Ұқыпты тұрғындар өз аулаларын гүл бағына айналдыруда

1099

Шымкентте қала әкімдігінің ұйымдастыруымен мамыр айынан бастап «Таза ниетпен – таза қалаға» акциясы бастау алды. Шараға Шымқаланың 11 көшесі мен 54 ауласы қатысуға өтініш берген. Қазір «Нұр Отан» партиясының мүшесі мен ардагерлер кеңесінің төрағасы және бұқаралық ақпарат құралы өкілінен құралған арнайы комиссия үздік деп танылуға үміткер мекенжайларды аралап жүр.

Арнайы комиссия мүшелері алдымен аулалар мен көшелердің тазалығына мән береді. Сонымен қатар безендірілуіне де көңіл аудармақ.

«Таза ниетпен – таза қалаға» акциясына қатысушы аулаларды комиссия мүшелерімен бірге біз де аралай шыққан болатынбыз. Әлия Молдағұлова көшесіндегі № 10 үйдің ауласына келгенде жұпар иісі аңқыған гүлдерді көріп, таң болдық. Тұрғындар «Гүл өсіру ісін қолға алғанымызға 10 жылдан асты. Қазір ауламызда 43 түрлі гүл бар» дейді.

 

 

60 пәтерлі үйдің тұрғындары гүл бағына кезекпен күтім жасайды екен. Ауланы қоқыс тастаушылардан ардагерлер қорып отыратын көрінеді. Енді осы көшенің бойындағы № 4 үйдің тұрғындары да көршілеріне еліктеп, гүл егуді қолға алған.

Байқасаңыздар, № 4 үйдің тұрғындары бос қалған құтылар мен автокөлік дөңгелектеріне гүл егіп, аулаларын әдемі безендіре білген. Олар осылайша 90-жылдардағы тоқырау кезінде қырқылған ағаштардың өзегін де әжетіне жаратып отыр. «Біздің гүл егуді қолға алғанымызға көп болмады. Көршілерге қарап, қатты әуесіміз келетін. Енді сондай гүл бағын өзіміз де өсіруді мақсат етіп отырмыз дейді» тұрғындар.

«Қала әкімдігі бұл шараға қазынадан 3 миллион теңге қарастырды. Акция қарашада қала күніне орай қорытындалатын болады. Жеңімпаз аула тұрғындарына тосын сыйымыз бар. Осылайша бүкіл қала тұрғындарын шаһарды таза ұстауға шақырмақпыз. Мақсатымыз орындалып жатса, нұр үстіне нұр болар еді» дейді Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары Мырзахан Керімбеков.