Шымкентте «Жастардың кадрлық резерві» жасағына іріктеу өтті. Өзгелерден оқ бойы озық шыққандар енді Астана қаласындағы оқу-жаттығуға жолдама алды.
Бақтияр Шаймов – «Жастардың кадрлық резерві» жобасына қатысушылардың бірі. Бүгінде қаламыздағы жоғарғы оқу орындарының бірінде кадрлық бөлімнің басшысы қызметін атқарады. Еліміздің болашағына үлесін қосуды көздеген жас маман алдымен әділқазылар отырған залға кірді.
Бақтияр Шаймов, үміткер: «Әрине, үлкен қобалжуды сезіндім. Университетті заңгер мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Ал бұл жоба туралы ғаламтор арқылы білдім. Бағымды сынап көрейін деп отырмын. Менің ойымша, әрбір қазақстандық елдің болашағына жауапкершілікпен қарауы керек. Мен болашақта елдің премьер-министрі болып қызмет еткім келеді. Мақсатыма жету үшін осы жобаның маңызы зор екенін біліп, дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын.»
Келесі кезектегі үміткер — Эльмира Ботабаева. 25 жастағы бойжеткен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру оталығының заңгері. Болашақ өмірін Елордамызда елестететін бойжеткен алғашқылардың бірі болып комиссия мүшелерімен тілдесті.
Эльмира Ботабаева, үміткер: «Қазылар алқасының алдында уайымдап, аздап сасып отырдым. Бірақ, сенімді болдым. Мен еліміздің ішкі саясатына өз үлесімді қосқым келеді. Ал қазір осы жобаның таңдаулы ондығының қатарынан табылатыныма сенемін.»
«Жастардың кадрлық резерві» жасағына осы қатысушылардың оны ғана жолдама алады. Биыл ел аумағында алтыншы рет қолға алынған бастамаға 25-30 жас аралығындағы үміткерлер қатысуға мүмкіндік алды. Және қатысушыларға талап та жоғары. Қазылар алқасы міндетті түрде үміткерлердің жұмыс өтілі мен көшбасшылық қабілетін таразылады.
Бауыржан Молдабек, «ЖасОтан» жастар қанатының атқарушы хатшысы: «Жастардың кадрлық резерві» жобасының жастарға берері мол деп айта аламын. Себебі, бұл жасаққа еніп, арнайы білімін арттырғандар түрлі тағайындауға ие болып, еліміздің алып қалаларында қызмет атқаруға мүмкіндік алады. Түрлі беделді жұмыс орындарын таңдай алады. Ал осы іріктеуден өткен 10 адамның өзі арнайы оқу-тренингтерге қатысып, тағы да іріктеуден өтеді. Сөйтіп қана жолдамаға ие болады.»
Айта кетейік, жастарды жетістікке жетелейтін осынау жобаға қатысуға біздің облысымыздан 149 адам тілек білдірген. Оның 95-і ғана сұхбаттасуға шақырылыпты. Енді осы үміткелердің арасынан тек оны ғана іріктеуден өтті. Олар: Әшірбеков Ханай, Айтқұлов Ғани, Рысбекова Эльвира, Шаймов Бақтияр, Жүнісбеков Мақсат, Сатывалдиев Әлішер, Ботабаева Эльмира, Омаров Тұрар, Лесбеков Руслан, Шынқарова Шахсанам.