Тұлға рухына тағзым етті

21

Бүгін қазақтың біртуар тұлғасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 112 жыл толып отыр. Атаулы күнге орай қала тұрғындары мен билік өкілдері біртуар азаматтың ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол ерен еңбегімен ел есінде қалған саяси тұлға. Билік басында болған уақытта ел экономикасын, әлеуметтік саланы, ғылымын, мәдениетін дамытуға зор үлес қосқан.

Жыл сайын осы күні Шымкент қаласының тұрғындары еске алу рәсімін өткізіп, ұлы тұлғаның рухына тағзым етеді. Жасы 80-нен асқан Ділдәбек Тойжанов әр жылы міндетті түрде қайраткердің туған күні мен қайтыс болған күнінде ескерткішке келіп, гүл шоғын қояды екен.

«Д.Қонаев ел үшін, халық үшін еңбек еткен ардагер адам. Бүгін туған күніне келдік. Шымкентте тұрған соң туған күні мен қайтыс болған күнін де осында келіп тұрамыз. Бүгін де туған күніне орай гүлімізді алып келдік» – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ділдәбек Тойжанов. 

Ал еске алу рәсіміне келген зиялы қауым өкілдері тарихи тұлғаның өмір жолы мен еліміздің өркендеуіне қосқан үлесі жайлы естелік айтты. Оның қайраткерлігін жастарға насихаттады.

«Қазақ үшін үлкен еңбек сіңірген ұлы тұлғаның өмірін жастарға насихаттап жатырмыз. Қазақта «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында атаулы даталарды, қазақ үшін қызмет еткен ұлы тұлғаларды еске алу керектігін айтып өткен болатын. Сондықтан Дінмұхамед Қонаевты жыл сайын еске алып, түрлі конференциялар ұйымдастыру арқылы жас ұрпаққа үлгі-өнеге бере аламыз» – дейді Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бақтияр Өнербаев. 

Дінмұхамед Қонаев өз заманының ұлы саясаткері. Елге еңбек еткен ширек ғасырға жуық уақытта білімділігімен, тағылымы терең, ой өрісінің кеңдігімен ел есінде қалды. Оның ерен еңбегі, халық жадында мәңгі сақталмақ.