«Үнемді технология» — еселенген өнімнің кепілі

Мырзашөлдегі «Нұралы жол — Ж» шаруа қожалығы мақта өсіруде «Үнемді технологияның» шарапатын бірнеше жылдан бері көріп келеді. Биыл да 150 гектардан астам танапқа мақта еккен шаруа әр гектардан 45-50 центнерден ақ алтын алуды жоспарлап жүр. Дәстүрлі әдіске қарағанда тереңдетіп қопсытудың шығыны да аз дейді дихандар.

Мақтаны минималды өңдеу әдісі

Ербол Ералиев, шаруа қожалығының төрағасы: «Барлық агротехниканы іске қосқан кезде бар шығын 140-130 мың теңгеге шығады. Ескі әдіспен салыстырғанда әр гектардан 20-30 мың теңге үнемдеуге болады.»

Биыл 37 мың гектар жерге терең қопсыту (бұл әдіс «Үнемді технология» деп те аталады) әдісі бойынша түрлі дақыл егілсе, соның 32 мың гектары Мақтаарал ауданына қарайды. Мамандар бұл көлемді жылдан жылға арттыруды көздеп отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=I34HLYZIF6s[/youtube]

Қанатбек Оспанбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Осы әдіс бойынша таяу жылдары игерілген жердің көлемін 100 мың гектарға дейін жеткізсек, бізде ауыл шаруашлығынан алынатын өнім қазіргіден бірнеше есеге артық болатынына ешкімнің күмәні жоқ.»

Дегенмен, бұл жаңалыққа көшуге шаруалардың жүрексініп жатқаны рас. Сондықтан ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары жаңа әдіске қажет техниканы сатып алудың қамына кіріскен. Қажетті агрегат жеткізілген соң «Үнемді технология» әдісіне көшетін қожалықтардың қатары көбейеді деген болжам бар.