Облыстық мәслихат жанындағы әлеуметтік даму жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысында ОҚО әкімінің және оған жүктелген қызметтер мен міндеттердің іске асуы туралы есебі тыңдалды. Жиында алғаш болып сөз алған экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Абдуллаев 2014 жылы өңіріміздің ауыл шаруашылығына 15,6 миллиард, білімге 185,7 миллиард, денсаулық сақтау саласына 82 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Өзге де салаларға қомақты қаражат бөлінген.
Арман Абдуллаев: «Сонымен қатар 113 нысанның құрылысын жүргізіп отырмыз. Күні бүгінге дейін 10 нысан іске қосылған. Биылғы жылы 42 нысанды пайдалануға береміз деп отырмыз. 133 нысан күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 1,8 миллиард теңге қаралды. 68 денсаулық сақтау нысанын салып жатырмыз. Оның үшеуі қолданысқа берілді. 62-сін жыл соңына дейін іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. 17 нысан күрделі жөндеуден өтуде.»
Ал Шымкенттегі Азат елдімекенін жарықтандыруды жобалау жұмыстарында қателік кетіп, салдарынан қаржы қазынаға кері қайтарылған. Депутаттарды осы мәселеге толғандырады.
Ержан Құдайберген, облыстық маслихат жанындағы әлеуметтік даму жөніндегі комиссия мүшесі: «Олар бәрін біледі? Қалай болады енді? Кім өтірікші болды халықтың алдында? Осы мәселе жылдан-жылға қайталанып келе жатыр ғой. Осы мәселеге қандай шара қолданасыздар енді?»
Арман Абдуллаев, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы: «Иә, кезінде заң бұзушылыққа жол берілген бұларға. Біз енді соны болдырмау мақсатында биылдан бастап мынау құрылыспен айналысатын басқармаларға арнайы жобалау жөніндегі бөлімдер аштық. Құрылыс басқармасына да, энергетика басқармасына да, транспорт басқармасына да штат берілді. Сөйтіп, жобалауменен айналысатын бөлім құрылды.»
Сондай-ақ, мәслихат депутаттары ағымдағы жылы ауыл шаруашылы саласына бөлінген 2 миллиард теңгенің игерілу барысын сұрап білді. Ал қаражаттың жұмсалуын қадағалауы тиіс болған қаржы басқармасының басшысынан жауап алу мүмкін болмады. Бұл отырыста депутаттар мәдениет басқармасын басқарып отырған Күлия Айдарбекованы орнынан тұрғызды. Себебі, Ұлы отан соғысының 70 жылдығына арналған кітапты жарыққа шығару үшін қазынадан 9 жарым миллион теңге қаралған. Өйткені, оқулықтың 1 данасын алмтылық типография 9 жарым мың теңгеге басады екен. Ал Шымкентте оны 5 мың теңгег де шығаруға болады. Сонымен қатар кітап авторлары да шектеулі.
Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Бұл кітаппен мен айналысқан жоқпын. Себебі, бұл кітаптың барлығын шығарып жатқан ардагерлер. Негізі, басында мынау Арекеңдер отыр. Бұл «собес» арқылы өтуі керек еді. Ол жерде бағдарлама жоқ деп бізге беріп отыр ғой.»
Комиссияның бұл отырысына бірнеше басқарма басшылары дайындықсыз келгені байқалды. Көптеген сауалдарға ауызша жауап ести алмаған депутаттар қағаз жүзінде күтеміз десті.