Мәулен Әшімбаев: Шымкентте сауда-логистикалық орталығын салу мәселесі көтерілді

фото Отырар.кз

 

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Шымкент қаласының мәслихат депутаттарымен кездесті. Ол мегаполисте тез арада шешуді талап ететін көптеген мәселелер бар екенін атап өтті. Сөзінше, халықаралық сауда-логистикалық орталықтың құрылысының жұмысы болашақта инвесторларды тартуға зор ықпал етеді. Сондай-ақ, депутаттар да сенат төрағасына Шымкентте инфрақұрылым және логистика мәселелерін шешу қажеттігін жеткізді.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Қалалық мәслихат депутаттарымен және қоғам өкілдерімен кездескен ол үшінші мегаполсите жедел шешуді қажет ететін мәселелердің бар екенін атап өтті. Мәулен Әшімбаев мемлекет басшысының бастамасымен елімізде қандай реформалар жүзеге асырылып жатқанын еске сала отырып, Шымкент бұл тұрғыда алдыңғы қатарда екенін айтты. Сенат төрағасы қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің жұмысын атап өтті. Ол Мемлекет басшысының Жарлығы жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: «Шымкентте жедел шешуді қажет ететін маңызды мәселелер бар. Бұл, ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық сауда-логистикалық орталығын салуға қатысты екенін атап өткен жөн. Батыс айналма жолын және басқа да бағыттардағы жолдарды салу да негізгі міндет. Шымкент үшін мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысы да өзекті. Сондықтан алдағы сессияда республика бюджетін қараған кезде сенаторлар аталған басымдықтарды және мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алады».

Кездесуде Шымкент үшін өзекті мәселелер талқыланды, атап айтқанда инфрақұрылым және логистика мәселелерін шешу қажеттілігі туралы сөз болды. Сенат спикері мәжілісмендер өңірлерге үнемі барып, онда халықпен бірге жергілікті проблемаларды қалай шешуге болатынын талқылады. Жұмыс қорытындысы бойынша Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға 200 депутаттық сауал жолданған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған реформалардың нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық және саяси салада үлкен өзгерістер болды. Билік тармақтарының арасындағы теңгерімділік күшейіп, саяси бәсекелестік артты. Сондай-ақ мемлекеттік институттар кешенді түрде жаңғыртылды. Соның нәтижесінде қазіргі таңда ел экономикасының жаңа үлгісін қалыптастыру үшін дәйекті жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұндай нақты қадамдар азаматтардың әл-ауқатын арттырып, өңірлердің дамуына тың серпін береді деп сенеміз».

Мәулен Әшімбаев жұмыс сапары барысында Шымкент жастарымен кездесіп, қызығушылық танытқан сұрақтарға жауап беріп, үшінші мегаполистің инвестициялық әлеуетімен танысты.

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігі