Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 169 жыл толады. Қаламгердің құрметіне арналып, есімі берілген кітапханада көпшілік заманында халқының күйін күйттеп, жоғын жоқтаған ақынды еске алды. Қаламгердің тұнығы лайланбаған өлеңдерімен сырласып, әндерін бірге шырқады.
Ширек ғасырдың сырын сақтаған ұлы Абайдың шумақтары көптің құлағында. Ел аузында жатталып жүріп, халық әніндей болып кеткен. Өлеңнің құдыреті кештегі көпшілікті сезімге бөлеп, өз болмысын тағы да мойындатты. Қаламгердің риясыз сырға толы туындысын кеште жасы жетпісті желкелеген Оңалбек қария да орындап берді.
Оңалбек Жақсыбай: «Көптің алдына шыққанда қобалжу болды, бірақ өлеңнің образына еніп, оның мән-маңызын ұққанда, қобалжу-уайымның барлығын да жеңіп кеттім. «Айттым саған, Қаламқас» әнін орындаған кезде көз алдыма Абайдың Тоғжанға деген сезімі, алғашқы кездесулері мен жолдаған сәлемі елестеді. Мен ақынның шеберлігіне бас иемін.»
Ақынның жырларымен сырласатын өзге оқырмандары кешке құралақан келмепті. Жырларын жатқа оқыды. Тіпті жас буын ақындар арнау да жазған. Бұл олардың Абайдың шығармашылыға деген үлкен құрметін көрсетсе керек. Жас қаламгерлерден бөлек кеш қонақтары да ғасыр көшбасшысының ғұламалығын айналып өтпеді.
Сабырбек Нұрманұлы, ақын: «Абайдың өлеңдері бүгінгінің жастарын тәрбиелеуге ғана емес, келесі ұрпаққа да беретін пайдасы мол. Адамдық қалыптан айырмай, дүниенің қадірін ұқтырады. Қай кезде де адамгершілікке баулиды. Сондықтан қай заманға да тап келетін жырлары мәңгі жасайды дер едім.»
Әдеби кешке жиналған топ ақын өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер баяндамалар оқып, Абайын бірауық еске алды. Құрметін жеткізді. Айта кетейік, облыс көлемінде ұлы қаламгердің құрметіне орай ауқымы кең іс-шаралар ақынның туған күнінде, яғни, 10-тамыз күні өтеді деп жоспарланып отыр.