Облыс жұртшылығы жыл сайын 372 млн 284 мың дана жұмыртқа тұтынады екен. Демек, жергілікті халықты осынау өніммен толыққанды қамту үшін жылына осыншама жұмыртқа шығаруымыз қажет. Былтырғы жылы халықты өзімізде өндірілген жұмыртқамен қамту 72 пайызға жеткен. Айта кетейік, бүгінде республика бойынша жұмыртқа өндіруде біздің облыс алтыншы орында.
Жұмыртқаны қайнатып не қуырып жеу арқылы асқазанды ғана емес, бар ағзаны пайдалы элементтермен, дәрумендермен толтыруға болады. Құрамындағы ақуыз, йод, фосфор, селен сияқты элементтер созылмалы аурулардың алдын алады. Сондай-ақ, оның құрамында А, В, Д, Е дәрумендерінен бастап, бас-аяғы 13 дәрумен кездеседі. Әдетте, жұмыртқаны ауыр тағамдар қатарына қосамыз. Дегенмен, диетологтар жұмыртқада калорийдің аз мөлшерде болатынына көз жеткізген. Бір жұмыртқаның құрамында орта есеппен 76 калорий ғана бар. Ал майлылығы небары 10%. Сондықтан, көптеген диеталардың мәзірінде жұмыртқа кездесіп жатады. Бұл азық артық салмақтан арылуға және салмақты бір қалыпты ұстауға сеп болады. Сол сияқты жұмыртқа тырнақ, шаш өсімі мен көздің көруін жақсартуда көмегі зор. Сүйектеріңіздің мығым, тістеріңіздің маржандай тізілгенін қаласаңыз, ас мәзіріңізге жұмыртқаны қосыңыз. Жұмыртқа ағзаны түрлі инфекциялардан қорғап, иммунитетті күшейтеді. Сондай-ақ, ағзадағы холестерин мөлшерін төмендетіп, жүрек, жүйке және онкологиялық аурулардың пайда болуына жол бермейді.
Қалай сақталады?
Жұмыртқаны тоңазытқышта -5-40оС температурада сақтайды. Және оларды бір-біріне тигізбей орналастырады. Үшкірлеу жағын төмен қаратып қояды. Сары уызы жұмыртқаның жалпақтау жағындағы ауа камерасынан алшақтау болса, ол жақсы сақталады. Жұмыртқаны тоңазытқышта 3 аптаға дейін сақтауға болады. Тек жұмыртқалар өзіне тез иіс сіңіріп алатындықтан, оны тоңазытқышта көп ұстамаңыз. Және олар дұрыс сақталмаса, яғни, қабығы лас болса, сақталатын орын ылғал тартса белогы сұйылады, уызы қалқып, қатты қабыршағының ішкі жағына жабысып, жұмыртқа өңезденіп, шіри бастайды. Жұмыртқа сақтау орнындағы температураның күрт өзгеруіне де шыдамайды. 21 градус, одан да ыстық температурада ұрық жетіліп, сары уыздың бетінде сақина тәрізді дөңгеленген қан тамырлары пайда болады. Мұндай жұмыртқа тағам үшін жарамсыз, әрі зиянды.
Қалай таңдаймыз?
Бірінші қағида: Әрбір жұмыртқада өндірілген құс фермасының маркасы мен оның сақталу мерзімі көрсетілуі тиіс. Жұмыртқаның бірнеше түрі бар. Өнімде «Д» әрпі таңбаланған болса, бұл өнімнің диеталық бағыттан саналатынын ескеріңіз. Олар небәрі 7-ақ күн сақталады. Егер «С» әрпін байқасаңыз, жұмыртқаның аспаздық мақсатта өндірілгені жадыңызда болсын. Оларды 25 күнге дейін сақтауға болады. Әдетте, жұмыртқаның ақ және қоңырқай түстері кездеседі. Ол тауықтың түсін және тұқымын береді. Дегенмен, олардың түсінде еш айырмашылық жоқ. Екеуі де адам ағзасына пайдалы.
Екінші қағида: Негізінен, жұмыртқаны тек жару арқылы ғана оның жеуге жарамды екеніне көз жеткізесіз. Табаға жарғанда жеуге жарамды жұмыртқаның сарысы жылжымай, формасын сақтап қалуы керек. Және ақуызы мөлдір болуы тиіс.
Үшінші қағида: Сырты таза жұмыртқаны ғана алыңыз. Жұмыртқада қыл-қыбырды байқасаңыз, ондай өнімнен бас тартыңыз. Себебі ондай тауарлар санитарлық өңдеуден өтпеген болуы мүмкін.
Диетаның бұл түрі француздық ғалымдар арасында көп талқыға түскен. Оқымыстылардың бір тобы ақуыз диетасын жақтаса, ендігі бір топ бұл диетаның салмақ тастауға әсер ететініне күмән келтіреді. Француздық қос ғалым Коэн мен Дюканның осы тақырып аясындағы дауласулары тіпті сотқа дейін жеткен. Коэн мырза ақуызға негізделген диеталар өте қауіпті, жүрек-қантамыр ауруларына және рак ауруына шалдықтырады дейді. АҚШ пен Еуропа елдерінде кең танымал диета туралы кітаптың авторы Пьер Дюкан әріптесінің ақуызға негізделген диета туралы пайымдарын шындыққа жанаспайтынын айтады.
Жалпы, соңғы уақытта мамандар ет өнімдерінен бас тартып, жеміс-жидекті көптеп жеу керектігін айтып жатса, жапондық ғалымдар ақуызды көп мөлшерде пайдаланған жөн деп отыр. Зерттеушілер жануарлар етіндегі ақуыздар адамдардың физикалық және психикалық жағдайын жоғары деңгейде ұстап тұрады деген мәлімдеме жасады.
Сонымен, дау туғызып отырған диетаның тәртібі қалай?
Таңғы асқа:
Алты жұмыртқаның ақуызын ажыратып алып, саумалдықпен және 3 ас қасық сұлымен, 1 алмамен араластырып ботқа жасайсыз. Ботқадан кейін қантсыз шай немесе кофе ішуге болады.
Түскі асқа:
3 ас қасық қайнатылған қарақұмық пен қайнатылған 100 грамм тауық етін жейсіз.
Бесінге:
200 грамм сүзбе мен көкөніс салатын әзірлеңіз.
Кешкі асқа:
200 грамм балық етін дайындаңыз немесе жасыл үрмебұршақтан жасалған котлетпен алмастырсаңыз да болады. Және ұйықтар алдында 1 стакан айран не коктейль ішсеңіз де болады. Ақуыз диетасының режимі бойынша осы ас мәзірін үш күн ұста-насыз.
Мақпал Рысбаева