Кешегі сенбіде Шымкенттегі «Биік» футбол орталығына доп тебуге барған едік. Сәлден соң жасыл алаңға көк жейделі жігіттер шығып, жаттығу жасай бастады. Бойлары біркелкі, денелері шыныққан жігіттерді көзім шалып, бұл қай команда болды екен деп, жақынырақ бардым. Көп жігіттердің арасынан «Ақтөбе» футбол командасының шабуылшысы Абат Айымбетовты бірден таныдым.
Аздаған жаттығудан соң құрама жігіттері «квадрат» ойынын бастады. Біздер мұны бала кезімізде «Күшік ойыны» деп атайтынбыз. Ойынның шарты бойынша төрт бұрышта тұрған футболшылар допты бір-екі реттен теуіп, ортадағы ойыншыға бермей, бір-бірімен пас ойнайды.
Ұлттық құраманың жаттығуына қызыға қарап, жарты сағаттай тұрдым. Қастарына барып, суртке түскім келді. Алайда жаттығуларына кедергі жасарымды біліп, ол райымнан қайттым. Десе де, Қазақстанның жастар құрамасы нақ Шымкенттің жасыл алаңында жаттығу жасағанына іштей риза болым. Осы тұста көкейімді мақтаныш сезімі кернегі анық!