«Пәтерде отырып, газ баллонын пайдаланып келеміз.» Осылай ашынған «Нұрсәт» шағынауданының тұрғындары қаланың қақ орталығында отырып, өркениеттен жұрдай. Таяуда пәтерлердің бірінде газ баллоны атылып кете жаздапты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Cx1s3R07rkw[/youtube]
Жергілікті тұрғын Гүлнұр Маймақова су жылытқан сайын жанын шүберекке түйіп жүреді. Пәтер иесі газ баллонын амалсыз пайдаланады. Көп қабатты үйге көшіп келгеніне жылға жуықтаса да Нұрсәттегі осы үйге мемлекет табиғи газды қоспай-ақ қойды.
Гүлнұр Маймақова, тұрғын: «4-қабаттағы көрші де газ баллонмен отырады. Өткенде үйінде өрт шықты. Тамақты қойған. Газдан от шыққан. Қас пен көздің арасында. Әзер дегенде өшірген. Егер 5 минут кешіккенде осындағы 3-4 пәтер жарылар еді. Сонда оған кім кінәлі болады?»
Табиғи газдың шарапатына Нұрсәттегі № 122 және 123 үйдегі тұрғындар қол жеткізе алмай отыр. Мұндағы 50 отбасының 80 пайызы газ баллонын қолданса, қалғаны электр қуатына иек артады. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша үйлі болған тұрғындардың ипотекалық шығыны онсыз да аз емес. Қалада тұрды деген аты болмаса, мұндағылардың тұрмыс тіршілігі ауылдағымен бірдей.
Қос үйді паналаған тұрғындардың пайыздық үлесі 95-ке жетпей «Қазтрансгазаймақ» мекемесі мұнда көгілдір отынды қоспайды. Қалалық құрылыс бөліміндегілер осылай дейді. Ал қазіргі қоныстанған халықтың үлесі 70 пайыз ғана. Не істеу керек?
Бақытжан Егізбаев, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі: «Үй төрайымы барлық пәтерлердің иелерінің құжаттарын жинап, «ҚазТрансГазАймаққа» барып, абоненттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ол үшін әр тұрғын өзінің атынан дербес шот ашуы керек. Осы жұмыстардан соң «ҚазТрансГазАймақ» тарапынан көгілдір отын беріледі.»
Сөйтіп, ендігі іс тұрғындардың қолында ғана. Өйткені, мемлекеттен жасалатын жұмыстың барлығы бітіпті. Тек пәтер қожайындары жиналғанша нұрсәттіктерді Құдай сақтасын деңіз. Өйткені, мұндағыларға газ баллонсыз күнелту өте қиын.