Шынығып, шымыр болғыңыз келе ме? Онда Абай саябағына асығыңыз. Абай ауданының әкімдігі саябаққа жаттығу құрылғыларын орнатып қойды. Ең бастысы, спорттық құрылғыларда қанша шынықсаңыз да сізден біреу бір тиын ақы сұрамайды.

Абай саябағындағы тренажерларТаза ауадағы фитнес. Ашық аспан астындағы жаттығу алаңшасы құрылғаннан-ақ мұнда жас пен кәрі жиі келетін болған. 8 жасар Снежана Попова да заманауи спорт құрылғыларының сапасын күтушісімен бірге тексеріп көрді. Сөйтіп, кішкентай бүлдіршін жазғы каникулының бір бөлігін осында өткізуді жоспарлады.

 

Қолдануға өте ыңғайлы осынау спорт құрылғылары басқа саябақтарда да орнатылып жатыр. Абай аудандық әкімдігінің мамандары болашақта мұндай алаңшаны көпқабатты үйлердің аулаларына қоюды да болжап отыр.

Ахмет Татыбаев, Абай ауданының әкімі: «Біздің ауданның көлемінде 5 жаттықтыру алаңшасы салынып жатыр. Ол алаңшалардың екеуін Абай саябағына, екеуін Металлургшілер саябағына орнаттық. Бесіншісін Жиделі елдімекеніне қойдық. Осы сынақтан жаттығу құрылғылары жақсы нәтиже көрсетсе, оны аулаларға орнатамыз.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=HcHzZjJVkQ4[/youtube]

Ашық аспан астында шыныққандардың сөзінше, табиғат аясында жаттығу жасау денсаулыққа өте пайдалы. Саябаққа келіп, сіз дем алып қана қоймайсыз, әрі сымбатыңызды да арттыра түсесіз. Сондықтан, тегін тренажерларға келіп, бір ауық өзіңізге көңіл бөліп қоюды ұмытпағайсыз.