Шымкент қаласындағы жерді аймақтарға бөлу сызбасы

Газетіміздің өткен нөмірлерінде қалалық мәслихаттың «Шымкент қаласының жерді аймақтарға бөлу схемасы» туралы шешімін жариялаған болатынбыз. Осы ретте жерді аймақтарға бөлу нені білдіреді және оны кім жүргізетінін білгісі келіп, редакцияға қоңырау соққан оқырмандар көбейді. Оқырмандардан келіп түскен сауалдарды Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауовқа жеткізе отырып, мән-жайды түсіндіріп беруін өтінген едік.

28-003

– Жерді аймақтарға бөлу ҚР Жер кодексі негізінде жүзеге асырылады. Жерді аймақтарға бөлу – жер аумағын, оның нысаналы мақсаты мен пайдаланылу режимін белгілей отырып айқындау үшін қажет. Жерді аймақтарға бөлу туралы шешімді қалалық мәслихат қабылдайды. Ал оның жүзеге асырылуы жер қатынастары бөліміне жүктеледі, – дейді бөлім басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қаланың аумағы 5 аймаққа бөлінген еді. Алайда, бас жоспардың өзгеруіне орай қалаға 40 елдімекен қосылып, осыған байланысты шаһар аумағы 117 мың гектарға ұлғайды. Тиісінше қаланың аймақтары да көбейді.

Маманның сөзіне сүйенсек, жерді аймақтарға бөлу біз ойлағандай оңай шаруа емес екен. Әзірге, аймақтарға бөлу схемасының қаңқасы ғана бекітілген. Көп ұзамай қалалық мәслихаттың шешімімен жоба өз күшіне еніп, кезең-кезең бойынша жұмыстар жүргізілмек.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ