Тегін интернетке, әсіресе, студенттер риза

390
Қала басшылығы тегін ғаламтор үшін 8 млн,теңге қаржы жұмсапты

Амангелді Қалыбек — орталық саябақтағы ғаламторды алғашқы пайдаланушылардың бірі. Интернеттің жылдамдығын бағалап, қуанышты хабарды достарына жеткізіп отыр. Замандасымыз үшін тегін ғаламтор нағыз күтпеген тосынсый болыпты.

Мүмкіндігі шектеулі жастар да саябаққа ағылды
Мүмкіндігі шектеулі жастар да саябаққа ағылды

Амангелді Қалыбек, «Шынымды айтсам, бұл мен үшін күтпеген сый болды. Мұндай жаңалық Шымқалада орын алатынына сенетінмін, бірақ, жақын арада деп күткен жоқпын. Менің ойымша, енді саябаққа келуші жастардың қатары артады. Себебі мұнда бар жағдай жасалып отыр ғой. Мен бұл қадамды құптаймын, өте қуаныштымын. Біздің Шымкент — жастардың қаласы.»

Кешкі серуенмен саябаққа келіп, кең жолақты интернетті тексеріп, оны қолданушылардың қатары арта бастады. Әсіресе, студенттердің қуаныштары қойындарына сыймай жүр. Бірі ұялы телефондарына үңілсе, екншісі ноутбуктың қызығына батқан.

Ұлданай Орман, студент: «Мен қазір толқу үстіндемін. Қуаныштымын. Қазір құрбыларыммен осында келіп, интернетті көріп жатырмыз. Ұнады, негізі біз сияқты студенттерге бұл айтарлықтай көмек қой. Себебі біздің дәптер-қаламымыз және пәтерақымыз бар, бұдан бөлек оқуымыздың төлемақысы дегендей. Қазір сабақты орындау үшін де ғаламтор аса қажет. Осы орайда ата-анамызға ауыр салмақ салмайтын болдық деп қуанып отырмыз. Өзге қаладағы достарымызбен де хабар алмасып тұру үшін енді арнайы интернет клубтарға теңге төлеп кірмейміз.»

Салтанат Есбосынова, қала тұрғыны: «Саябақта интернет жоқта ақылы орындарға барып немесе ұялы телефонымызға ақша салып қолданатын едік. Енді, міне, мынадай көпшілікке қолжетімді интернетте біз де қол жеткіздік. Мен, негізі, қолөнерге қызығамын. Сондықтан, өнердің жаңа үлгілерінен көз жазып қалғым келмейді. Оған қарап өзім де көп нәрсені үйреніп жүрмін. Мен сияқты өзге де арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жастарға тегін ғаламтор оқу-жаттығу үшін қажет-ақ.»

"Абай" саябағындағы тегін интернетті бір уақытта 1000 адам қолдана алады
«Абай» саябағындағы тегін интернетті бір уақытта 1000 адам қолдана алады

Осы орталық саябақтан бөлек, тегін ғаламтор көзі қаламыздағы «Абай», «Тәуелсіздік», «Жеңіс» саябақтары мен «Жастар» және «Нұрсәт» гүлзарларында орнатылған. Жылдамдығы секундына 8 мегабит сымсыз ғаламтор желісі үшін қазынадан 8 миллион теңге жұмсалды.

Қала басшылығы тегін ғаламтор үшін 8 млн,теңге қаржы жұмсапты

қуанышты хабарды естіген жастар саябаққа жиналды
Қуанышты хабарды естіген жастар саябаққа молынан жиналды

Баһадүр Нарымбетов, қала әкімінің орынбасары: «Негізі бұл қаржының көбісі интернет қондырғыларын сатып алуға жұмсалды. Сондықтан келесі жылы мұншалықты қаржы кетеді деп ойламаймын. Бұдан анағұрлым аз болуы керек. Ал бұл жаңалық келер жылы да жастар үшін жалғасын табады. Енді жастарөздерінің сүйікті әлеуметтік желілеріне осы саябақтарда отырып-ақ кіре алады.»

Айта кетейік, әрбір саябақта бір мезетте 300-400 адам интернетті емін-еркін жоғары жылдамдықпен қолдана алады. Жауапты мамандар осылай деп сендіріп отыр. Айтуларынша, адам ең мол жиналатын «Абай» саябағында қолданыс мүмкіндігі 1000 адамға дейін кеңейтілген.