Аллергия өршіп тұр

34-005Жөтел қысып, түшкіріп, тынысыңыз та­рылып, көзіңіз жасау­рап жүрсіз бе? Бұл – аллергия. Мамандардың айтуынша, арамызда дәрігерге көрінбей-ақ өз бетінше ем қолданатындар бар. Салдарынан дерті асқынып, аурухана төсегіне таңылатындар да көп. Республика бойынша бүгінгі таңда 6 млн қазақстандық аллергияның азабын тартуда екен. Біз аллергияның шын мәнінде қандай ауру екенін білеміз бе? Ауру неден пайда болады?

Маусымдық ауру әлегі

Бүгінде аллергияның түрі көп. Дәрігерлердің айтуынша, аллергия ― ағзаның бөгде затқа сезімталдығының әсерінен туындайтын кесел. Демек, адам ағзасында иммундық жүйе төмен болса, сезімталдығы артып, ауаның, күннің, сондай-ақ шаң-тозаң, өсімдіктер, тағамдар, дәрі-дәрмектер, бояғыш заттардың денеге кері әсерінен аллергия пайда болады. Дегенмен ол әркімде әртүрлі өршиді: біреулерде дене тастай болып ісініп, дуыл­дай қышыса, екін­ші­лерінде мұрыннан су ағып, көз жасаурап, қызарады немесе тыныс алуы ауырлап, де­мікпе басталады.

Аллергия жұқпалы емес. Бірақ тұқым қуалайды. Ата-анасы аллергиямен ауыратындардың бала-шағасында 70-80 пайызға дейін аллергия кездеседі. Ал екінші фактор – жүре пайда болатын аллергия. Әдетте өсімдіктердің тозаңынан болатын аллергияның түрлері өте көп кездеседі.

Не істеу керек?

Аллергия жас талғамайды. Қозатын аллергиялық реакцияның күші де әртүрлі болады. Оған аллергендердің көлемі және түрі байланысты емес. Сондықтан да мамандардың пікірінше, емдеу шараларының барлығы да медициналық мекемеде және аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс. Әйтпесе уақытша жеңілдік әкелетін күшті гормоналдық дәрілер әсерінен адам ағзасы одан сайын тозып, ақыры дәріге үйреніп кетеді.

Ас мәзірі де маңызды

Мамандар аллергиядан зардап шегетін адамға негізінен көкөністер мен цитрусты жемістерге шектеу қояды. Сонымен қатар шоколад, кофе, какао, қант және теңіз өнімдерін де жеуге болмайтынын ескертеді. Ауырған адам әлсіреп, оған дәрумендер де жетіспеуі мүмкін. Сондықтан да дәрігерлер С дәруменін қабылдауға, ақуыз, май, көмірсутегіге бай тағамдарды пайдалануға кеңес береді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №34, 20.08.2014