14-23 шілде аралығында Кәсіпкерлік мектебінің «Кәсіпкерлік негіздері» бойынша оқу курсынан 90-ға жуық адам нәтижелі өтіп, арнайы сертификаттарға ие болған.
Оқудың екінші кезеңінде, яғни тәжірибелі мастер-класс өтуде. Сонымен қатар алдағы уақытта жүзеге асыратын бизнес идеяларын іске асыру мақсатында олар мына салаларды таңдаған: Құс шаруашылығы – 2 адам; малшаруашылығы – 20 адам; өсімдік шаруашылығы – 7 адам; сервис пен қызмет көрсету – 27 адам; өндірістік шағын цехтер ашу – 33 адам.
Жоғарыдағы мәліметтерге сәйкес, ОҚО Кәсіпкерлік мектебінің тыңдаушылары көбіне сервис пен қызмет көрсету және де өндірістік шағын цехтерді ашуды таңдаған. Олардың бұл таңдауға тоқталуларының бірден-бір себебі – халқы көп қалалық тұрғындарға аталмыш салаларда жұмыс істеу өте қолайлы. Негізгі бес бағыттың ішінде таңдауларын туризм саласында да тоқтатқан түлектер де аз болмапты. Жыл басынан бері осы уақытқа дейін Кәсіпкерлік мектебін 1324 бизнесмен тәмамдаған. Алдағы уақытта облыс-та кәсіпкерлік сауаттылықты одан әрі дамыту мақсатында әр ауданда Кәсіпкерлік мектептерін ашу жоспарланыпты.
– Кәсіпкерлік мектебіне келер алдында менің ойымда тек жоба кескіні мен жауабы жоқ сұрақтар ғана болатын. Атап айтқанда, «Өз ісімді қалай аша аламын?», «Қалай және қай жерде қаржы алуға болады?», «Әрі қарай ол істі қалай көркейтемін?» деген сұрақтар мазалады. Біздің облыста Кәсіпкерлік мектебі бар екендігін естігенімде ол жерде білім аламын деп шештім. Оқу барысында көптеген сұрақтарыма жауап алдым. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында туристік қонақүй ашу үшін сауатты бизнес жоба дайындадым. Енді жақын арада несие алып, өз арманыма жетемін деп ойлаймын, – дейді Кәсіпкерлік мектебін бітіруші Мадина Төлбасы.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
«Оңтүстік Рабат», №32, 06.08.2014