Оңтүстік шаруалары тропикалық аймақтарда ғана кездесетін жемістерді де өсіре бас-тады. Сарыағаштағы тұқымбақта кәдімгі киви мен банан, анар, құрма мен лимон жайқалып өсіп тұр. «Олардың дәмі мен сапасы өзге топырақта өскен шетелдік жемістерден еш кем түспейді», – дейді бағбандар.
Сарыағаштық кәсіпкер Танабай Шынтасов осыдан екі жыл бұрын Алматыдағы орман тәлімбағынан кивидің бірнеше көшетін әкеліп отырғызыпты. Алдымен тәжірибе ретінде оны жылыжайға, кейін ашық аспан астына егеді. Тропикалық аймақта ғана өсетін жеміс ағашы биыл көктемде бүршік жарып, гүлдей бастаған. «Ағаштың ашық далада өнуі оңтүстік топырағын жерсіне бастағанын көрсетсе керек», – дейді бағбан. Көшеттің шығуын 90-95 пайызға жеткізу ол тек қана ғылым мен өндірістің бірлескен жетістігі деп біледі.
Шаруашылық осыдан біраз бұрын бос жатқан 50 гектар жерді алып, жеміс-жидек көшеттерін егуден бастаған. Шаруалар: «Еуразиялық экономикалық одақ көрші елдің кәсіпкерлерімен бірлесіп жұмыс жасауға жол ашты», – дейді. Өйткені, Ресей мен Беларусь және Қырым жағалауындағы елдерде осындай 300-ден астам тұқымбақ бар екен.
Серіктестік тұқымбақты болашақта ғылыми негізде дамытпақ. Қазірдің өзінде бірнеше оқу орнымен бірлесіп, өсімдік әлемін зерттеу бағытында ғылыми жұмыстар жүргізіп жатыр екен. Алғашқы нәтиже де жаман емес. Бағбандар өнімнің де мол болатынына сенімді.
– Келешекте осы кивидің басқа да сорттарын алып, суыққа төзімділерін әкеліп, көбейтсек деген ойымыз бар, – дейді кәсіпкер Танабай Шынтасов. – Осы бағытта олардан келген сорттарын өзіміздегі жағдаймен салыстырып өңдеп жатқан жағдайымыз бар.
Дәурен Әбдіраманов