Қонаев мұражайы қамқорлыққа зәру

Тамыз айының 22 жұлдызында Дінмұхамед Қонаев-тың қайтыс болғанына 21 жыл толады. 44 жыл бойына жоғары дәрежелі басшылықта болған ұлы тұлғаның бүкіл болмыс-бітімі Қазақстанның өткен ғасырдағы елу жылдық тарихынан жарқырай көрінеді. Мәскеуден басқарылатын орталықтандырылған биліктің бітеу саясатынан саңылау тауып, ел экономикасын, ғылымы мен мәдениетін алға жетелеген азаматтың атында республика бойынша екі мұражай бар. Соның бірі – Шымкентте. Екіншісі – Алматыда. Осы ретте облысымыздағы Д.А.Қонаев мұражайының тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

33-031

Д. А. Қонаев мұражайы Дінмұхамед Қонаев даңғылы бойында орналасқан. Осыдан 9 жыл уақыт бұрын ашылған мұражайға облыстық Д. А. Қонаев қоғамдық қоры иелік етеді.

Кезінде 18 миллион теңгеге салынған мұражайдың ғимараты үш қабаттан тұрады. Д. А. Қонаевтың 90 жылдық мерейтойына орай облыс көлемінде акция жүргізілді. Акциядан түскен қаржы құрылысқа толық жетпей қалады. Қалған қаражат мекеме, ұжым басшыларынан, кәсіпкерлерден, облыс тұрғындарынан жиналған. Шымкенттегі Д. А. Қонаев мұражайы осылай ашылған.

 Қонаев даңғылының атауы бұған дейін үш рет өзгертілген. Бастапқыда Жібек жолы деп аталынып, одан кейін Алматы даңғылы деген атауға ие болған. Кейін  Д. А. Қонаев гүлзары деп аталынып, ақырында Д. А. Қонаев даңғылы атауы берілді. 

Бүгінде екі экспозициялық залдан тұратын мұражайда 300-ден астам фотосурет пен Д. А. Қонаевтың көзі тірісінде пайдаланған заттары бар.

Мұражайдағы құнды жәдігерлердің бірі – шапан. ОК Қазақстан Компартиясы бірінші хатшысының иығынан тастамай, киіп жүрген шапаны. Димекеңнің ішігі мен костюм-шалбарын осы мұражайдан көруге болады. Іссапар барысында қолына алып, жанынан тастамаған шабаданы да осында. Іздеген жан Димаш ағаға берілген орден-медальдар мен тарту сыйлықтардың да бір парасын қаламыздағы Д.А.Қонаев мұражайынан табады. Бұл жәдігерлердің денін Алматыдағы Д.А.Қонаев мұражай-үйі сыйға тартқан. Облыс жұртшылығы арасында «осы зат Димекеңе қатысы бар еді» деп жәдігерді өздері әкеліп, мұражайға өткізгендері де болыпты. Мұражайдың байлығы – мұндағы фотосуреттер. 280-нен астам фотосурет жинақталған.

33-030

– Бұл мұражайға көп ретте өз облысымыздың тұрғындарынан гөрі, сырт өңірлерден қонақтар келеді. Басқа өңірдегі жұртшылық осы мұражайды арнайы іздеп келіп, қызығушылық білдіріп жатады. Шетелдерден де келушілер болады, – дейді мұражай қызметкері Ерназар Пернеев.

Алайда, мұражай бүгінде жыларман хәлде. Шатырынан су ағып, қабырғалары қаңсыраған ғимарат 9 жылдан бері жөндеу көрмеген. «Көп түкірсе – көл» демекші, көптің қолдауымен ашылған мұражайдың бүгінде келушісі де аз.

33-028

Алты жылдай уақыт бұрын мұражайда кітапхана ашылған. Бас-аяғы 1000 данадан асатын кітаптардың денін Дінмұхамед Қонаев туралы зерттеу еңбектері мен тарихи кітаптар құрайды. Том-том дүниелер арасынан Димекеңнің өз авторлығымен жарық көрген кітаптарының қоры да жетерлік. Бірақ мұның барлығы төбеден аққан су тисе бар игі іс құрдымға кете ме деп алаңдайды мұражай қызметкерлері.

Д. А. Қонаевтың мүсін ескерткіші 1998 жылдың қыркүйегінде қойылған. Қоладан құйылған. Салмағы 380 кг. Көлемі 1,0 х 0,6 метр. Мүсін астындағы тұғырнаманың биіктігі 2,4 метр.

Мұражай бар болғаны Д. А. Қонаев қорының қарамағындағы «Аталар сөзі» газетінің есебінен күнелтіп отыр. Осылайша не жекенің қолдауына қарық болмай, не мемлекеттен демеу жасалмайтын мұражайға Алматыдағы Д.А.Қонаев мұражай-үйі осында келіп, көшпелі көрме ұйымдастырып тұрған екен. Олар да бүгінде келуді доғарған. Көзі тірісінде-ақ қарапайым ұлылықтың үлгісіндей болған Димекеңе арналған мұражайдың бүгінгі жайы осындай.

33-029

– Дәл қазір бізде Д.Қонаевтың еңбегін бағалап, бұрынғы істерін зерттеп, екшелеп жатқан ешкім жоқ. Бұл мұражайды әруақты сыйлаған-дықтан ұстап отырған жағдайымыз бар. Қор жұмысына деп тиын беріп жатқан жан жоқтың қасы. Дайын кітаптары тұр. Оқитын адам жоқ. Біреуі келіп «кітап алайын, оқиын» демейді. Қаласа, кітапты үйге де береміз. «Димекеңе қатысты қолдарыңызда қандай да бір зат болса, әкеліп мұражайға өткізіңіздер. Мұражайда тұрады» деп үнемі хабарландыру жасаймыз. Бірақ, әкелушілер сирек, – дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық «Д. А. Қонаев» қорының президенті Арынбек Ойшиев.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №33, 13.08.2014

33-03233-03333-03433-035