30-тамыз — Конституция күні. Бұл күн былтырдан бері «Қазақстан Республикасының мерекелері» заңына сәйкес мемлекеттік мерекелер тізіміне енген болатын. Осылайша Конституция күні- барлық Қазақстан халқы мерекелейтін жалпы мемлекеттік мейрамға айналды. Мемлекеттік мерекені атап өтуде Оңтүстік жұртшылығы жеті күн бұрын бастап кеткен. Бүгін Тәуелсіздік саябағында Конституция күніне арналған салтанатты шара өтті.
Мемлекеттің ең қымбат қазынасы — адам және оның өмірі, денсаулығы, құқықтары мен бостандықтары. Ата Заңымыздың бірінші бабында осылай деп жазылған. Тоғыз бөлім, 98 баптан тұратын Конституция мемлекетіміздің негізгі заңы. Елдің қорғаны — алтын заңымыздың 34-бабында «Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауды, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абырой мен ар-намысын құрметтеуге міндетті» делінген. Конституция мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары. Кемел келешегіміздің кепілі.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=xDDKHBNlJj4[/youtube]
Мұқан Омаров, қала тұрғыны: «Ата заңымыз -ардақтымыз. Әр адамның құқығын қорғап, елдігіміздің еңсесін биік етті. Тыныштығымыз да, бірлігіміз де, ынтымағымыз да осы Ата Заңымыздың арқасында.»
Тәуелсіздік саябағына жиналған жұрттың көңілі көтеріңкі. Патриоттық тақырыпта шырқалған ән салтанатты шараға сән берді. Мінберден сөз алған ел ағалары көпшілікті мерекемен құттықтады. Жастар да жиыннан тыс қалмады. Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктің барлығы Ата Заңымыздың арқасында деп үн қосты.
Мұхамедәли Мұратов, Кентау қаласының тұрғыны: «Жастарға жасалған жағдай, жан-жақты білім алуға жасалған жағдай — мұның барлығы Тәуелсіздігіміздің арқасында. Ал тәуелсіздігіміздің тірегі — Ата Заң. Оны құрметтеу, қадірлеу — әр адамның міндеті. Жатқа біліп, әрбір қағидасын қадыр тұтсақ, мәңгілік елдің тұғырын биіктетеміз.»
Конституция күні — Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық өмірінде мән мен маңыздылығы жағынан ерекше орынға ие, халқымыздың ең жоғарғы дәрежеде атап өтетін басты мерекелерінің бірі. Осыны ескерген қаладағы мәдени орталықтың өкілдері арнайы көрме ұйымдастыруды да жөн көріпті.
Гауһар Төлепова, «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығының төрайымы: «Еліміздің тыныштығы, отбасымның берекесінің ұйытқысы — осы Заң. Конституция күнін атап өтуді біз дәстүрге айналдырғанбыз. Өзге мерекелерден айбыны айрықша. Көрмені ұйымдастырып, ұлттық дүниелерімізді дәріптеу — мерекеге өз үлесімізді қосқанымыз.»
Мемлекетіміздің Ата Заңы халқымыздың тәуелсіз ел болуды армандаған мүддесін заң тілінде айшықтаған, әлемге адамзат ғаламына Қазақстан деген мемлекет бар екенін паш еткен құқықтық құжат болып табылады. Осы Конституциямен еліміздің мемлекеттік тұғыры нығайды, оның басқару тетігі бір жүйеге келді.