Ордабасыда екі әлеуметтік нысан ашылды

840

Оңтүстік Қазақстанда өтіп жатқан үш күндік «Астана күніне тарту – 75 нысан» акциясы аясында Ордабасы ауданында екі әлеуметтік нысан ашылып, ел игілігіне берілді.

Алдымен Темірлан елдімекеніндегі кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен кәсіпкерлік мектебінің ашылу салтанаты өтті. Оған облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Бауыржан Омарбеков, аудан әкімі Самат Сапарбаев қатысып, барша тұрғындарды мерекемен құттықтады.

012

Бұл еңселі ғимарат облыс әкімінің тапсырмасымен барлық аудан, қалада Президенттің шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын жаңа деңгейге шығару бойынша тапсырмасының аясында жүзеге асып отыр. Кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсетін бұл орталықта «бір терезе» қағидасы негізінде мемлекеттік қолдау құралдары бойынша қызмет көрсетілуде.

Бүгінгі таңда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында рұқсат құжаттарын рәсімдеу, кәсіпкерлерді оқыту, сондай-ақ, сервистік қызмет көрсету бағыттары бойынша жұмыстар атқарылуда. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны сегіз мыңнан астам.

Мереке қарсаңында сонымен қатар Бөржар ауылдық округінде 120 орынды «Мыңбала» бөбекжай балабақшасы есігін айқара ашты. «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған жаңа ғимаратта үлкен әрі ыңғайлы балалар бөлмесі, жатын орын бөлмелері барлық заманауи құралдармен жасақталған.

011

Нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 235 миллион теңге бөлінген. Бөбекжайда 36 адам жұмыспен қамтылды.

Жалпы, ауданда 15 мемлекеттік, 19 жекеменшік балабақша мен мектеп жанындағы 21 шағын орталық ел игілігіне жұмыс жасауда. Онда 5500 бала тәрбиеленуде. Ауданның мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші бүгінгі таңға 76 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін мектеп жанынан тағы 3 шағын орталық, 4 жекеменшік балабақша іске қосылады деп күтілуде.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі