Шымкентте Астананың сирек суреттерінің көрмесі ашылды

622
Ақмола вокзалының фотосы да көрменің төріне ілінген

«Астана келбеті — ұлт келбеті». Шымкентте осындай тақырыпта Елордаға деген құрмет-сүйіспеншілікті жеткізетін көрме ұсынылып отыр. Шілденің алғашқы күні ашылған мәдени орынға келушілердің қатары қалың.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=kSTBVfcdz28[/youtube]

«Ескі қаладан естеліктер», «Астана — арман қала», «Елбасының қанаттанған қиялы». Дәл осындай тақырыптағы тұщымды фотоеңбектерді осы көрмеден кездестіресіз. Мұнда суреттер Елорамыздың бүгінінен ғана емес, өткенінен де сыр шертеді. Шілденің алғашқы күнінен бастау алған көрмеге келушілердің қатары сейілер емес.

Көрмеге 120 жәдігер қойылған
Көрмеге 120 жәдігер қойылған

Айғаным Төлепова, қала тұрғыны: «Бүгінгі көрме маған өте әсерлі болды, себебі, бұл көрмеге Астана қаласының ескі суреттері қойылыпты. Тіпті, тарихын ұғуға болады. Астана қаласының тарихын біз білеміз, естиміз, кітаптан да оқып жатырмыз. Бірақ көрмеге келіп, тамашалау арқылы соның бәрін көзбен көргендей әсердеміз.»

Көрмеге Астананың шежіресі мен бүгінгі сұлулығын таныстыратын 120 фото-жәдігер қойылыпты. Оның әрқайсысы өзінше сөйлейді. Шымкенттіктердің Астана қаласындағы жәрмеңкелері мен өнер кештерінің бейнелері де шарадан тыс қалған жоқ.

Облыстық тарихи өлкетану мұражайының төріне жайғасқан туындылардың арасында Қазақстанның өзге аумақтарында әлі күнге кездесе бермейтін фотосуреттер де бар. Бұл осы көрменің ерекшелігі болса керек.

Ақмола вокзалының фотосы да көрменің төріне ілінген

437

Құндызай Ақжігітова, облыстық тарихи өлкетану мұражайының кіші ғылыми қызметкері: «Бұл жерде ертедегі Ақмола қаласының суреттері бар. Ал өзге өңірлердегі кездеспейтін фото деп сол Ақмола кезіндегі вокзалдардың суреттерін айтар едім. Ол суреттер де бізде бар. Қазіргі вокзалмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс бар. Мұны көрген адам бір ерекше күйде қалады, толқиды. Астана қаласы күннен-күнге көркейіп жатыр, ал осы көрмеде Астананың ерте кездегі суреттерін көрулеріңізге болады.»

Айта кетейік, Астананың құрметіне арналып отырған көрме жерлестеріміздің сұранысымен тамыз айының үшінші жұлдызына дейін қызмет көрсететін болады. Себебі мұнда қала қонақтары да жиі келеді. Бұған қоса облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ұжымы 25-шілде күні «Мұражай қызметінің сыры мен жәдігерлер сақтаудың тәртіптері» атты облыстық семнар-кеңеске дайындығын бастады.