//
Жаңалықтар 

Өгем тауға бардың ба, Мақпал көлді көрдің бе?

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағынан Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Дәубаба және Көкбұлақ өзендері ағып өтеді. Парк ауданы 3 ауданды қамтиды – Түлкібас, Төлеби және Қазығұрт аудандары. Парк территориясында 7 табиғат зонасы бар. Шөлейттен бас-тап тау зонасына дейінгі, яғни онда өсімдіктің 1635 түрі, сүтқоректілердің 59 түрі, құстардың 300 түрі кездеседі. Парктің өсімдік әлемі өте ерекше. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктердің 240 түрі өседі.

Өгемнің маржаны – Мақпал көл
Өгемнің маржаны – Мақпал көл

Табиғи парктің ең тамаша шатқалдарының бірі – Сайрам-су. 2350 м биіктікте мұздан жасалған көл. Оның қазаншұңқыры гитара тәріздес болып табылады. Көлдің төменгі жағында түсі ашық жасыл және өте салқын болып келеді. Көлдің түсі нақ екі түрге бөлінуі, яғни ашық көкшіл және ашық жасыл болуы өте қызықты. Кез келген ауа-райында көлдің түсі өзгеріссіз екі түрлі. Осы туралы аңыз да бар. Ерте заманда биік тау бөктерінде адамдар тұрыпты. Осы тайпаның басшысының қызы кішкентай кезінен басқа елдің ханына атастырылады екен. Уақыт өте келе қыз бойжетіп, әдемі, батыл болып өседі. Күндердің күнінде бойжеткен сол тайпадағы қойшы жігітке ғашық болып қалады. Екі жас ата-аналарының ырзашылығын сұрамақшы болады. Бірақ қыздың әкесі қатты ашуланады. Қызынан міндетін орындап, ханның жары болуын сұрайды. – Бұл мүмкін емес деген қыз өз шешімін қабылдайды. Түннің бір уақытында жігіт пен бойжеткен өз ауылдарынан қашып кетеді. Қыздың әжесі өз батасын беріп, ашық жасыл жүзік және жылан жүздес білезік сыйға тартады. Сыйлықты тек қиын жағдайда қолдансын деп бұйырады. Ұзаққа қашып үлгермеген балалардың артынан әкесі қуып жетуге сәл қалғанда, қыз ашық-жасыл жүзігін шешіп лақтырған кезде көл пайда болады. Бойжеткен мен жігіт тағы да алыстап қашады, бірақ әкесі тағы да жетіп алады, сонда қашып құтыла алмайтынын білген екі жас шексіз дүниеде бірге боламыз деп сөз байласып, қыз жылан тәрізді білезігін алдына лақтырады. Мұнда 8 тәріздес, яғни шексіз символы, көл пайда болады. Міне осыдан екі түсті көл пайда болған.

Мұратхан БЕРДАЛИЕВ, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Экологиялық ағарту және туризм» бөлімінің бастығы:

«Сайрам-Өгем» МҰТП аумағында мемлекеттік мәртебесі анықталған 2 мәдени-табиғи нысан бар. Өгемге сапар шеккен туристерді әсіресе Ұлыжұрт шахта үңгірі қызықтыратыны рас. Үңгір Өгем тауының шығыс бөлігінде Майлысай шатқалында теңіз деңгейінен 2800 м биіктікте орналасқан. Үңгірдің кіре берісінің биіктігі 3,0-3,5 м, ал орта тұсының биіктігі 5,0-6,0 м. Үңгірдің көлемі 120 шаршы метр.

Айта кету керек, Өгемде бұдан басқа мәртебесі анықталмаған 6 табиғи ескерткіш бар: Олар:

– «Қырыққыз» жартасы – аңыз бойынша қазақтың қырық қызы жоңғар шапқыншыларының қолына түсуден бас тартып, Аллаға жалбарынып тасқа айналған деседі.

– Мақпал көлі – теңіз деңгейінен 2100 метр биіктікте орналасқан, өте сұлу, суы жылы көл.

– Сусіңген көлі – теңіз деңгейінен 1700метр биіктікте Қаржантау жотасының оңтүстігінде орналасқан. Аты көрсетіп тұрғандай суы жерге сіңіп кетіп отырады.

– Қарт Арша – Түркістан аршасы жасы шамамен 700 жыл, биіктігі 12 метр, діңгегінің жуандығы 2 метр.

– Сазаната өзенінің басындағы тастағы таңба (петроглиф) – жартасқа салынған қола дәуірінің белгілері.

– Тоғытба өзенінің орта беліндегі тастағы таңбалар (петроглиф) – Сусіңген көлінің оңтүстігінде үш шақырым жердегі қола дәуірінің жартастағы белгілері. Бүгінге парк аумағында барлығы 9 туристік бағыт белгіленген.

Айтпақшы, туристік соқпақ-тардың (бағыттардың) ішінде: – 4 атты-жаяулы бағыт (яғни саяхатшылардың қалауы бойынша бағыт аттылы немесе жаяу болуы мүмкін), 4 таза жаяу бағыт және 1 аттылы бағыт қамтылған.

«Қырыққыз» жартасы
«Қырыққыз» жартасы

Туристік маршруттарда Өгем филиалында екі көру алаңқайы, Түлкібас филиалында бір көру алаңқайы қызмет көрсетеді.

2013 жылы ұлттық парк аумағына 19121 адам кірген.

Туристік бағыттардың жалпы ұзындығы 694 шақырым, оның ішінде 245 шақырымы – жаяу, 263 шақырымы аттылы және 186 шақырымы автомобильді бағыт.

Туристік бағытта жылқы фермасы орналасқан. Туристерге ат беріледі. Барлық бағыттарда арнайы көлік қоятын, от жағатын, қоқыс тастайтын орындар бар. Сонымен қатар 6 қонақүй және 1 аңшылар үйі, диаметрі 10 метрлік 2 киіз үй және 6 монша туристік бағыттарда орналасқан.

Барлық туристік бағыттардың паспорттары тексеру-өткізу бекеттерінің алдында орналасқан. Ұлттық парк аумағына келген демалушылар сол паспорттардан толық ақпарат алады. Онда бағыттың ұзындығы, картасы, кездесетін аң-құстар мен ерекшеліктері туралы жазылған. Тексеру-өткізу бекетінде барлық қызмет түрлерімен танысып, таңдаған қызметті сол жерде сатып алуға жағдай жасалған. Фискальдық кассалық аппаратпен төленген ақшаға чек беріледі.

Атпен серуендеу
Атпен серуендеу

2013 жылы ұлттық парк аумағына 19121 адам кірген, оның 4500-ден астамы табиғатты қорғау акцияларына қатысқандар болса, 14621 адам ерекше қорғалатын табиғи аумақты туристік және рекреациялық мақсатта пайдаланған демалушылар. Салық Кодексіне сәйкес ЕҚТА пайдаланғаны үшін олардан 0,1 АЕК мөлшерінде бюджетке және парк есепшотына көрсетілген қызмет көлеміне сай төлемдер алынды.

Сусіңген көлі
Сусіңген көлі

Атап айтқанда бюджетке 0,1 АЕК бойынша 3778,5 мың теңге аударылған. Демалушыларға қызмет көрсетуден ақылы қызмет көрсету есеп-шотына 11005,6 мың теңге, оның ішінде жер пайдаланушылардан 2137,0 мың теңге түсірілген.

32-018

Өгемнің маржаны – Мақпал көлі. Мақпал көлiнiң кереметi Iле Алатауындағы Көксараймен деңгейлес. Көлдiң ерекшелiгi де сонда, теңiз деңгейiнен 2000-2500 метр биiктiкте, заңғар таулардың қоршауындағы қазаншұңқырға орналасқан. Аталмыш көл Талас тауларының оңтүстiк-шығыс сiлемдерiне ұласатын аймақтарда. Көл жерасты бұлақ көздерiнен, мәңгiлiк мұздақтардан нәр алғаны болмаса, оған ешқандай өзен сулары құйылмайды. Соған қарамастан суы тұщы, ешқашан айнымайды. Көл маңы туризмнiң бiр емес, бiрнеше саласын қатар дамытуға сұранып-ақ тұр. Көлдiң көлемi мен тереңдiгi де әртүрлi. Әуесқой зерттеушiлердiң айтуынша, Мақпал көлiнiң тереңдiгi 80-100 метрге дейiн жетiп, түбiнен тас көрiнедi. Енi 120, ұзындығы 800-900 метрге дейiн жететiн көлде тiрi жәндiк өмiр сүрмейтiнi де өз алдына бiр жұмбақ. Жағалауында емiн-еркiн жүрiп, көл әлемiмен танысуға қолайлы.

Ж. Шалабаева

“Оңтүстік Рабат”, №32, 06.08.2014

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz