Суда жүзуді үйренгіңіз келсе…

29-026

Күннің аптап ыстығында көлеңкені тасалап, суға сүңгіп, денеңді бір сергіткің келеді. Жүзуді білмесең, ондай рахатты толықтай сезіне алмайсың. Сол үшін жүзуді үйренгің келеді. Бірақ, қалай? Мамандардың айтуынша, суда жүзуді адам бала күнінен үйренгені абзал. Есейе келе үйрену қиынға соғуы мүмкін. Бірақ, бәрі де адамның талпынысы мен қызығушылығына байланысты.

Су спортына 2008 жылы келген Мөлдір Алшынбаева бүгінде Шымкенттегі су-спорт кешенінде жаттықтырушы. Соңғы екі жылда аталған кешенде меңгерген техникаларын келушілерге үйретіп келеді.

Мөлдір АЛШЫНБАЕВА, жүзуден жаттықтырушы: 

– Жүзуді 2-3 ай ішінде толықтай меңгеруге болады. Ол үшін жаттығу жұмыстарын тұрақты түрде жасап тұру қажет. Жүзуді мүлдем білмейтін жандар үйренуді қауыздан бастағаны жөн. Себебі онда тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік бар. 

Жүзуді үйренуге кіріспес бұрын алдымен өзіңізді психологиялық тұрғыда дайындап алыңыз. Егер бала күніңізде суға тұншығып немесе өзге де төтенше жағдайға тап болсаңыз, өткенді бір сәтке естен шығаруға тырысыңыз. Одан кейін себезгі (душ) қабылдап, бұлшық етті суға үйретіп алыңыз. Мұнан соң бірнеше рет отырып тұрып, аяқ-қолға жеңіл жаттығу жасаңыз. 3 минуттай бір орныңызда жүгіргендей қимыл жасаңыз. 

Жүзу кезінде ағзадағы барлық бұлшық ет қимылға түсіп, шымырлана түседі. Омыртқаның түзу болуына да спорттың бұл түрі бірден-бір септігін тигізеді. Сондай-ақ, ол арқылы дене сымбаттылығын сақтап тұруға да болады. Айта берсек, оның пайдасы аса көп.

Жүзудің 4 түрі бар. Олар: арқадағы кроль, кеудедегі кроль, брасс, батерфляй. Оның брасс және арқамен жүзу түрі кең қолданысқа енген және оны үйрену оңай екен. Жүзуді білмесеңіз, төмендегі кеңестерді есіңізде сақтап алғайсыз.

29-025

Жүзуді оңай үйрену жолдары: 

1. Аяқ пен қол жаттығуын су ішінде жасаңыз. Кеудемен және арқамен қолды созған қалыпта аяқты суға шалпылдатыңыз. Терең дем алып, демді су ішінде шығарыңыз.

2. Аяқты дене деңгейіндегі қалыпта ұстаңыз. Бүгуге болмайды. Ыңғайыңызға қарай суды есу қимылдарын қолыңызбен жасаңыз. Бұл кезде аяқты бос ұстап, суды шалпылдатыңыз немесе судың ішінде жеңіл қимылдатыңыз.

3. Жүзуге арналған тақтайша-ларды да қолдануыңызға болады. Ол денені су бетінде ұстап тұрады.

4. Бастысы, асықпаңыз. Бірінші жаттығудан кейін жүзуді толықтай меңгеріп кетемін деп ойласаңыз, қателесесіз. Кәсіби мамандардың айтуынша, жүзуді үйренуге 2-3 ай уақыт қажет. Әрине, оның бәрі адамның ептілігі мен қызығушылығына байланысты. Мүлдем зауқы жоқ жандардың жүзуді тіпті жарты жылда да үйрене алмайтын сәттер кездеседі. Сондықтан да әрбір қимылды асықпай, мұқияттылықпен жасаған абзал.

5. Жүзуді жаңадан бастаған сәтте жаттығуды кемінде 20 минут жасаңыз. Аптасына үш рет суға тұрақты түсіп тұрсаңыз, жүзуді тез меңгеруге мүмкіндігіңіз болады.

6. Ең дұрысы, кәсіби жаттықтырушының нұсқауымен үйренуге кіріссеңіз, жүзуіңіз сауатты әрі пайдасы да мол болады.

29-024

Қажеттіліктер: 

Таза әрі кең су кешеніне абонемент алыңыз немесе ағысы жоқ өзенге түссеңіз де болады;

Қажеттіліктер ішінде қолға тағатын балон, тақтайша, резеңке бас киім және тағы басқалары да болуы қажет;

Судан қорғайтын көзілдірікті таңдағанда ыңғайлылығына мән беріңіз.

Дайындаған – Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Әйгерім БЕГІМБЕТ