Жем-шөп арзандамай, мал басы көбеймейді

Мал азығының бағасы: Сабанның 1 тоннасы – 8 мың теңге Соялы мал азығының 1 тоннасы – 12-17 мың теңге

Мал басын көбейтіп, ет-сүт өнімдерінің көлемін арттыру – мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының негізгі мақсаты. Осыған орай респуб-лика төңірегінде жан-жақты жұмыстар қолға алынып келеді. Ал Оңтүстікте мал санын арттырудан гөрі одан алынатын өнімді көбейту мәселесі басты назарда. Өйткені жайылым жер тапшы. Мал шаруашылығы өнімдерін арттыру мол азықты қажет етеді. Әсіресе қыс мезгілінде жем-шөпке деген тапшылық болмауы тиіс. Бұл бойынша облыста қандай шаруалар атқарылып жатыр? Шаруа қожаларының бас қатыратын сауалы — жем-шөп бағасы қандай?

27-006

Мән-жайды білу үшін облыстық ауылшаруашылығы басқармасына хабарластық. Ондағылардың берген мәліметіне сүйенсек, 2014-2015 жылдары облысқа 2680 тонна мал азығы қажет. Мал түріне қарай қыстату науқанына қажетті азықты жіктейтін болсақ, қой мен ешкінің әр басына 3,4 цт, ірі қара мен түйенің әрқайсысына 6 центнерден жем-шөп тиеді.

27-009

Биыл азықты жинақтау жұмыстары ауа райының қолайсыздығына байланысты 15 күн кешігіп басталғанымен, ору шаралары аудан, қалаларда қызу жүріп жатыр. Көктемнің кеш шығуына байланысты шабындық жерлердегі шөптердің өспей қалуы салдарынан шаруа немесе фермер қожалықтары өздерінің үй іргелеріндегі жерлері мен алқапқа егілген жоңышқаларын жинап алуға кірісіп кеткен. Бүгінде егістік жерлер екінші рет жоңышқа орып алу мақсатында суғарылуда.

Уәлихан Көлбаев, Шымкент қаласы, Қайнарбұлақ елді мекенінің тұрғыны: 

– Қорамда 35-40 шақты қойым бар. Қазір жаз мезгілі болғандықтан жайылымға шығарып жатырмын. Біздің ауданда жайылым жері де бас қатырарлық мәселе болып тұр. «Батыс Еуропа — Батыс Қытайдың» жолы жайылым жерге жақын орналасқан. Тас жолға жақын болғандықтан малды жаюға да қорқасың. Қосымша азық ретінде кебек алдым. Бір келісі 30-35 теңге көлемінде, былтыр 18-20 теңгеден сатылған болатын. Сабанның бір жүк көлігін былтыр 20 мың теңгеге түсіргенмін, биыл оның бағасы 30 мың теңгеге барады-ау. Өйткені мал азығының барлық түрі қымбаттауда. Былтыр шөптің бір бумасын 300-ден алдық, биыл ең арзаны 350 теңге. Жоңышқаның бір бумасы 350 болса, биыл 400 теңгеден басталады. Бидай әлі орылмағандықтан бағасын білмеймін. 2013 жылы бір келісін 35 теңгеден алғанмын. 

2012-2013 жылдарға арналған мал қыстату науқанына қажетті соя-лы мал азығы шартты мал басына 2 824,6 мың тонна дайындау қажет болатын болса, жоспар артығымен орындалыпты. Бүгінде оның 30 пайызы шаруа қожалықтарының қоймасында қалған. Ол шамамен 1200 тоннаны құрайды. Бұл 2014-2015 жылдарға қажетті азықтың шамамен 50 пайызы деген сөз. Ал қалған 50 пайызы жоспар бойынша алдағы бір ай ішінде жиналмақ.

Мал азығының бағасы: Сабанның 1 тоннасы – 8 мың теңге Соялы мал азығының 1 тоннасы – 12-17 мың теңге
Мал азығының бағасы:
Сабанның 1 тоннасы – 8 мың теңге
Соялы мал азығының 1 тоннасы – 12-17 мың теңге

Тек мал азығының биылғы бағасы былтырғыға қарағанда қымбаттаған. Мысал ретінде келтірер болсақ, 2013 жылы жоңышқаның бір бауы — 280-300 теңге болса, биыл 500 теңгеге дейін көтеріліпті. Ал сабанның бір бауы — 150-200 теңге көлемінде. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім меңгерушісі Айтжан Әлжанов бағаның бұлайша көтерілуіне көктемнің кеш шығуы себеп болғанын айтады.

27-008

– Облыстың ауылшаруашылығы саласына мемлекет тарапынан арзандатылған 32 000 тонна жанар-жағар май бөлінген. Жем-шөп дайындайтын жеке шаруалар жанар-жағар майды арзандатылған бағамен, яғни, 88 теңгеден алады. Оның нарықтағы құны — 115 теңге. Біз бағаны барынша тұрақты ұстап тұруға тырысамыз, — дейді бөлім басшысы.

Маманның сөзіне сенсек, қымбатшылық уақытша екен. Осы ретте біз мал шаруашылығын кәсіп еткен шаруа қожалықтарының баға туралы пікірін білгенді жөн санадық. Мал шаруашылығымен айналысатын Ерғали Әлімқұловтың қорасында 15 шақты ірі қара мал бар. Алдағы уақытта санын арттыруды жоспарлап отыр. Тек жоспарының жақын арада орындалуына күмәні бар. «Мал азығының бағасы қымбат. Бүгінде кебектің келісін 23 теңгеден, бидайды 45 теңгеден сатып алудамын. Жем-шөп сатушылар бағаның қымбаттығын жауын-шашынның аз болып, шөптің кеш шығуымен байланыстырып отыр. Онымен қоса алып-сатарлар да бағаны аспандатуда. Сол үшін де қыстық шөп азығын алуды кейінге қалдырдым»,-дейді Ерғали Әлімқұлов.

Айтжан Әлжанов, облыстық ауыл-шаруашылығы басқармасының бөлім меңгерушісі: 

– Ауа райының қолайсыз-дығымен қоса, биыл дәндік бұршақ өнім көлемінің төмен болуы да бағаның артуына себеп болып отыр. Бірақ, бұл уақытша. Ал сабан мен жоңышқа құны былтырғыға қарағанда төмендеген. Биыл шөп тапшылығы болмайды. Өйткені мал азығы алынатын егіс көлемі 70 мың гектарға артты. Әсіресе Қазығұрт, Отырар, Төлеби мен Сарыағаш аудандарында бос жатқан жерлер суармалы егістіктің қатарына қосылды. Тағы бір атап өтерлігі, жем-шөпті өндіріп жатқан жерден төмен бағамен алуға болады.

Шаруалардың айтуынша, мал азығының бағасы әжептеуір қымбаттаған. Демек, биыл олар біраз қиналайын деп тұр. Жем-шөп бағасының тұрақталуын қадағалаймыз деп отырған басқарма жұмысы қаншалықты шындыққа сай келетіні алдағы уақыт еншісінде. Өйткені азықтың негізгісі — бидайды ору енді басталады. Айтпақшы, жоғарыда атап өткеніміздей басқармадағылар облыс әкімінің тапсырмасы аясында «Сыбаға» бағдарламасына сәйкес мал санын тұрақты ұстап тұру, қолдан ұрықтандыру, сұрыптау, жұп таңдау әдістері арқылы мал азығын арттыру жұмыстарын жүргізуде. Осы ретте «мал санын арттыруға қандай кедергілер бар?» деген сауалдың туындары заңдылық. Бұл сұраққа жауапты біз де іздеп көрдік. Сөйтсек, мәселе жайылым жерлеріне келіп тіреледі екен. Бізде мал саны жеткілікті. Мал өнімін арттыру мақсатында 2011 жылдан бастап арнайы бағдарламаға сәйкес етті ірі қара малдың тәуліктік салмақ қосуын қолға алу негізгі мақсат болып отырған сыңайлы. Соның нәтижесінде әр бастан алынатын өнім көлемін көтеріп, сапасын жақсарту арқылы нарық жағдайында оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделіп отыр екен. Бұрын бір бас ірі қара мал 200 келі ет беретін болса, қазір оны 250-300 келіге арттыру жоспарға еніпті. Меже орындалса, облыстың 2015 жылы 3 мың тонна етті экспорттауға мүмкіндігі болады. Әрине, егер мал азығы арзандаса өнімді арттыруға толықтай мүмкіндік бар. Ең бастысы, жем-шөп арзандамай, мал саны мен одан алынатын өнімді арттыру мүмкін емес екені анық.

Дайындаған – Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ