Манкенттен өткен Қазақстан және Қытай арасындағы газ құбыры жергілікті дихандардың жерінен ені 50 метр кесіп өткен. Бірақ қолдарында келісім-шарт жоқ. Өтемақыны бірі алған, бірі алмаған. Бірі жартылай алған. Шағымданып, жергілікті әкімшілікке барған шаруалар ешқандай нәтиже жоқ дейді.
Егін егіп, жан бағып жүрген жандардың бірі — 70 жастан асқан Шерматов Пахритдин ақсақал 2 гектардан астам алқапқа бидай еккен. «Былтыр астығым пісуге шақ тұрғанда, жерімді айдап, газ құбырын жүргізді. Содан бері келтірілген зиян үшін өтемақы ала алмай, әкімшілікке барудан табаным тозды» дейді қарт.
Шерматов Пахритдин, дихан: «Әкімшілікке барам, маманым келсін дейді. Маманы арқамнан қағып, «Көп ақша шығартып беремін» дейді. Ешқандай нәтиже жоқ. Енді қайда барарымды білмеймін.»
Рахматулла Мәкәмбаев, дихан: «Әкімшіліктегі балаға айттым. «Шақырсай жасаған адамды» дедім. «Ертең кел» деп, сол күйі жоқ болып кетті.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Bwo7fQ1HaMo[/youtube]
Мәселенің мән-жайын білу үшін Сайрам ауданы, Манкент ауылдық әкімдігіне бас сұқтық. Мұндағылар газ құбырының құрылысымен алматылық компания айналысқанын айтады.
Бахадыр Анарметов, Манкент ауыл әкімдігі аппаратының бас маманы: «Олар тізімге енбей қалған шығар. Тізімге енгендердің барлығы ақшасын алып қойды. Енді тізімге енбегендермен келісім-шарт жасасып отырмыз. Тізім бар, бірақ қазір электр жарығы жоқ. Бәрі компьютерде жатыр ғой.»
Нақты мәліметті айтуға жарықтың жоқтығын сылтау еткен маман жарық берілгенде «Менде ақпар жоқ» деп, теріс айналып кетті. Қолдарында келісім-шарты жоқ дихандар енді қашан және қалай өтемақы алары белгісіз.