«Доп тепкенімізбен, жанымыз нәзік»

«Футбол – Қазақстанда дамымаған, үнемі артта келеміз» деген пікірді ел санасына құйып алған. Бірақ, біздің аяқдопшылар бұл сөздің бұрыс екенін дәлелдеп келеді. Әрине, бірден асу белестерді бағындырмаса да талпыныс бар. Бұл – ерлер футболындағы жағдай. Қыздарымыз да жоғарыдағы көзқарасты жоққа шығару үшін алға ұмтылуда. Әсіресе шымкенттік «БИИК-Қазығұрт» қыздар клубы футболшыларының ақтөбеліктермен болған кездесуіндегі көрсеткішінен соң бұлай демеске болмайды. 20:0 есебімен жеңіске жеткен шымкенттік қыздардың бұл нәтижесі, әрине, жаттығу жұмыстарының арқасында. Осы ретте біз «БИИК-Қазығұрт» командасының жартылай қорғаушысы, ұлттық құраманың капитаны, республика бойынша «2013 жылдың ең үздік жартылай қорғаушысы» номинациясының иегері Бегайым Қырғызбаеваны әңгімеге тарттық. Айта кетейік, футболшы Бегайым «Ақтөбе» командасымен кездесу барысында 2 голдың авторы атанып, әріптестеріне 5 рет гол салуға пас шығарып берген болатын.

32-002

– Бегайым, бізде қыздардың алаңда доп тебуі сирек кездеседі. Көбі спорттың жеңіл атлетика, жүзу деген сияқты түрлерін таңдап жатады. Ал сізге мұндай таңдау жасауыңызға не себеп болды? 

– Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде волейболмен айналысқанмын. Кезекті жаттығулардың бірінде қолымды сындырып алып, спорт залынан біраз алшақтауға тура келді. Тағдырдың жазғаны шығар, қолым дұрыс бітпеді. Ағам бұрындары футболшы болған. Жаттығу жұмыстары кезінде жолдастық кездесу өткізген соң біздің елде қыздар арасындағы бұл ойынға мән беріліп келе жатқанын байқап футболға баруыма ұсыныс жасады. Спорт және туризм академиясы қыздарының жаттығуларына қосылып, ойынға араласа бастадым. Осы сәтте бапкерім мені бірден қабылдап, небары екі айдың ішінде команда құрамына мүшелікке іліктім. Содан бері 10 жыл уақыт өтіпті.

– Бұл таңдауыңызды айналаңыздағылар қалай қабылдады?

– Алғашында қарсылық білдіргендер көп болды. Әсіресе анам менің бұл таңдауыма түбегейлі қарсылық танытты. Тіпті жаттығуға жібермейтін. Соған қарамастан амалын тауып, жаттығудан қалмауға тырысып жүрдім. Анам менің футболшы емес, биге қатысуымды, кейінірек тіл маманы немесе дәрігер болуымды қалаған. Бірақ, жүрегім футбол деп соққан соң өз дегенімді жасауға тура келді. Содан бір күні бапкерім анама жолығып, «…қызыңыздың болашағына балта шаппаңыз. Бегайым – футбол үшін жаралған, болашағы бар. Мұндай қарқынмен құрама капитаны бола алады» деп айтыпты. Осы сөзден кейін анам тереңінен ойланса керек, батасын беріп, әрбір ойында жеңіске жетуіміздің тілекшісі болып келеді. Сондай-ақ ұстаздарым да футболға баруымды құптамады. Мен мектепті үздік бағамен оқыдым. Тіпті қызыл аттестат алғанмын. Жарыстарға барып жүргенімде сабақтан жиі сұранатынмын, сол кезде сынып жетекшім «Біздің елде футбол дамымаған, әлі де кеш емес. Таңдауыңды өзгерт» деп айтқан болатын.

– Әр спорттың өзіндік қиыншылықтары мен қызығы болады. Сіз үшін футбол несімен қызық?

– Кез келген спорт физикалық тұрғыда көптеп күш жұмсауды талап етеді. Өзіндік ауыртпашылықтары да бар. Бірақ футбол ауыр атлетика, күреске қарағанда жеңілірек. Бастысы, жаттығу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу қажет. Қызығына келсем, әсіресе гол салған сәттегі қуаныш, бойдағы күш-қуаттың артуы… қысқасы сол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрбір салынған гол футболшының тынысын ашады деп айта аламын. Сонымен қатар жанкүйерлердің қолдауы да әрбір футболшы үшін ерекше күш-жігер сыйлайды.

32-004

– Туып-өскен жеріңіз туралы айта өтсеңіз… 

– Мен Жамбыл облысы, Қордай ауданында 1987 жылы туғанмын. 1991 жылы Алматыға қоныс аудардық. Ата-анам, бауырларым сонда тұрады. Шымкентке келгеніме 3 жыл болды. «БИИК-Қазығұрт» футбол клубының базасында тұрамын. Жаттығу жұмыстары да осында өтеді.

– Бұған дейін «Алма-КТЖ» футбол клубының құрамында болдыңыз. Өзіңіз тәрбие алған командаға қарсы ойнау қиынға соқпай ма? 

– Алғашында қиын болғанын жасырмаймын. Бірақ, бұл — спорт. Бәрінің көздегені жеңіс болған соң достықты ұмытып кетесің. Алматылық қыздар біздің клубтан өзге командалармен алаңға шықса, міндетті түрде «Алма КТЖ»-ға жанкүйер боламын.

– Шымкент пен Алматы жұртшылығының қыздар арасындағы футболды қабылдауы қалай?

– Шымкенттіктердің футболға деген қызығушылығы аса жоғары екен. Жанкүйерлер саны да көп. Алаңға шыққанда қолдау көрсетіп отырады. Әсіресе ресми ойындарда көрсеткен қолдаулары футболшы қыздарды кәдімгідей жігерлендіреді. Жеңіске жетсең, гол салсаң, ескеріп, сый-құрмет көрсетеді. Шымкенттіктер тек спортта емес, барлық жағынан жан-жақты. Қонақжай, сонымен қатар мұнда қымбатшылықтың салқынын сезбейсің.

– Қымбатшылық деп қалдыңыз, соған қарағанда жалақы мәселесі мазалайды-ау?

– Жоқ, айырмашылық деген соң айтқаным ғой. Жалақым жақсы, бірақ келісімшарт ережесіне сәйкес оны құпия сақтауға міндеттімін.

– Қыздар арасындағы футбол жанкүйерлерінің көбінің көкейінде жүрген сауал деп ойлаймын, нәзік жандылар ойын барысында неге жиі айқайлайды? 

– Бұл жағына мән бермеппін. Бір білерім, біз алаңда доп тепкенімізбен, жанымыз қашанда нәзік болып қала береді ғой. Қанша батыл көрінгенімен, болмашы нәрседе көз жасына ерік беріп қоямыз. Қысқасы, эмоцияға берілгішпіз. Ал ерлер бәрін ішінде сақтайды.

– «Ордабасы» футбол клубының ойындары туралы не айтасыз?

– Сын немесе кеңес айтатындай дәрежеде емеспін. Ондағы жігіттермен жақсы араласып тұрамын. Барынша талпынып жүр, ойындары да жаман емес. Ел бойынша орташа командалардың бірі. Шынымды айтсам, оларды жоғары лигадан сытылып қалады деп елестете алмаймын.

32-003

– Қай футбол клубына жанкүйерсіз және кімге еліктейсіз? 

– Қазақстандық командалар ішінде жерлестерім — қайраттықтарға жанкүйерлік танытамын. Әлем чемпионаты кезінде Аргентина, Португалия құрамаларына жанкүйер болдым. Криштиану Роналду, Лионель Месси және Зинедин Зиданның ойындарын бақылап, соларға еліктеймін.

– Айтпақшы, жақында ақтөбелік қыздарды 20:0 есебімен ойсырата жеңдіңіздер. Бұған дейін де талай клубты айқын басымдықпен артта қалдырып, тіпті былтырғы жылы ел чемпионы атандыңыздар. Белсенді ойыншы, ұлттық құраманың капитаны ретінде айта кетіңізші, футболда жеңіске жету үшін нені басты назарда ұстау керек?

– Жаттығу жұмыстары әлбетте бірінші кезекте. Бапкердің біліктілігі де рөл атқарады. Осы ретте бапкерім Калоян Петковқа алғыс айтамын. Сонымен қатар команда мүшелерінің бір-біріне деген дұрыс қарым-қатынасы, татулығы да жеңіске жетуге жетелейді. Ауызбіршілік болмаған жерде жеңіске жету былай тұрсын, гол салудың өзі қиын. Құдайға шүкір, біз бір-бірімізбен бір үйдің балалары секілді қарым-қатынастамыз. Ойын барысында мүмкіндігін жіберіп алса, басу айтып, қолдау көрсетеміз. Ақтөбелік қыздарда мұндай қасиет жоқ деп айта алмаймын. «Ақтөбе» — жас команда. Бағындырар белестері әлі алда. Бастысы талпыныстары жаман емес.

– Сіз ойнайтын клуб чемпиондар лигасына жолдама алғанын білеміз. Басты қарсылас деп қай елдің қыздарын айта аласыз?

– Бұл сынға іріктеуден өткен барлық клуб кілең мықтылар. Бәрінің тәжірибесі жеткілікті. Соның ішінде Германия, Франция және Испания елдері ойыншыларының тәжірибесі аса мол, алаңда қолданатын айла-тәсілі мен техникасы жоғары деңгейде. Олардан үйренеріміз көп. Әсіресе германиялық қыздар ойынды өте жоғары деңгейде, құдды ерлер секілді ойнайды. Осы жағына мән беру қажет.

– Команда жанкүйерлеріне қажет мәлімет ретінде алдағы матч кестесімен бөлісе кетсеңіз…

– Тамыз айының 9 және 11 жұлдызында көкшетаулық қыздармен сырт алаңда кездесу өткіземіз. Ал 11 тамызда чемпиондар лигасындағы ойын кестесі белгілі болады. Басты мақсатымыз — осы лигада жоғары көрсеткішке қол жеткізу болып отыр. Ал ұлттық құрама қыркүйек айында австриялықтармен кездеседі. Матч Шымкентте өтеді.

– Ендеше, сәттілік. Әңгімеңізге рахмет!

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №32, 06.08.2014