Үстіміздегі жылдың 6 айында өңіріміздегі 26 жүкті әйел түберкүлез кеселін жұқтырған. Себебі, дейді мамандар, құрсақ көтерген аналар бақылаусыз қалған және медициналық тексеру сапасыз болған. Сонымен қатар аурухана ішілік жұқпалы ауруды тағы 3 әйел, дүние есігін жаңа ашқан 4 нәресте жұқтырыпты.
Жалпы, жыл бітпей жатып осы денсаулық сақтау мекемесінде жүріп, инфекциялық дертті жұқтырғандардың саны 24 адамға жеткен. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 10 жағдайға төмен деп жұбатады мамандар. Тіпті кеселге тіс емдейтін кабинетте жатып шалдыққандар да бар.
Сол тіс дәрігерлерінің жұмысына шағымданушылар азаймай тұр бүгінде. Бұл жөнінде облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде өткен дөңгелек үстелде мәлім болды.
Алдаркүл Ахметов, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бөлім басшысы: «Арызда тіс емдеу орталығының иесі Ақатаев рұқсат құжатынсыз жұмыс істеді деп жазылған. Осы орталықта тазалау жұмыстарынан кейін алаңшаға төгіледі делінген. Дәрігерлік көмек алған науқастар қолданылған дәкені, қолданылған мақтаны арнайы орынға тастамай, алаңға тастады деп жазылған болатын. Әрине, бұл арызды біздің Әл Фараби аудандық басқарма мамандары тексергенде бұл кемшіліктер анықталмаған.»
Дегенмен, басқарма мамандары бақылау және қадағалау заңына сай, тіс емханасын тексеруден бұрын ескерту жіберген. Яғни стоматологияда кемшіліктердің орнын жоюға уақыт болған көрінеді.
Айгүл Жақыпова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы: «Арыз-шағымдардың саны 2014 жылдың 6 айында 487-ді құраса, 2013 жылы 6 айда 681 болатын. Былтырмен салыстырғанда 28 пайызға төмен. Оның ішінде блогқа — 87 арыз, облыстық әкімшілігіне — 54 арыз, денсаулық сақтау басқармасына 346 арыз түскен. Арыз-шағымдарды мазмұнына қарай талдау жасаған кезде 229 арыз — ол барлық арыздың 47 пайызын құрайды — медициналық көмектің және медициналық тексерудің сапасы төмендігіне шағымданған.»
Сондай-ақ, жоспарлы түрде емханаларға жолдама берер порталдың жұмысына да шағымданушылар көп. Ал қызметіне көпшіліктің қарны көп ашатын облысымыздағы денсаулық сақтау мекемелері мыналар:
Айгүл Жақыпова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы: «Медициналық қызметкерлер мен ұйымдардың арасында талдау жасағанда арыз-шағымдар Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету стансиясына, Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасына және Мырзакент Мақтаарал аудандық емханасына, 1-ші облыстық перинаталдық орталыққа және Леңгір қалалық емханасына қатысты көп түскені байқалады.»
Тексеру барысында 36 шағым негізді боп табылып, 28-і медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жолданған. Тағы 9 арыз бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне жіберілсе, 4 шағым экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департаментте қаралыпты.