Тарихи-мәдени ескерткіштер мекені

Бақшелпек шатқалы
Бақшелпек шатқалы

Оңтүстік Қазақстан облысы – кеңбайтақ Қазақстандағы тарихы терең өңір. Әсіресе, «Сайрам-Өгем» ұлттық паркі аумағында небір қасиетті әулие ата-бабаларымыздың кесене-күмбездері, тарихи-мәдени ескерткіштері бар. Олардың әрқайсысы өз алдына тұнып тұрған шежіре.

Мысалы, Түлкібас ауданының тауларында осыдан бірнеше млн. жыл бұрынғы фауна мен флораның іздері және көне тарихтан сақталған тастар табылды. Тарих пен мәдениет жиынтығына 31 археология ескерткіштері: Қасқабұлақ петроглифтері, 4 қалашық, неолит күңгірлі типтік тұрақтар, 20 қорғандық мазарат енгізілген. Археологиялық ескерткіштердің көбісі Арыс өзеніне құйылатын басқа да өзендер мен бұлақтардың маңында шоғырланған.

Қаржантаудан солтүстік батысқа қарай тарихы терең, аңызға толы қасиетті Қазығұрт (ең биік нүктесі 1768м) тауы тұр. Қазығұрт тауының оңтүстігінде Келес өзенінің аңғары. Қазақтар осыдан мыңдаған жыл бұрын Қазығұртты кие тұтып, дүниенің тұтқасы санаған. Аудан аумағында 33 археологиялық ескерткіш бар. Оның көпшілігі Қаржантау жоталарының тау бөктері мен Келес өзенінің аңғарларында орналасқан. Ондағы «Исмаил-Ата» кесенесі республикалық санаттағы мәдени тарихи ескерткіштерге жатады.

Аудан аумағында «Қырық қыз» аталатын екі ескерткіш бар. Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, бұрынғы жаугершілік заманда жау шапқыншылары елден тысқары Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп жатқан 40 қызды көріп, соңдарынан қуса керек. Сонда қыздар құдайға «Елімді, жерімді жауға таптатқанша, мына жауды да, бізді де тасқа айналдыр!» деп жалбарынған екен дейді. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау әскері қара тасқа айналады. Ол жер қазір Қаратас деп аталады. Ал қыздар әсемделе тізілген қайталанбас ескерткішке айналған деседі. Бұл ескерткіш тасмүсіндер Тұрбат ауылының солтүстік шығысындағы Аққұм өзенінің бастау алар жерінде. Ауылдан 5-6 шақырым жердегі сарқырама жардың қасында.

Ысқақ ата мазары – Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылындағы орта ғасырлық сәулет ескерткіші. Салынған мерзімі анықталмаған. Тұрбат ауылындағы зираттың солтүстік бөлігінде биік мойындыққа орнатылып, шатырмен жабылған. Порталды-күмбезді құрылыс. Мазардың бір жағынан күмбезбен жабылған аласа апсидалар жасалған. Тұрбат ауылының тұрғындарының тұжырымдары бойынша, бұл мазарда жергілікті діни қауымның пірі – Ысқақ ата жерленген.

«Қырық қыз» деп аталатын екінші тас мүсіндер Өгем қойнауына түсе беріс жерде – Қаржантау тауының Қосмола жотасынан солтүстікке қарай 10-12 шақырымдай қашықтықта. Өгем қойнауына түсе беріс жер күрт ылдилап кететін бұралаң жолға айналады. Тас мүсіндер осы мүйісте. Аңыз бойынша бұл тасқа айналған қырық қыздың бейнесі. Мұнда да жаугершілік заманы тілге тиек етіледі. Бір ерекшелігі – осы тас мүсіндер маңында алшақтау тұрған жеке тас-мүсін бар. Оны жұрт «Күйеу тас» деп атайды.

Өгем тауындағы Мақпал көлі туралы аңыз былай дейді:
Көл аймағы байдың жаз жайлауы болған. Жаздың бір күнінде осы елдің байы Ережептің қызын басқа ел сұлтанының ұлы айттырып келеді. Екі жақтың келісімі бойынша ұлан асыр үлкен тойға қызу дайындық жүріп жатқан. Байдың қызының есімі Мақпал екен. Мақпал өзін айттырған, көрмеген сері жігітті ұнатпайтынын әкесіне айтады. Әкесі Мақпалдың сөзіне құлақ салмайды. Мақпалдың өзінің көрші ауылда сөз байласып ұнатқан жігіті болады. Өзінің сүйген жігітіне қатігез әкенің қарсылығынан қосыла алмайтынына көзі жеткен жас сұлу, жеңгелеріне бар сырын айтып, өзі көлге секіріп шөгіп кеткен екен. Жағасында ақ қайраңға рахаттана аунап, мөлдір суына сан шомылған, қамыс қоға түбінде тұрып қармақ салып балығын аулағанда күн көзімен күлімдей шағылысып жалт-жұлт етіп жатқан көл, жас сұлуды өз құшағына сіңіріп кете береді. Осы оқиғадан кейін көлді «Мақпал көл» деп атап кеткен. Ал бір ғажабы сол оқиғадан соң көлде балық атаулы жойылып, тіршілік етуін тоқтатады».

Мақпал көл Өгем тауының ұшар басында шығыс жақ беткейде теңіз деңгейінен 2100 метр биіктікте, екі үлкен шатқалдың ортасында орналасқан. Мақпал көлге қардың еріген суы кішігірім бұлақтардың суы құйылып отырады. Көктемде көлдің ауданы 2000 ш.м. дейін, тереңдігі шамамен 15 метрге дейін жетеді. Судың температурасы шілде-тамыз айларында 18˚с жылы болады. Көлдің айналасында әртүрлі шөптесіндер, бұта аралас ағаштар, аршалар өседі. Құстардан Ұлардың дауыстары естіліп тұрады. Түрлі жануарларды кездестіруге болады. Мақпал көлге туристік бағытпен барып қайту 3 күндік уақытқа есептелінген.

Соңғы жылдарда Өгем қойнауын алдын ала зерттеуге археологтар мен тарихшылар да көңіл аудара бастады.
Тарих құпияларынан алар хабарлар да алыс емес.

Рима Жарменова,
«Сайрам-Өгем» МҰТП ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкері