Дүние жүзі бойынша жыл сайын шамамен 136 700 000 нәресте дүниеге келеді. Туылған нәрестелердің 35 пайызы ғана 4 айға дейін ана сүтін еметін көрінеді. Ал қалғандары түрлі себептерге байланысты ана сүтін алмастыратын қоспаларды ішуге мәжбүр. Еліміздегі жағдай да көңіл көншітпейді. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде туылған сәбилердің 31,8 пайызы ғана 6 айға дейін ана сүтін емеді. Осы олқылықтың орнын толтырып, емшек сүтінің пайдасын насихаттау мақсатында Бүкіләлемдік жәрдем көрсету одағы «Бүкіләлемдік емшекпен емізу апталығы» жобасын бастаған болатын. Дәстүрлі шара биыл да өңіріміздің барлық емханалары мен перзентханаларында өтті. Онда аналарға ана сүтінің пайдасы туралы мол мағлұмат беріліп, ақыл-кеңестер айтылды.
«Бала үшін ананың сүтінен артық ас жоқ. Әсіресе, ол – шала және дене салмағы аз болып туған балалар үшін өте пайдалы. Сондықтан да сәбиді 6 айға дейін тек емшек сүтімен тамақтандыру керек. Себебі:
– Оның құрамында нәрестенің дені сау әрі күшті болып өсуіне қажетті нәрлі заттар бар;
– Ана сүті оңай қорытылады;
– Сүтте алғашқы айларда нәрестені қабынулардан (инфекция-лардан) сақтайтын иммундық заттар бар;
– Ана сүті әрқашан таза;
– Әрдайым керекті температурада;
– Аллергия туғызбайды;
– Емізу барысында ана мен бала ерекше жақындық пен қауіпсіздікті сезінеді», – дейді мамандар. Сондай-ақ, ақхалаттылар нәрестені емшекпен қоректендіру ананың бойындағы қаназдық, емшек безі обыры, ересек жастағы сүйек аурулары сияқты қауіп-қатерлерді төмендететінін айтады.
Омырау күтімі
Емшек емізетін әйел үшін омырау тазалығын сақтау өте маңызды. Сондықтан да мамандар сәбидің қолайлы тамақтануы, емізген кезде ауырсыну сезімдерін болдырмау, омыраудың жақсы кейпін сақтау үшін төмендегідей кеңес береді.
– Омырауды жөкемен (мочалка) ысқыламау керек;
– Косметикалық заттарды қолдануға болмайды (омырауды кір сабынмен, иіс сабынмен немесе косметикалық сабынмен жуып, соңынан түрлі крем жақпаңыз);
– Қолтық астындағы термен күресу үшін тек салқын суды қолданыңыз;
– Қолтық астындағы түктерден арылу үшін депилятор-кремдерді пайдалануға болмайды;
– Күндіз де, түнде де үнемі мақталы матадан тігілген қонымды (облегающий) төсқап (бюстгальтер) киіп жүріңіз;
– Омырау үрпілеріне ерекше күтім жасаған жөн, олардың жарылып кетпеуін қадағалаңыз;
– Омырауыңызды салқындатып алмаңыз;
– Күн сәулесіне жалаңаштанған омырауды тосуға болмайды.
Перзентханаға не алып барамыз?
Жүктіліктің соңғы апталары жақындаған сайын әрбір ананың бойында қорқыныш пен үрей билейтіні жасырын емес. Әсіресе, толғақ кенеттен бас-талса абыржып, перзентханаға қажетті заттарды ұмытып кететіндер де бар. Ал, оның салдары кейбір қолайсыздықтарды тудыруы мүмкін. Сондықтан қажет болатын заттарды алдын-ала әзірлеп қойғаныңыз жөн.
Қажеттіліктер қатарында:
– Жеке бас куәлігі немесе паспорт;
– Жүкті әйелдің картасы (обменная карта беременной) мен ЖҚТҚ-ны (СПИД) анықтауға арналған сараптамалар, УДЗ қорытындылары мен барлық зерттеулердің нәтижелері;
– Тазалық және жеке бас гигиенасына қажетті заттар;
– Нәрестеге қажетті дүниелер. Атап айтсақ, памперс, жаялық, киім-кешек болуы керек.
Батпа Бейсетаева, педиатр-дәрігер:
– Жаңа туған сәби үшін кеуде сүті бірінші тағамдық өнім болып саналады. Ал, қазіргі жас аналар перзентін 4-5 айдан кейін емізуден бас тартып жатады. Нәтижесінде уызға жарымаған нәресте аурушаң болып өседі. Сондықтан да әр ана өз сәбиін 6 айға дейін тек ана сүтімен қоректендіруі қажет. Ол иммунитетті қалыптастырады, баланың дамып-жетілуінде маңызды рөл атқарады. Балалардың сырқаттануы мен шетінеуін едәуір төмендетеді.
Қалай еміземіз?
– Емшектің ұшын баланың ерніне тигізіңіз;
– Бала ауызын барынша ашқанша күтіңіз;
– Емізу барысында сәбидің астыңғы ерні емшек ұшынан айтарлықтай төмен болуы керек.
Баланы қалай ұстау керек?
– Сәбидің басы мен денесін тік, бір жазықтықта ұстау керек;
– Баланың бетін анасының кеудесіне қаратып, мұрны емшек ұшының деңгейінде болуы керек;
– Нәрестенің денесі анасының денесіне (баланың іші анасының ішіне) тиіп жату керек;
– Баланың мойны мен иығын ғана емес, бүкіл денесін құшағыңызға алып отыру керек.
Ал осы кезде …
Ауыл тұрғындарына жедел жәрдем көрсетті
«Доңғалақты емхана» жолға шықты. «Денсаулық жолы-2014» акциясы аясында жылжымалы емхана өңіріміздің Түлкібас, Сайрам, Төлеби аудандары мен Кентау қаласының ауылдарын аралады. «Жылжымалы емхананың» құрамында фтизиатр, терапевт, эндокринолог, кардиолог, онколог, педиатр мамандарынан құрылған мобильді медициналық топ болды. Олар 3 күн бойы 12 елдімекенді аралап, халыққа тегін медициналық қызмет түрлерін ұсынды.
Бірінші кезекте зейнеткерлер мен жас балаларға жәрдем көрсетілді. Себебі, олардың көбісі облыс немесе аудан орталығына баруға қауқарсыз. Белгілі болғандай ауылдарда онколог, кардиолог, эндокринолог, балалар дәрігері тапшы. Яғни, ауылдықтар тәжірибелі мамандардың кеңесіне зәру. Сондықтан да болар аталмыш дәрігерлердің қабылдауына жазылғандар көп болды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары соңғы үлгідегі зертханалық зерттеу әдістерімен толықтай тексеруден өтуге мүмкіндік алды.
Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №33, 13.08.2014