Төрт рет «Алтын допты» ұтып алған Мессиді жақтырмайтындар көп. «Леванте, Осасуналардың қақпасына 3-4 доп соғып, Челсиге жалғыз доп енгізе алмады, команда басшылығына өз дегенін жүргізді, жақтырмайтын командаластарын саптан кетірді, ең бастысы, ұлттық құрама сапында түк істей алмады» дейтіндер жеткілікті. Осы жолы сол әңгімелерді тоқтатып, тек Барселонада ғана емес, Аргентина құрамасында да дұрыстап доп тебе алатынын дәлелдеуі тиіс болатын.
Алтын кубокқа иелік етуге Германия да лайықты болатын. Себебі, 10 жылдан астам уақыттан, дәлірек айтқанда, 12 жылдан бері ірі турнирлерде (Әлем чемпионаты, Еуропа чемпионаты) жартылай финалдан кем түспей келеді. Ал бұл — тұрақтылықтың нағыз белгісі. Темірдей тұрақтылық. Таласы барлар араға 2 жылдан салып, әр турнирде жоғарғы сатыға шығып көрсінші, қолдарынан келсе? 2006 жылы Германия өз үйінде жартылай финалда қазіргі Бразилияның күйін кешті. Италиядан 0:2 болып ұтылды. Әрине, ол есеп 1:7-дей масқара емес болар. Бірақ, қай жеңілістің дәмі оңған дейсіз? 2012-дегі Еуропа біріншілігінде немістер жартылай финалда тағы сол итальяндықтарға 0:2 болып, есе жіберді. Жаратқан ием аяған болар, биылғы жартылай финалда немістер жарыс қожайындарын 1:7 қылып, өкініштің бәрін лақылдап қайтара салды.
Неміс құрамасының сапында Криштиану Роналду немесе Лионель Месси секілді супер жұлдыз жоқ. Есесіне, команда жігіттері біркелкі. Сайдың тасындай іріктелген. Құрылысқа өте қажет «оптималка» тас сияқты. Бірін-бірі кез келген уақытта ың-шыңсыз алмастыра салады. Өз елінде әжептәуір жұлдыз, Бавария мен ұлттық құраманың еркесі саналатын Марио Гетценің өзі бұл жолғы доп аламанында қосалқы ойыншылар арасында отырған соң, не айтасың? Ал жарақат алып, жарысқа келе алмаған Марко Ройс ше? Ол да жалғыз өзі Боруссияны сүйреп жүр ғой. Қалай болғанда да әр командадан бір үздікті атау керек болса, биыл немістердің ішінен Тони Кроос пен Томас Мюллер төбе көрсетеді. Екеуі де тепе-тең. Тони салмақты, ұстамды ойынымен қатты таң қалдырды. Қандай сәт туындаса да түк саспайды, ең ұтымды шешім қабылдайды. Осы додада қаншама голдық пастарды шығарып берді десеңізші?! Ал Мюллер ше? Бір өзі бес доп соқты. Мамандар Томастың қарсыластар қақпасына дәл 15 соққы жасағанын санапты. Сонда оның әр үшінші соққысы ала торда тулады деген сөз. Артық еті жоқ, тарамысқан Томастың алаңда жүрмейтін жері аз. Сіңірі созылып алып, өлермендікпен алға ұмтылады дейсің. Дәп бір ауыл-ауылдың топырақ жолында шашыла жаздап, ыңыранып, бірақ, иесіне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан немістің ескі «иномаркасы» секілді. Жылы ескі, бірақ, еш өлмейтін машиналар бар ғой, солар секілді тура.
Марио Гетце аз, бірақ, саз ойнады. Топтың турнирден кейін көзге көп түсе қоймаған. Сөйтсек, күшін финалға сақтаған екен. Алғашқы таймда немістер қарсыластарын «жеп» қойды. Шабуыл үстіне шабуылдан көз ашпаған аргентиналықтар өз алаңынан аттап баспады. Иә, үш рет немістер қақпасына барып-қайтқан аргентиналықтардың қарсы шабуылы жойқын көрінген. Дегенмен, нәтижесіз қалды. Сөйтіп, екінші таймда біраз күш үнемдеген Йоахим Левтің шәкірттері екінші қосымша уақытта жеңіс голын соғып, әлем чемпионы атанды.
СТАТИСТИКА СӨЙЛЕГЕНДЕ
* Аргентина құрамасының капитаны Леонель Месси осы чемпионаттың ең үздік ойыншысы атанып, «Алтын допты» ұтып алды. Месси осыған дейін турнир барысында төрт рет ойын үздігі атанды. Бұған дейін аргентиналықтар сапынан Марио Кемпес 1978 жылы және Марадона 1986 жылы әлім біріншілігінің үздік ойыншылары атанған болаты. Айтпақшы, атақты Марадона өзінің отандасы Месси бұл жүлдесіне лайықты емес деген пікірін ашып айтты. Солай.
* Германияға жеңіс сыйлаған доптың авторы — Марио Гетце финалдың үздік ойыншысы атанды.
* Бір айда ойналған 64 матчта 171 доп соғылды. Соның бесеуі — автогол. 171 гол – рекордтың қайталануы. Бұған дейін 1998 жылы Францияда өткен жарысты да 171 доп соғылған еді.
* Алғаш рет Оңтүстік Америка құрлығында өткен доп додасында Еуропадан келген құрама чемпион атанып отыр.
* Йоахим Лев басқарған Германия құрамасы 2014 жылғы әлем чемпионатына о бастан іріктеу турнирін есепке алғанда бірде-бір кездесуде жеңілмей, ақыр соңында чемпион атанып отыр.
* Биылғы чемпионатта ұзын-саны 187 ескерту қағазы берілді. Бұдан бөлек 10 ойыншы қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
* Ең дөрекі кездесу — 1/8 финалдағы Коста-Рика — Грекия матчы: 8 сары, 1 қызыл қағаз. Ал ең дөрекі құрама — Бразилия. Пеленің отандастары 14 сары қағазбен ескертілген. Осы тұста Нидерланды құрамасының фол жасағанын айта кету керек.
* Ең үздік сұрмерген — Хамес Родригес. Колумбия құрамасының жас футболшысы 6 гол соқты.
Нұрлан Бектаев